27.12.2016, 12:21
Оқылды: 51

Төрт жылқыны атып алған ұрылар қолға түсті

jilkini-atip-ystagandar-ystaldi  22 желтоқсан күні сағат 07.00 шамасында Ақжайық ауданы Жаңабұлақ ауылдық округіндегі учаскелік полиция инспекторына бір тұрғыннан ауыл жанынан күдікті ақ түсті джип автокөлігінің өтіп кеткендігі жөнінде хабарлама түскен.


  БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, осы ауылдық округте мал ұрлану дерегі тіркелгендіктен, аталған инспектор аудандық ішкі істер бөлімі арқылы жақын аудандар мен облыстың жол-патрульдік полициясы батальонының жеке құрамына жедел бағыт-бағдар берген. Полицияның күшімен Орал-Атырау күре жолы және Орал қаласына баратын барлық жолдар жабылып, таяу маңдағы елді мекендер тексерілді.

  Жедел іздестіру шаралары барысында Орал-Атырау жолынан 11 шақырым жерде орналасқан Өркен ауылының тұсында патрульдік автокөлікті көріп, жасырынбақшы болған екі күдікті ұсталды. Олар «Тойота Ланд Крузер» автокөлігі мен үшінші күдіктіні қайда қалдырып кеткендігін айтып берген. Бұлардың бәрі де 25-27 жастағы облыс тұрғындары болып шықты.

  Автокөлікті тексерген кезде атылып алынған төрт жылқының бөлшектелген еті, ішкі істер органында тіркелмеген аңшы мылтығы табылып, тәркіленді. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Жәбірленуші мен оған келтірілген материалдық шығын көлемі анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 188-бабы 3-бөліміне сәйкес (ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, қылмыстарын мойындау үстінде.

   Қазіргі уақытта олардың облыс аумағында жасалған басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы қоса тексерілуде.

Елжан Ералы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале