8.02.2017, 21:17
Оқылды: 77

Универсиада салтанатпен жабылды

Алматыда студенттердің Бүкіләлемдік қысқы сайысы салтанатпен жабылды.

Шара спортшылар шеруімен басталды. Канадалық спортшылар ризашылықтарын білдіріп, «Алматыға рахмет» деген жазуы бар плакат алып шықты.

Универсиадаға 57 елден 2000 мыңға жуық спортшы қатысты. 12 спорт түрінен 85 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Жалпы есепте 28 алтын, 27 күміс және 15 қола медаль иеленген Ресей бірінші орынға шықты. 11 алтын, 8 күміс және 17 қола жеңіп алған Қазақстан құрамасы екінші орында. 11 алтын, 5 күміс және 5 қола медальмен Оңтүстік Корея үздік үштік қатарынан көрінді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиадада Қазақстан ұлттық құрамасының зор жетістікке жетуіне орай құттықтау жолдады.

Салтанатты шараға ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, Халықаралық студенттер спорты федерациясының Президенті Олег Матыцин, Алматы әкімі Бауыржан Байбек және келесі Универсиада ойындарын өткізетін Ресейдің Красноярск қаласының басшылығы қатысты. Бауыржан Байбек Халықаралық студенттік спорт федерациясының туын Краснояр қаласының мэрі Эдхам Акбулатовқа табыстап, алау сөндірілді.

Салтанатты шарада әнші Ардақ Балажан, скрипкашы  Жәмила Серкебаева, «Ұлытау» тобы өнер көрсетті. Әншілер Әли Оқапов пен Дастан Оразбековтың орындауындағы «Алау» атты әнімен аяқталды.

Айта кетсек, Универсиаданың жабылу салтанаты 80 елде тікелей эфирде көрсетілді. Екі апта әлем спорт жанкүйерлерінің назарында болған шараның сәтті өтуіне 3000 еріктінің сіңірген еңбегі зор.

Нұрлыбек Рахманов,

Алматыдан арнайы zhaikpress.kz үшін

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале