4.08.2020, 11:34
Оқылды: 80

Трактор айдаған ару

Жания Камешқызымен жұмыс барысында таныстық. Аса ауыр қылмыс орын алып, сол істі зерттеп жүргенде онымен тілдесудің реті келген еді. Мамандығы – заңгер. Атамекен ауылының түлегі. Бала кезінен алғыр, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінез әділдікті жақтайтын заң саласы маманы болуға үндеді.

580FEDAE-00AB-43A0-8418-1E8F68B31907

Көпбалалы, қарапайым отбасында өскен кейіпкеріміз 6,7-сыныпта оқып жүріп, болашақта қандай маман иесі болатынын жақсы білген. Әулеттегі 8 баланың төртеуі қыз болатын. Үш жасар кезінен-ақ анасына шалбар кигісі келетінін айтып, қиғылық салған бүлдіршін сол уақыттың өзінде қайсар мінезімен көрінген. Әкесі мал баққан болса, анасы Қайшаның мамандығы акушер болатын. Бүгінде бұл дүниеден өткен аяулы жандар оны «өмір» атты теңізде өз бетінше ескек есуге негіздеді. Өсіп, ес жия келе прокурор болуды қалады. Алғаш заң факультетіне барғанда жолы болмады. Өйткені ол кезде міндетті түрде екі жыл ауылда жұмыс жасап, тәжірибе жинау керек деген қағида бар еді. Жания да сол жылы оқуға түсудің реті келмеген соң, өзге ауылда тұратын әкесінің қарындасына тартып кетті. Бұған дейін СПТУ-да КА-700 үйренгені қандай жақсы болған?! Трактор рөліне отырып, оны да әп-сәтте үйреніп алды. Ол апайының жолдасы совхоз фермасында бригадир, меңгеруші еді. Бетінен қайтпайтын қайсар қыз бұл жерде үш түрлі МТЗ-80, Т-40, МТЗ-50 тракторларын екі жыл бойы айдаған екен. Жалпы, осы заңгер болу жайындағы арманы 6-сыныпта оқып жүргенде бүр жарған. Сол кезде кейіпкеріміздің ауылында дүкен тонағандарға қатысты қылмыстық іс қозғалып, ауданнан істің мән-жайын зерттеуге тергеушілер келеді. Олардың арасында туысы да бар еді. Бұл кішкентай Жанияның өмір жолын айқындап кетті. Содан кейін осы мамандық ұнап, өскенде прокурор боламын дейтін ол болашақ жолын сол кезде анық білген. Ресейдің Саратов қаласындағы Заң институтына, Алматыдағы ҚазҰУ-ға барып, бақ сынағанымен, конкурстан өте алмай, жолдамамен Талдықорған қаласындағы заңгерлер дайындайтын техникумға оқуға түседі. Осы аралықта жоғарыда айтып өткендей ауылда қырманда еңбек еткен. Оқушы кезінен байқалған техникаға деген әуестік бұл жұмыста еш қиындық тудырмады. Трактор рөліне оп-оңай отырып, тез жүргізіп кетті. Сөйтіп жүріп институтын тәмамдады. Оқып жүріп, аудандық ішкі істер бөлімінде паспорт үстеліне жұмысқа кірді. Жақын туысы қасындағы қызбен бірге құжат толтыру жұмысына алды. Жазуы жақсы болғасын, адамдардың жеке куәліктерін толтыратын. Аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы мақтау қағазы мен осы бөлімнің штаттан тыс қызметкері деген куәлікті қоса берген. Сол кездегі қуанғанын көрсеңіз.  Пединститутты бітірген соң, сол өзі көмек көрсеткен паспорт столына жұмысқа шақырылады. Жұмысы өте қызықты көрінетін. Әр адамның құжаттарын тексеру т.с.с. жұмыстар оған керемет ұнайтын. «Ол кездегі адамдар сондай адал болды», – деп еске алады бүгінде кейіпкеріміз.

Назгүл Құдабаева деген басшысы жұмыс барысымен қалаға ауысып, орнына Жания Камешқызын қойып кетеді. Сөйтіп, 1997 жылы аудандық паспорт столының басшысы болып, жаңа қызметке кіріседі. Бұл қызметте ол 1992-ден 1997 жылға дейін жұмыс істеген. Аудандағы паспорт режимін тексерген. Нәтижесінде, шалғай ауылда бір отбасының ешбір құжатсыз жүргені анықталған еді. 1994 жылы жаппай құжат ауыстыру кезінде ат-арбамен жүріп, жұмыс істеген кездері де болған екен. Елді мекендерде контор жоқ уақыттарда сол ауылдың беделді, сыйлы ақсақалдарының үйінде отырып, құжат жасаған.

D5A2680F-4B2F-4E80-A7FC-BF2B2A89024F

2000 жылы Қостанай қаласындағы Заң институтына сырттай оқуға түседі. Осы қызметті қоса алып жүргенде, бастығы тергеуші болу туралы ұсыныс айтады. Жания үшін бұл күтпеген ұсыныс еді. Әлі тәжірибесі толықпаған-тұғын. Аздап жүрексінді. Бірақ сессиядан келгенде ішкі істер бөлімнің бастығы: «Әйел адамдардан жақсы тергеуші шығады» деп осы жауапты қызметті ұсынды. Қандай арманы болса да, бұл қызметтің жауапкершілігі оны қорқытты. Бас тартуға тағы болмайды. Бастығы сөзінде тұрып, техникалық жағынан көмектесті. Қатал, әділ болуды үйренді. Осылай қиын көрінген тергеушілікті де оңай игеріп кетті. Әртүрлі жағдай кездесті. Бәрін заң тұрғысынан адал шешуге тырысты. Заңмен жұмыс жасауды үйренді. Еңбегі еленіп, 2006 жылы аға тергеуші болды. Сатылап шені де өсе бастады. Капитан, майор, 2012 жылы подполковник атағын алды. Небір ауыр қылмыстарды тергеді. Тәжірибесі толысты. 2017 жылдан зейнет демалысында. Бүгінде ол аудандық мәдениет бөлімі, Алтынсарин атындағы білім ұясында заңгер.

18 жасынан права алған кейііпкеріміз зейнет демалысына шыққанда ғана алғаш рөлге отырған екен. Айналасына қолынан келген көмегін көрсетіп жүретін ол үнемі өмірдің жарқын жақтарын көреді.

Отбасында асыл жары Мырзағали аға мен бір тал гүлі Жадыра – үшеуі алаңсыз тірлік кешуде. Жадыраның мамандығы – қаржыгер. Заң тұрғысынан сауатты маманның істің ақ-қарасын ажырата алатыны алғаш көргенде анық байқалған. Кейін көршілес тұратындықтан, жиі кездесіп қалатын болдық. Көбіне жеке көлігімен жүреді. Сөйтсек, ішкі істер бөлімінде қызмет жасап, зейнет демалысына шыққан ол үш жылдан бері Орал қаласына жеке көлігімен кісі тасиды екен. Қайыспас қайсарлығымен айналасына ақыл-кеңесін беріп жүретін бірбеткей мінезді Жания Камешқызы бақытты ана, сүйікті жар.

Гүлнар Тасболатқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале