30.03.2018, 18:48
Оқылды: 65

БҚО: Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жұмыстарына 97,5 млн. теңге қаралған  

 

2Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен облыстық су тасқынына қарсы штабтың кезекті отырысы өтті. Онда бір апта бұрын өткен штаб отырысында су тасқынының алдын алу шараларына қатысты берілген тапсырмалардың орындалуы және қауіп төндіретін учаскелерге қатысты қандай жұмыстар атқару қажеттігі  пысықталды.

Алдымен ауа райы және су тасқыны болжамы бойынша «Қазгидромет» РМК БҚО филиалы директорының орынбасары Данияр Исмурзин баяндама жасады. Оның ұсынған мәліметіне сүйенсек,  өңірде қаңтар-ақпан айларында қар аз жауды, сондықтан жердің тоңы тереңдеген.

- Өңірдегі тоңның қату тереңдігі  15 наурызда Орал қаласында 129 см болса, қазір 126 см, Шыңғырлауда екі апта ішінде 137-ден 127 см-ге түскен. Кей жерлерде тоң жіби бастаса, кейбір жерлерде керісінше көрініс байқалады. Мысалға, Дариян метеостансасында тоң тереңдігі 2 см-ге өсіп, 119 см-ге, Федоровкада  тоң 80-нен 86 см-ге жетті.  Ал қар қабатының қалыңдығы Январцев ауылында 51 см болса, ең төменгі көрсеткіш Шыңғырлау мен Жаңақалада 20 см. Ал облыс орталығы Оралда қар қалыңдығы 35 см шамасында,   Тайпақта-29,   Жәнібекте  - 95, Бөрліде - 105, Январцевта - 103, Ақсайда 83 сантиметрді құраған. Өзендердегі мұздың қалыңдығы түрліше 7 -74 см аралығында.  Бүгінде Қалдығайты өзенінде су деңгейінің көтерілуі - 62 см, Утва өзенінде - 43 см. Өзге гидропосттарда су деңгейінің көтерілуі айтарлықтай емес, тәулігіне 4 см көтерілгені тіркелген. Орал қаласы тұсындағы Жайық өзеніндегі мұздың жарылуы 8-13 сәуір аралығында болады деп күтілуде. Қазір қала тұсындағы өзеннің мұз қабатының қалыңдығы 39 см-ны құрайды. Жайық өзенінің су деңгейінің көтерілуі 500-600 см болады (орташа межесі 591 см жағдайында)  деп күтілуде.

4- Бүгін  «Қазгидрометтің» орталық апппаратынан келген мәлімет бойынша, облыс аумағында 31 наурыз - 6 сәуір аралығында күн жылынуына,  қардың еруіне, жауын-шашынның түсуіне және ауа температурасының көтерілуіне байланысты су қоймаларында мұздың еруі, су деңгейінің көтерілуі және су тасқыны болуы ықтимал, - деп ескертті Д. Исмурзин.

Басқосуда БҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысы Жаслан Жұмашев су тасқынының алдын алу шаралары туралы баяндады. Аталмыш департаменттің жедел тобы өзендердегі ықтимал су тасқыны жағдайына күн сайын мониторинг жасап отыр. Бұл жөніндегі ақпарат тұрғындар үшін аталмыш департамент сайтына салынады.

Баяндамашының айтуынша, Атырау облысынан алынған мәлімет бойынша Атырау қаласы тұсындағы Жайық өзенінде мұз еріп, қозғала бастаған. Тайпақ ауылы тұсындағы Жайықтың мұз қабаты қарайған. Өңірде қар шығару жұмыстары жалғасуда. Бүгінде 502 мың текше метр қар шығарылып, 16765 текше метр қар суы сорылды. Өзендерде мұз кептелісі болмауы үшін 215 мың шаршы метр ауданнан 34346 ойық ойылды.

15Облыс әкімі департамент басшысынан мұзды жарған немесе мұзды кескеннің қайсысы тиімді екенін сұрап, нақтылады. Ж.Жұмашевтің айтуынша, мұзды жарғаннан гөрі кескен тиімді. Өйткені қаржы үнемделеді, уақыт көп жоғалмайды әрі қоршаған ортаға залалсыз. Мұзды жару тек қиын жағдайда ғана жүргізіледі.

Сондай-ақ республикалық маңызы бар автокөлік жолдарындағы барлық су өткізгіш тұрбалар тазартылып, ашылған. Ал жергілікті маңызы бар жолдардың 86 пайызы тазартылды.  Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Наурыздың 25-інен бастап облыстағы барлық азаматтық қорғаныс жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілді. Осы режим әлі сақталады. Бірінші наурыздан бастап департаментте облыстық штаб тәулік бойы кезекшілік етеді. Күнделікті жедел ақпарат басқару органдарына, тұрғындарға департамент сайты арқылы жеткізіліп отыр.

Төтенше жағдайлардың алдын алу және оны жою жұмыстарына 97,5 млн. теңге қаралған. Соның 5,8 млн. теңгесі игерілді. Департамент басшысы өзендердегі қауіпті деген жерлердің анықталып, оларға кезекшілік қойылғанын және алдағы уақытта төтеншеліктердің қызметі үш аусымда жүргізілетінін жеткізді.

Облыс әкімі төтеншеліктердің басшысына ықтимал су тасқыны жағдайының басқа да жағдайлары, соның ішінде мұз үстімен су жүру, мұз кептелісі болуын ескеруді тапсырды. Күннің жылынуына байланысты су қоймаларындағы мұздың астын су жеп, үстін жел мүжіп, күн сайын жұқарып жатқанын, сондықтан адамдарға сақтық шараларын сақтауды, мұз үстімен жүрудің қауіптілігін жеткізуді шегелеп тапсырды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Фото Темірболат Тоқмамбет

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале