15.06.2017, 12:54
Оқылды: 73

«Ұлттық рухымыз мықты болуы керек»

Республикалық  ұлттық-этнографиялық  «Дәстүр»  журналының  бас  редакторы,  көрнекті  ақын,  «Құрмет»  орденінің  иегері,  Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері  Қасымхан  Бегманов  Орал  қаласына  келгенін  көзіқарақты  оқырман  біледі.  Биыл  ақын  белгілі   этнограф  Жағда  Бабалықұлының  100  жылдығына  байланысты  «Дәстүр:  кеше,  бүгін,  ертең»  атты  ғылыми  жобаны  қолға  алды.  Жоба  аясында  экспедиция  ұйымдастырып,  жергілікті  өлкетанушылармен,  тарихшылармен  кездесіп,  ұлттық  этнографияға  қатысты  тың  деректер  жинақтауда.  Халықаралық  жазушылар  мен  публицистер  қауымдастығының,  бас  редакторлар  клубының  мүшесі,  халықаралық,  республикалық  жыр  мүшәйраларының  жеңімпазы  Қасымхан  Бегмановтың  шығармашылығына  қазақ  поэзиясының  өкілдері  жоғары  баға  берген.  Назарларыңызға  ұсынған  сұхбатта  ақын  ғылыми  жоба  барысын  кеңінен  тарқатып  айтады.


 – Қасымхан аға, ұлттық этнография – әлі күнге терең зерттеуді қажет ететін сала. Жаһандану дәуірінде көпшілік нарыққа бет бұруға мәжбүр болып отырғанда мұндай игі істі қолға алғаныңыз ерлікке пара-пар. Бұл бағытта жүзеге асып жатқан шараларды тілге тиек етсеңіз…

– Бүгінде қазақ ұлттық болмысынан алыстап барады. Қоғамда жан ауыртар мәселелер көп. Тірі шақалақты әжетханаға тастай салу, жігерсіздік танытып, суицидке ұрынып жатқан жастар тағдыры, жат ағымның арбауына түскен қаракөздеріміздің қантөгіске бел байлауы кім-кімді болмасын толғандырмай қоймайды. Біз ұлттық болмысымызға оралмайынша, рухани кеңістігіміз тазармайды. Ол үшін әдет-ғұрып, салтдәстүр, ырым-тыйымдарымыздың түпкі мәніне үңілу қажет. Осы мүдде аясында «Дәстүр» ұлттық-этнографиялық журналын сегіз жылдан бері қос тілде жарыққа шығарып келемін.

Былтыр жоспарланып, биыл қолға алынған халық этнографиясының аса көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлының 100 жылдығына арнап, «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты жаңа ғылыми-көпшілік жоба аясында еліміздің әр өңірінде этнографиялық экспедиция ұйымдастырудамыз. 2016 жылы журналымыздың шыққанына жеті жыл толды. «Жеті саны – адамзат пен табиғат арасындағы тылсым байланыс екені белгілі. Жеті ұғымы қазақ үшін қашанда киелі емес пе?! Осынау жеті жыл ішінде «Дәстүр» журналының шығармашылық ұжымы адамзат пен табиғат арасындағы байланыстардың баршасы салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызда жатқандығын егжей-тегжейлі таратып жазып, шамамыз келгенінше дәріптедік. Мыңдаған оқырман осы тұрғыдағы өз ой-пікірлерін, салиқалы тұжырымдарын журнал арқылы халыққа жеткізді. Ең маңыздысы, осы жеті жыл бойы редакциямызға келіп жатқан оқырман қауымның ойлы сұрақтарының негізінде қазақы болмысымыздың қайнар көзі – салт-дәстүріміздің бүгінгі жәй-күйі туралы, елдік ғұрыптың негізін сақтап, жаңғыртып, дамытып, болашаққа басы бүтін аманаттау туралы мәселелерді жан-жақты көтеретін «Дәстүр»: кеше, бүгін, ертең» атты ғылыми-көпшілік жобасының іске қосылғандығы болды.

Жоба аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Гуманитарлық ғылым академиясының құрметті академигі Уахит Шалекенов, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы, профессор СоветХан Ғаббасов, педагогика және психология ғылымдарының докторы Құбығұл Жарықбаев, тарих ғылымдарының докторлары, этнографтар Жамбыл Артықбаев, Серік Әжіғали, Әбдеш Төлеубаев, Ахмет Тоқтабаев, Қалыш Аманжол, Бибизия Қалшабаевалардан алынған сұхбаттар журналда жыл бойына жарық көреді. Айта кетейін, ғұлама Жағда Бабалықұлымен «Этнографиялық әңгіме» атты кітабым «Дәстүр» баспасынан 2010 жылы жарық көрді. 2010 жылы «Салты мықтының – халқы мықты» деген атпен мемлекеттік тапсырыс аясында екінші басылымы жарық көрді.

– Этнографиялық экспедиция ауқымында атқарылатын істерді баяндасаңыз…

– Экспедиция қорытындысы негізінде «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» тақырыбында төрт томдық кітап дайындап жатырмын. Қазақстанда докторлық диссертация қорғаған 15 этнограф-ғалым, 40-қа жуық ғылым кандидаты бар екен. Бұл бағытта 260-тан астам сұрақ негізінде бірнеше томға ғалымдардан алған сұхбатымды енгіземін. Төртінші томдыққа жергілікті этнографтар мен өлкетанушылардың, тарихшы-ғалымдардың еңбегін жариялауды жоспарлаудамын. Жоба аясында бүгінге дейін Алматы, Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында болдым.

Орал қаласындағы кездесулерден мол әсер алдым. Мәселен, облыстық музейде ер-тоқымды көріп, атам, ауылым еске түсті.  Қаншама облыстарды, аудандарды, ауылдарды араладым. Сонда ардақты, ақ жаулықты әжелеріміздің қолынан шыққан көздің жауын алатын ою-өрнектермен көмкеріле тігілген көрпешені төсеніп, көрпе-жастықты тұтынудың өзі жаныңа бір рахат сыйлайтынын сезіндім. Олардың мейрімі, қазақы аурасы сонау алыстап кеткен балалық шақты еске салғандай шуақты әсерді басымнан кештім. Қалалардан шалғайда жатқан қазақы ауылдардың тұрғындарының сөз саптауының өзінде мүлде жасандылық жоқ. Бәрі табиғи. Ауыл қазағының сөзін естігенде өзімнің өскен ортам, туған ауылым, ата-анам, айналып-толғанып отыратын асыл әжелерім мен аталарым есіме түсті.
Қазыналы қарттары бар үйлердің кіреберісінен-ақ мейірім мен бақ-берекенің лебі есетіндей көрінді маған. Қалада зәулім үйлерде тұрып, небір қымбат жиһаздар қойып, қалы кілемдерді төсеп тастағанмен, одан жылулық сезіну қиындау ғой. Бұл қанша жаһанданамыз, батысқа еліктейміз деп өзіміздің қазақы болмысымызды жасырғанымызбен, жанымыз бәрібір өзіне керегін іздеп тұратындай ма, қалай өзі? «Адамды адам ететін – тәрбие» десе, тәрбиенің бастауы – ырым-тыйымдарымыз. Тыйымдарымызды бір естіген бала – оны өмірінде ұмытпайды. Мені де үнемі алға жетелеп жүрген, баяғыда ауылда алған сол қазақы тәрбие ғой.

Ал мынау қасиетті Ақ Жайық өлкесі мені қатты таңырқатты. «Қыз Жібектің» дастаны, Қазтуған жыраудың толғауы, Махамбет пен Исатай тағдырлары шиырланған өңірдің әр тасында тарих таңбасы қалған. Осы өлкеде ұлттық салт-дәстүрдің, ырым-тыйымның мейлінше бүтін сақталғанына көзім жетті. Әрине, оның бәрін зерттеу – болашақтың еншісінде. Мен ұлттық құндылықтардың жоқшысы ретінде, қарапайым тілші ретінде келдім. Әсіресе, еліміздің батыс аймағы көрісу амалын бір кісідей атап өтетініне, салт ерекшелігін сақтап қалғанына аса қуаныштымын.

– Сұхбаттарда есімі елге мәшһүр ақын, жерлісіміз Қадыр Мырза Әли туралы жиі айтасыз. Естелігіңізбен бөліссеңіз…

– Қадыр Мырза Әлидің рухани інісі болдым. Жиі бас қосып, сырласып тұрдық. 2008 жылы Қадекең «Ана тілі» газетіне «Ташкентпен қоштасу» – поэтикалық құбылыс» деген мақала жариялап, өлеңіме зор баға берді. «Ол нені болса, жаны өртеніп, егіліп, төгіліп жазады. Ең соңғы тамшысына шейін сарқып, таусылып жазады» деп мақаласында атап өткені бар. Ақынмен сырласқан кезде маған ақыл-кеңесін айтып, қамқорлық танытатын. «Алда үзеңгілестеріңнен әлі талай теперіш көресің. Оған мойыма. Бар қиындықты шынайы еңбекпен, ұлтқа қызмет етумен ғана жеңесің. Ал поэзия әлемі – әйел заты сияқты соншалықты жұмбақ, қастерлі, нәзік. Оған шынайы берілмесең, құпиясы мол, құдіретті тылсым саған да оңайлықпен алдырмайды» деп бағыт-бағдар сілтегені есімде. Қадекең өмірді сүйді, еңбегінің зейнетін көргісі келді.

Ғұмырының соңында қатты науқастанып, ауруханаға түсті. Амандасып шыққан соң, көп кешікпей ақынның зайыбы естірткен қаралы хабарды жалпақ жұртқа жария ету оңай болмады… Оралдағы іссапарымда ақын атындағы мәдениет және өнер орталығында қалың оқырманмен кездесіп, ерекше толқып, көзіме жас алдым. Шаһардағы шайыр ескерткішіне сүйеніп, бейне көз алдымда тірі отырғандай сезіндім, дауыстап сәлем бердім. Тамаша сарай салып, оған ақын атын берген өңір жұртшылығына алғысым шексіз. Танымал тұлғаларын қадірлей білуі басқа өңірлерге үлгі боларлық.

 

– Аға, Алаштың алып азаматы Мұстафа Шоқай тағдырын терең зерттедіңіз. Аласапыран кезеңде жеке басының қамынан ел қамын жоғары қойған алып тұлғаның Ақ Жайық өлкесіне де жолы түскен болар…

– Кезінде қызыл империяның саясатына қасқая қарсы тұрған алаш азаматтары болды. Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Жаһанша Досмұхамедов сынды тұлғалар қазақ үшін жанын берді. «Мұстафа Шоқай жолымен» атты екі томдық кітап, төрт бөлімнен тұратын тарихи деректі фильм дайындадым. Асыл ердің жары Мәриям Горина 1958 жылы «Менің Мұстафам» күнделігінде басынан кешкен тауқыметтерін толық жазған. Күнделігінде ер басына күн туған қысылтаяң уақытта Мұстафаның Қазақстанның батыс өлкесі арқылы бірнеше мәрте өткенін, соның ішінде, Алашорданың батыс бөлімшесі Жымпитыда (Сырым ауданында) болғанын жазады. Түркістан мұхтариятын құруды ұсынып, кейін осы атаумен құрылған автономияға басшылық жасаған, Сталиннің арнайы қаулысымен №1 халық жауы деп айып тағылған арысты Маңғыстаудағы Кетікқалаға (Форт-Шевченко) дейін жеткізіп, Баку асырған жымпитылық жігіттердің ержүректігіне таңғаламын.

6f2aa15e-e1ca-4bcb-a8df-9b51bc17555b– «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» ғылыми-көпшілік жоба Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көтерілген өзекті мәселелердің шешімін табуға себеп болады деген сенімдемін. «Сабақты ине сәтімен» демекші, сіз ғылыми жобаны қолға алған кезде Мемлекет басшысының рухани жаңғыруға қатысты тың бастамалар көтергенін жақсылыққа жоритын шығарсыз?

– Елбасымыздың ұсынып отырған ұлттық бағдарламасы дер кезінде қолға алынған құжат деп қараймын мен. Ұлттық рух көтерілмей, дәстүрімізді, тілімізді, ділімізді көтере алмаймыз. Рухы асқақтап тұрған халық қашанда ұлттық құндылықтардың жанашыры болатыны сөзсіз. Негізінен салт-дәстүр, әдет-ғұрып әлемі ол – тылсым. Бүгінде этнографтарымыз тасада қалды. Олардың орнына даңғаза әуен жайлап, көзбояу әншілердің алға шығуы – ұлт үшін қасірет. Этнографтар ата-баба дәстүрін, олар салған қастерлі сүрлеуді, ескі жұрағатты, жөн-жоралғыны зерттеп, ұлттық құндылықтарымызды жандандыруға, негізгі болмысымызға оралуға зор әсер етеді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының аясында «Туған жер» бағдарламасын қолға алып, қоғамды өлкетану ісін ширатуға шақырды. Билік енді бұл бағытта игі шараларды қолға алады деп сенемін.

Ең бастысы, этнографтарымыздың еңбегі еленіп, олардың жазғандарын, зерттеулерін жаппай халыққа танытатын болсақ, үлкен насихат болар еді. Осы кезге дейін қаншама этнографтармен кездескен болсам, олардың бәрі таза ғалымдар екенін, өз еңбектерін насихаттауға уақыттарының жоқ екенін көріп, біліп жүрмін. Енді осы ұлттық бағдарламаның арқасында осындай елімізге, жалпы халыққа керек дүниелердің жаппай насихатталуы керек деп ойлаймын және солай болатынына сенімдімін.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұлтқа адал қызмет етуіміз, салиқалы ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Жастар мемлекетшіл, ұлтжанды болмайынша, Ұлы дала еліне айнала алмаймыз. Ол үшін тек ұлттық рухымыз мықты болуы керек.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале