18.11.2019, 18:06
Оқылды: 112

Тұрғын үй сертификаты кімге беріледі?

Бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс 30-сессиясы өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов қатысты.

dom (5)

Сессияның күн тәртібіне ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму Министрінің өткен жылғы 20 маусымдағы №417 бұйрығымен бекітілген тұрғын үй сертификаттарын беру қағидалары негізінде «Батыс Қазақстан облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы шығарылып, қаралды.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Рүстем Закариннің баяндамасына сүйенсек, ұсынылатын тұрғын үй сертификаттарының мөлшері бастапқы жарна шамасының 50%-ын құрайды, әрбір алушы үшін 1 млн. теңгеден аспайды. Тұрғын үй сертификаттарын алушылар санаты тізбесіне мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеушi отбасылары, "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен марапатталғандар немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы және толық емес отбасылар жатады. Сонымен қатар ҚР Ұлттық банкі бекіткен ипотекалық бағдарлама және ҚР Үкіметі бекіткен Мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасының талаптарына сәйкес келетін денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, ветеринария және агрономия салаларындағы қызмет ететін қажетті мамандарға беріледі. Бұл шешім жобасы қоғамдық бірлестіктердің сараптамалық қорытындысын алған, БҚО қоғамдық кеңесінің отырысында қаралып, мақұлданған.

Халық қалаулылары аталмыш жобаны мақұлдады. Облыста тұрғын үй сертификаты 2020 жылдан бастап беріледі. Еліміздің астанасы Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында тұрғын үй сертификаттарын беру жұмыстары басталған.

Сессияда БҚО бойынша жерлеу және қабірлерді қарап-күту жөніндегі істі ұйымдастыру қағидалары мәселесі қаралып, бекітілді. Бұрын мұндай қағида болмағандықтан, өлілердің мәңгілік мекені қараусыз қалатын әрі мазар тұрғызу бәсекеге айналып кеткен-ді. Баядамашы Р.Закариннің айтуынша, осы қағида бойынша қайтыс болған адамның басына тұрғызылатын үйі мен қоршауы 6 шаршы метрлік қабірге берілген жердің аумағынан аспауы тиіс. Сондай-ақ зираттарды қарап-күту зират әкімшілігіне немесе жергілікті атқарушы құрылымдарға жүктеледі.

Бұдан басқа сессияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі аймақтық комиссияның құрамы бекітіліп, облыстық мәслихаттың 2016 жылғы 8 сәуірдегі №3-3 «Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.

Сессия күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешім қабылдады.

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале