4.09.2018, 10:17
Оқылды: 87

Тырнақ әрлеймін деп ауру жұқтырған…

Сұлулыққа құштарлықтың соңы айықпас дертке ұрындыруы мүмкін. Олай дейтініміз, Оралдағы сән салондарының көбінде санитарлық талаптар сақталмайды екен. Ал тырнақ әрлейтін құрал-саймандарға дезинфекция жасалмаған соң гепатит пен зең ауруын, тіпті ЖҚТБ-ны жұқтыру қаупі бар. Мақаланы жазуымызға екі кейіпкеріміздің оқиғасы себеп болды. Есімдерін өзгертіп жазуымызды өтінген екі кейіпкер де орта жастағы әйелдер. Олардың бірі тырнақ әрлеймін деп ауру жұқтырса, екіншісі, тісін емдетемін деп дертті болған.

Өздерінің оқиғалары қыз-келіншектерге сабақ болсын деген оймен, олар бізге бастарынан өткізген жағдайды бүкпесіз баяндап берді.

– Мен тырнағымды әрдайым әрлетіп, сәндеп жүретінмін. Алайда тұрақты бір  ғана шеберім жоқ. Ыңғайы түскен салонға бара саламын. Кейде сауда орталықтарында орналасқан ашық салондарға да тырнағымды әрлетіп жүрдім. Тіпті бағасы арзан болғандықтан, бір-екі рет үйге келетін маникюршы қыздарға да жасатып көрдім. Бірнеше рет саусағымның еті зақымданып, қанап қалған еді. Мен оған онша мән бермедім. Біраз уақыттан соң тырнақ еті арқылы гепатит жұқтырғаным белгілі болды. Енді қажетті құралдарды сатып алып, үйден өзім-ақ әрлеп алатын болдым. Жеке заттарымды ешкімге ұстатпаймын, – дейді Марал апай.

Иә, тырнақ әрлейтін құрал-саймандардың түрлі тері ауруларына себепкер екенін жұрттың көбі біле бермейді. Расымен, маникюр маманы дезинфекциядан өтпеген қысқашпен қолыңызды байқамай тіліп алса, сіз айықпас дертке шалдығуыңыз мүмкін. Бүгінде жер-жерде тырнақ әрлеушілердің жарнамасы қаптады. Ал олардың барлығы бірдей санитарлық талаптарды сақтамайды. Бұған көз жеткізу үшін түрлі салондарға кіріп, маникюр мамандарынан дезинфекцияны қалай жүргізетіндерін сұрадық. Кейбіреулері тұсаулы аттай кібіртіктеп, тырнақ күтіміне арналған стерилизаторларын көруге рұқсат бермеді. Осылайша тазалық мәселесі жұмбақ күйде қалды. Көпшілігі пайдаланылған құралдарды жәй ғана спиртпен сүрте салады екен. Ал үйде маникюр жасайтындардың әрекеті тіпті жаға ұстатты. Олардың арасында құралдарды сумен шая салатындар кездесті.

– Арнайы сұйықтықты 180 градусқа дейін қыздырып, құралдарымды жарты сағатқа салып қоямын. Мен әрбір тұтынушының денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қараймын. Сәйкесінше қызметімнің бағасы да жоғары, – дейді «Beauty nails» салонының қожайыны Жазира Амандықова.

Ал Жанар есімді екінші кейіпкеріміз тісін емдетіп жүріп, гепатит жұқтырып алған.

– Мен қаламыздағы тіс емханаларының бірінде тісімді емдеттім. Қызыл етім қансырап, емдеу өте күрделі процеске айналып кетті. Артынша ауру жұқтырғанымды білдім. Енді өмір бойы дәрі-дәрмек ішіп, дәрігердің қарауында боламын, – дейді шағымын жасырмаған Жанар әпке.

Облыстық эпидемиологиялық орталық мамандарының мәлімдеуінше, ЖҚТБ жұқпасы кепкен қанда 1 тәуліктен артық сақталады екен. Вирус 56 градусқа дейін қыздырылған кезде жарты сағаттан кейін ғана жойылуы мүмкін. Ал гепатиттің  жойылу уақыты одан да ұзақ екен.

Жарақаттануыңыз мүмкін жерлерде өз денсаулығыңызды қауіпке тікпей, тұтынушы ретінде тиісті құжаттарды талап етіңіз. Талап бар жерде жауапкершілік те болады. Әйтпесе, обалы өзіңізге тиетінін естен шығармаңыз.

Айым   ТӨЛЕУҒАЛИ,

«Орал   өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале