26.04.2019, 21:47
Оқылды: 138

Ұлттық музейде БҚО суретшілерінің көрмесі ашылды

Бүгін ҚР Ұлттық музейінде БҚО әкімдігінің қолдауымен Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен БҚО суретшілерінің шығармашылық туындыларынан жабдықталған "Жазира-Жайық" атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

15

Жайық бойының байырғы тұрғындары мәдениетінің қалыптасуы мен дамуы көне замана қойнауларынан басталады. Бейнелеу өнерінің Еуропалық түрі облыста ХХ ғасырдың орта шенінде өріс ала бастады. 1980 жылы Орал қаласында Қазақстан Мәдениет министрлігі көркемөнер көрмесі дирекциясының филиалы ретінде қалалық көрме залы ашылды. Көрме залы көркемөнер туындыларын насихаттау залы болды. Алматы, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург және тағы басқа қалаларда түрлі тақырыптық көрмелер ұйымдастырды. 1990 жылы ҚР Суретшілер одағының БҚО бөлімшесі ашылды. 1997 жылы облыста өнерге жаны ашитын бір топ азаматтың бастамасымен «Өнер» қоғамдық қоры құрылды. Қор кейінгі жылдары «Батыс Қазақстан облысының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігі болып қайта тіркеуден өтті. Өңір өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосуда. «Жазира Жайық» атауымен соңғы он жылда көптеген облыстық, республикалық (Орал, Ақтөбе, Алматы, Атырау), халықаралық (Орал, Астрахань (Ресей), Самара (Ресей), Уфа (Башқұртстан) көрме-конкурстар өткізіп келеді.

12

Облыста Қазақстан Суретшілері одағының 30-ға тарта мүшесі бар. Олар бейнелеу өнерінің графика, кескіндеме, сәндік-қолданбалы өнер және мүсін өнері салалары бойынша еңбек етеді. Ақ Жайық өңірі қылқалам шеберлерінің туындылары республикалық, халықаралық көрмелерге қойылып, сауатты сарапшылар тарапынан лайықты бағасын алып жүр. Көрмеге 1990 жылдардың өзінде-ақ бүкіл Еуропаны шеберлігімен мойындатқан қылқалам шеберлерінің картиналары қойылды. Олардың қатарында Сәкен Ғұмаров, Саламат Өтемісов, Мұратбек Жоламанов, Жоламан Аралбаев, Сатыбалды Құлбеков, Қуандық Мәдір, Бақытқали Оразов, Отарбай Кендір, Надежда Тихонова, Қанат Оразов, Нұрбол Әміржанов, Бекжан Жұмабаев, Мэлс Отаров, Асхат Әбдешев, Нұрбек Жәрдемов, Жанна Құлбекова, Төлепберген Сарманбеков, Самат Сарманбеков, Ерғали Бекешев бар. Көрмеге қойылып отырған бейнелеу өнері шығармаларын, жасалған көркем туындыларды отансүйгіштіктің негізгі көрінісі деп танып, өткен ғасыр мен келешек арасындағы рухани үндестік ретінде қарауға болады. Аталмыш көркемсурет көрмесіне өңірдегі белгілі суретшілердің шығармалары сарапталып, іріктеліп қойылды.

IMG-20190426-WA0079-800x533

 

Көрменің ашылуына Сенат депутаттары  Нариман Төреғалиев, Бірғаным Әйтімова, Ғұмар Дүйсембаев, ҚР Ұлттық музей әкімшілігі, Нұр-Сұлтан қаласының суретшілер қауымы, аталмыш музейдің қызметкерлері мен жергілікті сурет өнерін сүйер халық жиналды. Шарада ҚР Ұлттық музейі директорының орынбасары Абай Сатыбалдин, депутат Бірғаным Әйтімова көрме жұмысына сәттілік тілеп, батысқазақстандық суретшілерге шығармашылық табыс тіледі.

44

БҚО тарихи-өлкетану музейі директоры М.Ерсаевтың айтуынша,  Жайық суретшілерінің Елордада ұйымдастырылып отырған алғашқы республикалық көрмесі. Музей директоры БҚО әкімдігіне, БҚО мәдениет басқармасына, ҚР Ұлттық музей әкімшілігіне алғысын айтып, «Тақсай ханшайымы» бейнесіндегі кәдесыйын тарту етті.

Сөз соңында көрмеге қойылған картиналардың барлық авторларының атынан суретші Мәдір Қуандық көрменің қоғамның сурет өнері тарихына қосар үлесі зор екенін және 10-мамырға дейін өз көрерменін табатынына сенімді екенін жеткізді.

32

Шара көрмеге қойылған картиналар туралы баяндаумен жалғасты.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале