8.04.2020, 19:27
Оқылды: 289

Ұрпақ алдындағы игі істе зор жауапкершілік танытуға міндеттіміз

bkmu sergaliev

Бүгінгідей бүкіл әлем алаң күй кешіп, ұлт саулығы сынға түскен қазіргі сәтте де баршаны сабырға, байсалдылыққа шақырып, тағы да ел халқына сөзін арнаған Елбасының бұл мақаласының айтары бірлігі мығым ел ғана әр қиындықты еңсеретінін жеткізді деп ойлаймын.

Әлемге тараған жаман індет дерті барша адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отырғаны баршаға аян. Әлем мемлекеттері аталған дертке қарсы тығырықтан шығатын жол іздеп, бүгінгі заманның бар күш-қуатын, ақыл-ойы мен ғылым білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылдырып, бірлікте әрекет етіп жатқанын баса айтқан Елбасы мемлекетіміздің де аталған игі мақсатқа бағытталған іс-шаралардың барлығына қолдан келгенше үлес қосып жатқанын жеткізді. Осы игілікті істің бәріне де елім дейтін әрбір азаматтың бірлесе қолдау көрсетуі қашанда парыз.

Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін қоғамның әр саласы бойынша атқарылған  реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеп келе жатқанын да тілге тиек етті. Бірдің емес, мыңның қамын ойлайтын әр адам осындай қысылтаяң шақта құр айғайдың күшіне ермей, ел игілігі үшін қызметке қадам жасағаны дұрыс екенін айтып өткен Елбасы ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен айналысу керектігін де баса айтты деп ойлаймын. Елбасы дәл қазіргі таңда ел халқына бүкіл адамзат өркениетін сүріндіретін емес, барша әлем халқын сүйіндіретін жаңашыл саясат керек екенін орынды жеткізгені айқын.

Елбасы айтқандай, кез келген қиындық адамды тығырықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалыптасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастары сөзсіз.  Ал бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келетіні де айқын. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режиміне көшуіне алдын ала жоспарланып, кеңінен ойластырылған шаралардың арқасында ғана мүмкін болып отырғанын атап өтті.

Осы орайда білім саласына қатысты айтар болсақ, оның ішінде жоғары білім беру саласындағы қадамдар оңтайлы жүзеге асырылып жатқанын айтуға болады. Орта мектеп үшін ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан барлық жағдайлар жасалып, мектеп оқушылары қашықтан білім алудың алғашқы аптасын бастап кетті. Республикалық телеарналар арқылы сабақтардың өтіп, өзге де білім платформаларының іске қосылулы оңтайлы шешімнің дәлелді бір көрінісі дер едік. Интернет байланысы баяу немесе қол жетімсіз шалғай аудандардағы білім алушылар үшін телеарна  арқылы өтетін сабақтардың маңызы зор деп санаймын.

Жоғары білім беру жүйесіне келер болса, бұдан бұрын да қашықтан білім беру жүйесі бойынша арнайы бағдарламамен жүйе жасақталған болатын. Бүгінгі таңда күндізгі бөлімде білім алып жатқан студенттер мен магистранттарымыз үшін де қашықтан білім беру үрдісі оңтайлы жүзеге асырылуда. Оқытушыларымыз да қашықтан білім беру үрдісін бірқатар білім беру платформаларында жұмыс жасап, апараттық жүйе  бағдарламалары арқылы тиімді жүзеге асыру мақсатында бар күш-жігерлерін жұмсауда.

Елбасы аталған мақаласында сөзін  алдымен аға ұрпаққа арнай отырып, жас ұрпақты еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеуге шақырып, бүгінгі жас буынға кемеңгер ақын Ұлы Абайдың  «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген өсиетін арнады. Жас ұрпақтың білім алуын сындарлы кезде әлсіретпей, қолдан келгенше бар жағдайды жасап, білім алуына үлес қосу үшін ұрпақ алдында біз де  зор жауапкершілік танытуға міндеттіміз. Білге қағаннан қалған сонау ғасыр еншісіндегі қанатты сөз бар, «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген. Осы жас ұрпақ үшін игілікті іс атқаруда да бізге де ең қажетті құндылық, ол бірлік қана дер едік.

                                                                                 Нұрлан Серғалиев,

М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің ректоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале