21.04.2017, 18:23
Оқылды: 37

Үш облыстың ғалымдары Үкіметке үндеу хат жолдады

«Қазақстан» РТРК АҚ-ының Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Павлодар филиалдары өңіраралық телекөпір арқылы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын талқылады. 

БҚО-дан телекөпірге ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ҚР қоғам қайраткері Ақұштап Бақтыгереева, Махамбет атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің директоры, педагогика ғылымдарының докторы Шалқыма Құрманалина, Махамбет атындағы БҚМУ-дың проректоры Түймеш Дәрішева, Махамбет атындағы БҚМУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин, БҚИТУ-дың профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Рысқаным Кенжекова, Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Зәмзәгүл Тәжғалиева қатысып, Елбасы мақаласы төңірегінде ой өрбітті.

Телекөпірге қатысқан қызылжарлық ғалымдар қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша оқулықтар шығару, білім беруді жүйелеу, ЖОО-ларда гуманитарлық кафедралардың жаппай жабылуы жайлы ойларын айтты. Саясаттану, әлеуметтану сияқты жаңа пәндерді оқытатын мамандардың дайындалуы туралы, сондай-ақ жоғары оқу орындарында музейшілердің, мұрағатшылардың даярланбайтыны, қазіргі маман жетіспеушілігі жайлы мәселе көтерілді. Қызылжарлықтар өлкетану жұмыстарына да  тоқталды.

Ал батысқазақстандық спикерлер рухани жаңғырудағы тәрбиенің орны, ұлттық сана, білімдегі бәсекелестік, оқу орындарының заманауи келбеті, 100 жаңа оқулық жобасы, гуманитарлық бағытта мамандар дайындаудың өзекті мәселелерін қозғады.

Телекөпірде пікір алмасқан үш облыстың  ғалымдары ҚР Премьер-министрі Б.Сағынтаевқа, ҚР Мәдениет министрі А.Мұхамедиұлына, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары мен ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевке үндеу хат жолдады. Онда «Алдағы жылдары гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасағалы отырмыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру туралы жақсы ұсыныс жасалып отыр. Осы ретте аталмыш мәселеге байланысты төмендегідей мәселелер шешімін табуы тиіс: Әлемнің үздік 100 оқулығының тізімі дұрыс іріктелуі керек. Біріншіден, әлемнің үздік 100 оқулығын қазақ тіліне сапалы, дұрыс аударатын тілші, филолог, аудармашылар тобы жасақталу қажет. Екіншіден, Қазақ елінің ұлттық болмысы мен руханияттық пайым ерекшелігіне сай келетін әлемнің 100 брендтік көркем әдебиетінің тізімі анықталу қажет. Үшіншіден, жоғары оқу орындарында «Көркем әдеби тіл аудармашылары» (қазақ – ағылшын, қазақ – француз, қазақ – қытай, қазақ – жапон, қазақ – араб) мамандықтар ашып, аудармашылық қызметтің қолданылу шеңберін кеңейтуге жағдай жасалыну қажет. Төртіншіден, мектеп, колледж, ЖОО-ларда «Көркем аударма негіздері» атты арнайы пән оқытылып, әлемдік аударма тәжірибесін қолданысқа енгізуіміз керек. Бесіншіден, Қазақ елінің Ұлттық пәлсапасы» атты оқулықтар сериясын жазу. Алтыншыдан, мемлекет шешімін қабылдау барысында қаржылай салымды және нәтижесінің тиімділігін, артықшылығы мен кемшілігін есептеуі керек» делінген.

Нұрлыбек Рахман,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале