13.11.2019, 11:05
Оқылды: 485

Тойың қалай, туысқан?..

Қуанышын көппен бөлісуге әр кез пейілді қазекемнің болмысындағы ғажап қасиетінің бірі – той жасау. Иә, тойды аса жақсы көретін халықпыз, жаратылысымыз сондай. Шаңырақтың шаттығын, балаларымыздың жетістігін, әулетіміздің қуанышын жұртқа жария қылғымыз кеп тұрады. Жан толқытар жақсылығымызды үнсіз қабылдап отыра алмаймыз. Бұл, сірә, ұлттық ерекшелігіміз болса керек.

Қуанышты бөліссе, көбейеді деп қоямыз. Той барысында ағайын-туысқанның тілегін, батасын, жанашырлығын танимыз. Ықыласқа мелдектеп, асып-тасып кетеміз. Өмірдің бір қызығы осы!

Сондағы түпкі мақсат – елдің батасын алу. «Батамен ер көгереді», «Қырықтың бірі – қыдыр, мыңның бірі – уәлі» деп жатамыз. Жақсылығымыз бен жаңалығымызды көптің батасымен көркейту, ұзағынан сүйіну – тойдың негізгі мұраты.

Бүгінгі тойларымыз осы мақсатты ғана көздей ме? Әлде, тойларда басқа да мүдделер көзделе ме? Жолдан қосылған жанама кәделер, халық танымында жоқ жоралғылар нені білдіреді?

toi

Көрген көзде кінә жоқ, бүгінгі тойлар бұрынғы патша ағзамдардың тойынан кем өтпейді. Ас та төк, шайқа да сапыр. Ырыстың жауы – ысыраптың бәрі осында. Әке-шешенің міндеті болған соң, «жұрттан қалмаймызды» желеу етіп, миллиондап несие алып, ең кемі екі есе етіп қайтарып жатады. Тойхананы жалға алудың бағасына қарап, қымбатына ұмтыламыз, бәрі сол әлгі жалған намыстың ындынын басу үшін, бала мен келіннің өздеріне жұмсалатын қаржының өзі біраз, киімі мен көлігін қосқанда... Мейлі делік, солай-ақ болсын, арманы орындалған әке-анаға ақыл айтудан аулақпыз, бірақ ысырап екені анық. Ол аз болса, кейінгі уақытта тілек айтқанның иығына шапан мен шарқат жауып, құр қол қайтармау деген жоралғы пайда болыпты. Бұл не үшін екені белгісіз.

Жалпы, қазекем тойға шашу әкеледі, бұл бұрыннан бар. Қашанда үйге үй қосылып, елдің көбейгені халқымызға жаққан жақсылық. Сол жаңа тігілген отау малды болсын, ыдыс-аяқты, керек-жарақты болсын деген жана­шырлық тілек. Мал атап, тұрмыс­қа қажет керек-жарақты, тіпті күйлі немесе шебер ағайын киіз үйді тарту ететін болыпты. Бүгінде де солай, тойға шашу әкелінеді, әркім өз ықыласын осылай білдіріп жатады. Бірақ ағайынның бұл ықыласы банктерден алынған несиенің өңешінде кетеді. Той жасауға алған несие тойға әкелген ағайынның шашуын жұтады, жетсе мейлі ғой, жетпесе ше? Содан соң екі жас қашан аяққа тұрып кеткенінше сол әке-шешенің мойнына мінеді.

Тағы бір ескеретін жайт – тойдағы рәсімдер. Бұрынғы мен бүгінгіні салыстырар болсақ, бұрынғының рухани мағыналы тұстары көп болған екен, біріншіден, келін үйге түседі, үйде беташар рәсімі жасалып, отқа май құяды, яғни осы ошақтың отын жағамын, осы әулеттің отын өшірмеймін деген ниет. Босағадан аттап, шаңыраққа сәлем етеді, бұл да бұдан былай мен осы үйдің адамымын, осы шаңыраққа қызмет етемін дегенді білдірсе керек. Үлкендердің бата-тілегі де үйдің ішінде беріліп, барша айтылған ізгі ниет пен ықылас шаңырақта қалады. Тұла бойы шымырлап, аттаған босағаның енді өзінікі екенін, әулетке келін болғанын барша болмысымен түйсінген келін де сол өмірге икемделе бастайды, босағасын тастамайды.

Ал қазіргі келін көп жағдайда бірден тойханаға келеді. Сол жерде беті ашылады, сол жерде сәлем салынады, сол жерде бата беріліп, тілектер айтылады. Той біткен соң айтылған тілек, бата, салынған сәлем мен сыйластық сол тойханада қалады. Сосын далаға түскен келін далаға қашатын болады. Мүмкін қазіргі заманның көзімен қарағанда, бұның жастардың өміріне еш қисыны жоқ шығар, бірақ бүгінгі күннің жастарының жиі ажырасып жататыны баршаға аян.

Тойды байлық жарыстырудың бір жолы етіп алған кейбір отандастарымыз даңғой дарақылыққа баруда. Мысалы, Шымкент қаласында былтыр өткен бір тойда жастарға тартылған той тортының биіктігі 4 метр, салмағы 2 тонна болыпты, ал бағасы 59 млн. теңгені құраған. Бұдан артық ысырап болуы мүмкін бе? 2 тонна тортты барша тойға жиналғандардың жеп тауыса алмасы анық, сонда бұл не? Осыны негізге алған сарапшылар бұған кеткен қаржыға 3 бөлмелі төрт пәтер немесе 20 автокөлік алуға болады деп отыр. Мұндай ақшаны табу үшін қатардағы қызметкер адам 82 жыл еңбек етуі керек екен.

Тойға алыс-жақын шетел әншілерін шақыртатындар да ақша шашудан «ерлеп» тұр. Ресейдің Киркоровы мен Өзбекстанның «Ялласын» тойыңа келтіру үшін 30 мың долларды санап бересің, осыны істеп жүргендер елімізде баршылық. Бұл қаржының елімізден кетіп жатқанын ескеретін болсақ, бұл даңғойлық пен әсіре ысырапқа заң жүзінде тоқтау салудың қажеттігі білінеді. Бұлай деуге кейбір басқа елдердегі тәжірибелер ой салады. Мысалы, Тәжікстан мен Түркияда шектен тыс ысыраппен той жасағандар­ға тәртіп қатаң көрінеді. Айталық, Тәжікстанда мұндайға бірінші мәрте жол бергендерге 4 мың доллар, екінші рет қайталанса 5700 доллар айыппұл салынады екен. Түріктерде арнайы рейдтер жүр­гізіліп, тойдың үстінде артық тәттілер тәркіленеді. Ал өзбек елінде тойханалар аудан хакімінің қарарына сәйкес өтетін тойға ғана тапсырыс қабылдайды. Тойды жергілікті бекітілген АХАЖ-да ғана тіркеліп, әкімшіліктің шығарған нұсқаулығына сәйкес жасайды.

Бүгінде елімізде белең алып тұрған арынды атаққұмарлық пен іркусіз ысырап туралы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев твиттер парақшасында «бізге атаққұмарлық пен ысырапшылдықтан құтылатын жаңа үлгі қажет» деп пікір қалдырған еді. Бұл – ел болып қолдайтын мәселе. Себебі статистика бойынша елімізде 6 млн.-нан астам адам несиеге тәуелді. Солардың 85%-ы
несиені той жасауға алған екен.

Қанағатты қанына сіңген қағида еткен қазекем бұрында «Бұдан жаманымда да тойға барғам» деп пейілді кеңге салып, апшымайтын еді. Ал бүгінде әсіре, атақ құмарлық тойханаға тікұшақ қондырып, көлік кіргізетінге дейін жетті.

Ұрпағымызға ешқашан шеті мен шегі көрінбейтін ашкөздікті, даңғаза, дарақы ысырапшыл­дықты емес, ұлттық құндылығымыз, салт-санамыз бен жол-жорамызды ұлағат етейік, ағайын!

Сіз не дейсіз, тойың қалай, туысқан?..

...қазіргі келін көп жағдайда бірден тойханаға келеді. Сол жерде беті ашылады, сол жерде сәлем салынады, сол жерде бата беріліп, тілектер айтылады. Той біткен соң айтылған тілек, бата, салынған сәлем мен сыйластық сол тойханада қалады.

Қаршыға Елемесов

 Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале