14.08.2018, 14:56
Оқылды: 41

Ұл-қызыңыз мектепке дайын ба?

Орталық базардан аяқ киімді ұялы телефонына түсіріп, сәлден соң «Құрымағыр, бұл ұнамайды, басқасын қара дейді ғой...» деп зілсіз сөйлеп, кішкентайын ертіп жүрген әйелге назарым ауды. Алыс ауылдан балашағасына жаңа оқу жылына арнап киім-кешек пен оқу құралдарын алу үшін  қалаға келген анасына үйде қалған екі ұлдың ересегі телефон арқылы «Иіс шықпайтын кроссовка алыңыз» деп талап қоюда екен. Бізбен жүре сөйлескен Гүлзира есімді ана  екі студент пен екі мектеп жасындағы балаларын  киіндірудің қамымен жүрген көрінеді. Бір жақсысы, екі студент ұлы жаз  бойы жұмыс жасап, өз керек-жарақтарын өздері түгендепті. Тіпті, қос студенттің бірі ақылы оқуының алғашқы төлемін де төлеп қойған. Әке-шеше мектеп жасындағы екі  оқушы үшін 100 мың теңгенің шамасында жұмсаған. Ендігі кезекте спорт киімдері мен ұсақ-түйек заттарын түгендеп жүрген жайы екен Гүлзираның.

Қазіргі күнде гаджеттердің қыр-сырын жетік меңгерген ауыл балаларының да талабы жоғары. Бұрынғыдай  қалаға кеткен әкесіне аяғының мөлшерін қағазға сызып беретін, өзіне үлкен көйлектің жеңін түріп,   үлкен бәтеңкесінің тұмсығына  мақта тыға салып, киіп жүре беретін баланы қазір күндіз шаммен іздеп таппайсыз. Ата-ана да барынша баласын қатарынан қалдырмауға тырысады.

Оралдың орталық базарында арнайы жасақталған мектеп жәрмеңкесінде сауда-саттық қызып тұр. Оқу құ-ралдарын сатып тұрған Эльмира есімді сатушы бір оқушының оқу құралы сөмкесімен қоса алғанда, 15-17 мың теңгеге шығатынын айтты.

«Байқағаным, ата-аналар  бірінші сыныпқа баратын балаға ерекше мән береді екен. Көбі ұл-қыздарына ең қымбатын, ең сапалысын алып беруге ұмтылады. Бір келіншек кеше менен сауда жасады. Сол кезде мектеп жасындағы екі қызын әдейі үйге тастап кеткенін айтты. Өйткені өткен жылы екеуін алып шығып, олардың сұрағанын алып беремін деп, тым көп ақша жұмсапты. Шынында да, бала атаулы ата-анасына,  негізінен, өз дегендерін жасатып бағады. Менің ойымша, оқу құралдарының  бағасы  былтырғыдан көп өзгерген жоқ. Балалар сөмкені ұзақ таңдайды. Сөмкенің сыныптастарының сөмкесіне ұқсамағанын қалайды. Биыл жасөспірімдер құлаққап, ұялы телефон салуға ыңғайлы  швейцарлық сөмкелерге қызығушылық танытуда» – дейді сатушы келіншек.

Бір оқушыға – 70 000  теңге

Орталық базарда Қырғызстан, Қытай, Ресей, Түркияның өнімдері сатылуда. Қыз балалардың ақ көйлегі – 2500-4500 теңге, белдемше (юбка) – 2500-5000, шілтерлі ақ фартугі бар мектеп  формасы – 5000, қыз баланың спорт киімі – 5000-8000, спорттық аяқ киім – 3500-6000, мектеп сөмкесі 2500-11000, ұл баланың дара шалбары – 2500-5000, ақ жейде – 2000-5000, костюм, екі шалбарымен – 12000-14500, аяқ киім – 3000-6000, спорт костюмі – 7000-10000, спорттық аяқ киім – 4500-7000 аралығында.

Гүлбағыш есімді жас ана жалғыз қызына екі жейдені 8000 теңгеге, ал белдемшені 6000, бір түсті жемпірді 5000, туфлиді 7000, «Спец-одежда» дүкенінен бірыңғай мектеп формасын 17 000, спорт костюмін 8000, спорттық аяқ киімді 7000, оқу құралдарын 12000 мың теңгеге алған екен. Есептеп көрсек, үшінші сыныптың бір оқушысын киіндіруге 70 000 теңге жұмсапты.

– Бала жыл сайын өседі. Былтырғы киімдері биыл тар болып қалды. Сондықтан ақ жейдені жеңі қысқа, жеңі ұзынын алдым. Бәрін бірдей базардан алған жоқпын. «Спецодежда», «Сити центр» сықылды сауда үйлерін араладым.  Көбіне қызыма Түркияда шыққан киім-кешектерді алып беремін. Өйткені олар сапалы, баланың жүріп-тұруына, қимыл-қозғалысына ыңғайлы болып келеді. Әлі ақ бантик, ақ шұлық деген уақ-түйек заттарын алуым керек, – дейді базар аралап жүрген жаңағы келіншек.

«Талғамға талас жоқ» десек те...

Жоғарыдағы кейіпкеріміз Гүлзираның айтуынша, ауыл адамдары балаларын мектепке дайындау үшін бір шаруаға жарар деп өсіріп,  малын сатады. Осы кезде ауылдағы кейбір жұмыссыз ағайынның жағдайын білетін саудагерлер ірі қара малдың өзін арзанға бағалап жатады екен. «Қуанса, бала қуансын» дейтін ата-ана амалсыз сұраған бағасына келіседі. Ал кейбір ағайын әртүрлі жұмысқа жалданып  немесе шөп шауып, оны сатып дегендей, әйтеуір, ұл-қызын мектепке дайындаудың қамында.

Бірыңғай мектеп формасы шыққалы қала мектептерінде оқитын оқушылардың ата-аналары мектеп  формасын «Спецодежда» дүкенінен сатып алатын болды. Бұл жердегі киімдердің бағасы да сан алуан. Қыздарға арналған кеудеше (жакет) – 7000, ақ жейде – 4500-5000, белдемше – 3000-8000, сарафан – 4500-9000, бір түсті жемпір – 6600-8200, ер баланың бешпенті – 4800, шалбар – 5000-6000, костюм –17 000-20 000, спорт костюмі 11 500-16 500 теңге шамасында екен. Сондай-ақ әр мектептің эмблемасы – 350-450, галстук – 1200-2500 теңге аралығында. Орта есеппен, аталмыш дүкеннен бір оқушының мектеп формасын (ақ жейде, кеудеше мен белдемше)  сатып алуға  15 000-17 000  теңгедей ақша жұмсалады.

Біз әңгімелескен Светлана есімді ананың төрт перзенті бар. Тұңғышы 11 жаста, ал кішісі алтыда.

– Мен жаз басталысымен-ақ балаларымды мектепке қамдай бастаймын. Жалақы алған сайын киім-кешектері мен оқу құралдарын біртіндеп сатып ала беремін. Сонда біраз дүние арзанға шығады. Әрі сапалы киімдерді таңдап алуға болады. Ол үшін ерінбей, сапалы киімдер сататын дүкендерді қарап жүру керек. Көбіне балаларыма киімді «Карри», «Веничелл» дүкендерінен аламын. Өйткені бұл дүкендерде 1+1 деген акциялар жиі өтеді. Сонымен қатар балаларым оқитын мектептің басшылығы көп балалы ана ретінде «Мектепке жол» акциясы бойынша жақсы көмектеседі. Әсіресе, оқу құралдары алғашқы тоқсанға молынан жетеді. Осының өзі біз үшін үлкен көмек. Аллаға шүкір, әзірге баланы мектепке дайындауда қиналып көрген жоқпын, - дейді Светлана замандасымыз.

Біз мектеп жәрмеңкесі қызып жатқан, ата-аналар көп шоғырланған біраз жерді араладық. «Дина» гипермаркетінде  оқу құралдарының бағасы өзге жерлермен салыстырғанда, арзандау көрінді. Әрі таңдауға мүмкіндік мол.  Мәселен, тор көз, жолақ дәптерлер өзге жерде 20 теңге болса, бұл жерде 12 теңгеден басталады. Оқушы киімдерінің ең арзаны «Орал арзан»  дүкенінде екен. Бұл сауда нысанында кішкентай қыздардың ақ жейдесі мен белдемшесінің бағасы 1500 теңгеден басталады. Ол да базардағы секілді Қытай өнімі. Тек бағасы әлдеқайда арзан екендігін аңғардық.

Қазіргі кезде бір жақсысы, баланың таңдауына қарай киім мен оқу құралының түр-түрі бар. Талғамға талас жоқ». Сөйте тұра, әркім көрпесіне қарай көсілуге мәжбүр, әрине...

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»

суреттер ғаламтордан

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале