23.09.2019, 21:07
Оқылды: 432

«Ұсақ шаруашылықтарды бірігуге мәжбүрлеу тиімді емес»

ҚР Президентінің Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалғанына 100 күн толуына орай өңір басшысы Ғали Есқалиев облыстық газеттердің бас редакторларының сұрақтарына жауап берді.

– Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығына жалпы өнімнің 3 пайызы ғана тиесілі. Сөйте тұра, облыс үшін экономиканың бұл саласы ерекше мән-маңызға ие. Біздің өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың әлеуеті зор. 1980 жыл-дары егіс алқабының жалпы көлемі 1,5 млн. гектарды құраса, ал бүгіндері бұл бағыттағы көрсеткішіміз бар болғаны 540 мың гектар ғана. Соңғы жылдары біз мемлекеттің меншігіне 1 млн. гектардан астам жерді қайтарып, енді сол жерлерді егін салып, бақша егіп, бір сөзбен айтқанда, жермен жұмыс істеуге ықыласты азаматтарға конкурстық негізде берудеміз.

zhilki

Биылғы жылдың соңына дейін біз спутниктік мониторинг жүргізіп, қалалық және ауылдық аумақтарда игерілмей жатқан жерлерді анықтамақпыз. Біздің өңірде ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытудың болашағы зор. Облыс бойынша күні бүгін 640 мың бас ірі қара, 1 млн. 300 мың бас қой-ешкі, 200 мың жылқы бар. Ал дүние жүзі бойынша экологиялық тұрғыдан таза етке сұраныс жыл сайын арта түсуде. Тек Ресей мен Қытайдың өзі жыл сайын 1,7 млн. тонна сиыр етін шеттен алады. Ендеше, ет бағытындағы мал шаруашылығына басымдық берген жөн. Бұған негіз бар. Біздің облыс күні бүгін ет бағытындағы ірі қара малдың саны жөнінен республика бойынша екінші орында. Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, біз ірі қара малдың санын 1 миллион басқа дейін жеткізуге тиіспіз. Мұндай межелі міндетті мал импортын демеу-қаржылау (субсидиялау), өзіміздің асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, жеңілдетілген қаржыландыру сықылды мемлекеттік жүйелі қолдау арқылы ғана орындауға болады. Біздің ойымызша, зәкірлік кооперацияны қалыптастырған ұтымды. Яғни  зәкірлік кооперация дегеніміз – құрамына асыл тұқымды мал шаруашылықтары, шаруа қожалықтары мен ауылдық кооперативтер, бордақылау алаңдары және ет өңдеу комбинаттары кіретін вертикальдық жүйе. Әйтпесе, ұсақ шаруашылықтарды әкімшілік тетіктер арқылы бірігуге мәжбүрлеп, оларға қалай жұмыс істеп, нені өндіру керектігіне нұсқау беру тиімді емес. Бәрі нарықтық жолмен тиімді мемлекеттік қолдау арқылы жүзеге асқаны жөн. Жергілікті кәсіпкерлер немесе шетелдік инвесторлар арқылы зәкірлік жобалар кең қанат жайған сайын мал саны артып, ішкі нарыққа қоса, экспортқа ет шығару көрсеткішіміз де еселене түспек. Сонымен қатар қазақтың ақбас асыл тұқымды сиырын, Еділбай қойын, Көшім жылқысын қайтадан өркендету керек,-деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале