27.04.2017, 18:19
Оқылды: 77

Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 150 мың теңге жәрдемақы төленеді

Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Нарымбетов баяндады. Мамыр айындағы айтулы мерекелерді облыс көлемінде атап өту туралы өткен баспасөз мәслихатына сондай-ақ БҚО облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төраға орынбасары Ғайса Қапақов және облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова қатысты.


- Өзіңізге белгілі ағымдағы жылы ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына және ҚР Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 25 жылдығын, Ұлы Жеңістің 72 жылдығын, Алаш орда үкіметінің құрылғанына 100 жылдығын атап өту жоспарлануда. Бүгінгі таңда облысымыз бойынша 146 Ұлы Отан соғысының қатысушысы мен мүгедегі бар. Сонымен қатар өңіріміздегі тыл еңбеккерлері саны 8397 адамды құрайды. Биыл ҰОС қатысушылар мен мүгедектерге, оларға теңестірілген тұлғаларға, тыл еңбеккерлеріне және ҰОС Жеңіске үлес қосқан ҚР өзге де азаматтарына біржолғы материалдық көмек беру үшін облыстық бюджеттен 118,6 млн. теңге бөлінді. Сол қаражат есебінен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне әрқайсысына 150 мың теңгеден жәрдемақы берілмек. Сонымен қатар жоғарда аталған, сұм соғыстың зардабын тартқан әртүрлі топтағы ардагерлерге де белгіленген мөлшерде көмектер көрсетілетін болады,-деді Бақытжан Нарымбетов.

Сондай-ақ баспасөз мәслихатында сөз алған Ғайса Қапақов айтулы мерекелерде жоспарланған шаралар, оларға облыстық Ассамблея мүшелерінің қосатын үлесі туралы баяндады. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова мерекелер барысында өтетін мәдени-көпшілік шараларға тоқталып өтті.

Нұрбек ОРАЗАЕВ

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале