2.07.2020, 14:52
Оқылды: 1918

"Тұмау ма, әлде тұман ба?!"...

Еліміздің ғана емес, бүкіл әлем халқының басына қара бұлттай үйірілген ғасыр індетін алғашында көпшілік келеке жасап, немқұрайлы қарап, ойдан шығарылған ауру деп ойын-күлкіге айналдырды. Сақтанбады! Өзгені де сақтандырмады. Тәртіпке бағынбады. Сауық-сайраннан арылмады! 

unnamed (4)

Ал, қазір кім-кімге де тықыр таянды. Кеше көзіммен көргенімді айтайын. Баспахана аялдамасы тұсындағы дәріханада бір апай тұр шыр-пыры шығып. Қызы қатты аурып қалыпты. Үйден ем алып жатыр, білем. Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті түгел алайын десе, ақшасы жетпей әбігерге және түсті. Әмиянында екі мың теңгесі, карточкасында төрт мың теңгесі қалыпты. Алты мыңға антибиотик келе ме? Сонымен бір-бірден ғана алуға мәжбүр болды. «Ем болсын!» деп дүкенші дәрісін қолына ұстатты. Қазір халықтың көбі осындай халде. Жағдай төмен, көңіл-күй нашар. Бірақ та осындай "күйгелек" күйге бізді кім жеткізді?! Әрине, өзіміз!

Көктемнен бері күпті ойға салынбай, сақтық шараларын жасап, үйде отыра алдық па?! Қонақтық, бесік той, құдалық, садақадан қалдық па? Жоқ! Көңіл қимастық, жақын-жұрағаттың өтінішін жықпастық, заманның түзу кезіндегідей сыйластық орға жығып, тынысымызды тарылтып, самал желді, мөлдір ауаны жұтқызбай, әлекке салып жатқанына қарадық па?! Тәртіпке, талапқа бағындық па, көндік пе?! Пысқырған жоқпыз. Мөлдір ауа деппін-ау, ауаны да, ауланы да, өзен-көлді де ішіп-жеммен, қалдық қоқыспен ластап, бүлдіріп, бар шаруаны тындырып, тып-типыл еттік. Бұрын таңсәріден жуылатын көшелерді де есебі жоқ көліктермен көк ала шаң қылдық. Соңғы уақытта қалада су тапшы. Сағатпен, кезекпен ғана беріледі, көшелерді жуып-шаймақ түгіл! Осының бәрі вирус па, вирус! Ластанған орта өкпені қабындыра ма, әрине қабындырады. Адамзат баласы түгіл табиғаттың да тынысы тарылды. Берекеті кетті.

Оқшауланудың өзі біреуді нәпақасынан, біреуді жеп отырған нанынан, кәсібінен айыру үстінде. Төтенше жағдай шектеліп, дүкендер, базарлар қайтадан ашылды. Сол сәттен жамағат жаманшылықты тез ұмытты. "Мирлан" базарында беті ашық-шашық жатқан сүт, қаймақ, құрт баяғыдай сатылды. Ақшаңды беті жабылмай кәстрөлде тұрған қаймақтың үстінен сатушыға бересің. Ол саған кері артық тиыныңды қайтарады. Қолдарында қолғап та жоқ. Ақша ұстаған саусақтар бал қаймақтың бір шетіне малынып, ағып-тамып... Қарап тұрып тітіркенесің, жиіркенесің. Ол қаймақты кім алып келді? Әуелі сиырдың желінін сулы шүберекпен сүртіп сауды ма? Қолын жуып сүт тартты ма? Құрт жасады ма? Майын адал былғады ма? Бұл тағамнан вирус тарамады ма?! Дәл осы сұрақтың жауабын іздеп тұрып, қаймақтан қағыласың. Алсаң ал, алмасаң қой! Міне, біздегі сауда мәдениеті, санитарлық тексерістің төмендігі, сөреде ашық жатқан тамаққа мән бермейтіні көңіл қыңжылтады. Дәл осындай жайттардан соң пандемия қайдан пайда болды, ақырзаман туды, бұрын болмаған ауру кімдерден келді деп байбалам саламыз. Өзімізді өзіміз ауыртып жатқанымызды ұқпаймыз.

Айта берсек, мәнісі бітпейтін мәселе көп. Дәл қазір "Сабыр түбі – сары алтын" демеске лаж жоқ. Шегінетін жол жоқ! "Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа" дейді. Төзімділік,шыдамдылық, мәдениеттілік, тазалық, адалдық болса ғана барша ел-жұрт аты жаман аурудан аман қалар деп ойлаймын. Үміттенемін.

Тұмау ма, тұман ба?! Алдымызда әлі не тұр күтіп?! Оны ешкімде білмейді. Ендеше, әліптің артын үйімізде отырып баққан дұрыс болар. Ақылға салсақ үйімізге ырыс қонар. Сенің амандығың – өзіңе ғана емес, бүкіл отбасыңа, үрім-бұтағыңа керек. Сенің денсаулығың – айналаңдағы аяулы жандардың да бүгіні мен ертеңі! Сенің сап-сау жүргенің – ұлтыңның болашағы! Біз, осыны ұға тұра, біле тұра неге болашағымызға балта шабуға тиіспіз?! Азғантай ғана халықтың онсызда қамшының сабындай қысқа ғұмырын пандемияға, коронавирусқа жығып беруге тиіспіз?!"... Осының бәрін алғанда, Қара жер қойның тойсайшы-ай?!" - деп Шәкәрім атам күйінгендей, жалт-жұлт еткен бұл өмірден небір жандар кетіп жатыр осы дерттің кесірінен!

Менің айтқым келгені – өмірді бағалайық! Әрбір арайлап атқан ақ таңымыздың қадірін ұғынайық! Көшеге шықсақ, бет-аузымызды тұмшалайық! Бір-бірімізге жарқын өмір сыйлауға асығайық! Саудагерлер сатып тұрған тағамның тазалығына жіті мән берейік. Олардан тазалықты бәріміз талап етейік!

Биыл да қасиетті Қадір түнін қарсы алып, Жайықтың аспанына шұғыласын шашып атып келе жатқан Күнді, ашық аспанды көріп балаша қуандым. Іле-шала суретке түсіріп алдым. Міне, өмірдің қадірін, тірліктің қадірін білу деген осы шығар. "Өмір дегенің бір жарық сәуле екен ғой" деп ақиық ақын Мұқағали айтқандай, кешегі күнге зар болып қаншама отандастарымыз, қандастарымыз дем жетпей ауруханада жатыр. Бәрі де сырқаттарынан айығып, отбасына оралғай. Елімізде ашық аспан мен тыныш заман, үрейсіз, тұмансыз күн мен түн көп болғай!

Мира Шүйіншәлиева,

жазушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале