12.04.2017, 16:37
Оқылды: 78

«Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады

Kazbek 02  Президенттің бүгін жарияланған мақаласында еліміздің рухани-идеологиялық дамуының таяу жылдарға арналған бағдарламасы көрсетілгендей әсер алдым.

  Әрине, латын әліпбиіне көшу, ағылшын тілін меңгеріп, әлемнің озық мемлекеттерімен иық теңестіру, арамызда жүрген замандастарымыздың жетістіктерін насихаттау – бұлардың бәрі де келісетін, қолдауға тұратын бастама. Әйтсе де, өз басым жаныма жақын қабылдаған «Туған жер» бағдарламасы туралы айта кетейін.


  Қазақ «Отан отбасынан басталады» дейді. Яғни, Отанды сүюдің іргетасы алдымен туған жерге деген сүйіспеншіліктен қаланады. Сондықтан, мемлекет басшысы ұсынып отырған «Туған жер» бағдарламасы «елім, жерім» деп жүрген әр азамат қолдап алып кетуі тиіс жұмыс болуы керек деп ойлаймын.

  «Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? ...Жалпы, бағдарламаның мәні неде? Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді. Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек. Бұл жерде де көп жұмыс бар. Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады. Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады» деп жазды Президент.

  Жерлестеріміздің назарында шығар, 2012 жылдан бері санаулы азаматтың өз күшімен ғана шығып келе жатқан «DANAkaz» тарихи-танымдық журналының да басты мақсаты – ең алдымен туған жердің тарихын түгендеу, тұлғаларымызды тану, өлке тарихының өшпес парақтарын жаңғырту болатын. Өлкемізде жиі кездесетін, өкінішке қарай соңғы жылдары жаппай тозып, жойыла бастаған, ХVIII-ХХ ғасырларға тән араб жазулы құлпытастарды да зерттеу арқылы баба тарихымыздың бос қалған ақтаңдақтарының орнын толтыруды мақсат еттік. ХХ ғасырдың басында ұлт зиялылары асқан қиындықпен шығарып, қараңғы қазақ қоғамына шырақ етіп таратқан алғашқы басылымдар – «Қазақстан», «Ұран», «Дұрыстық жолы», «Ұшқын» секілді газеттерді де түгендеп, қазіргі әліпбиге аударып, кітап етіп шығарғанда – қазақ зиялыларының, Алаш арыстарының қаламынан туған әр сөз бүгінгі оқырманға сол күйінде жетсін деген ойда болдық. Бұл ой, бұл жұмыс бүгін, міне, Елбасымыздың жаңа бағдарламасынан қолдау тауып отыр.

  Оқырмандарымыз хабардар, жақында ғана 57 мұсылман мемлекетінің басын қосқан халықаралық IRCICA орталығы Батыс Қазақстан өңіріндегі араб жазулы құлпытастарды «біртұтас Ислам мәдениетінің құндылығы» деп жариялап, ағылшын тілінде бірнеше кітап шығаруға ниетін білдірді. Қазақ жерінің, соның ішінде Батыс Қазақстан өлкесінің ХХ ғасырға дейінгі рухани дамуы, діни қайраткерлер мен мешіт-медреселер тарихы бүгінде әлем зерттеушілерін де қызықтырып отыр. Мықты тарихшы жерлесіміз, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин де осы тақырыпта ізденіс үстінде. Осыған орай «Орал өңірі» және «Приуралье» газеттерінде арнайы хабарландыру жариялап, өлкемізде болған діни орталықтар, ишан-қазіреттер туралы ел ішіндегі деректерді жинауға кірістік. Қазірдің өзінде оқырмандарымыздан тың мәліметтер келіп түсе бастады. Халқымыздың ұлттық рухани тарих тақырыбына қызығушылығы күшті, бұл бізді қуантады. Бұл бағыттағы ізденістер Президент мақаласында айтылған: «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деген сөзімен үндес жатыр.

  Біз, қазақтар, рухани отаршылықтың бірнеше кезеңінен өтіп, Құдайдың қолдауымен ғана аман қалған қазақпыз. Әйтпесе біздің қасиет тұтар құлпытастарымыз қиратылып, бордюр орнына немесе іргетасқа төселгені күні кеше ғана еді. Әулиелік орындарымыздың бәрі сүріліп, жойылып, тамыры жоқ қаңбақ халыққа айнала жаздағанбыз. Бірақ, Құдайдың назары түзу екен, міне, барымызды сақтауға, жоғымызды түгендеуге мүмкіндік туып отыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«DANAkaz» тарихи-танымдық журналының редакторы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале