31.05.2019, 19:33
Оқылды: 330

Үш жоба мақұлданды

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың төрағалығымен  Батыс Қазақстан облысының инвестициялық климатын жақсарту және инвестиция тарту бойынша аумақтық кеңесінің 7-ші отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, қала әкімі М. Мұқаев, басқарма басшылары мен бизнес өкілдері қатысты.

IMG-20190531-WA0080

Облыс әкімі Алтай Сейдірұлы айтып өткендей, өткен жылдан бері кеңес отырыстарында жалпы құны 69 млрд. теңгені құрайтын  16 жоба қаралған. Егер осы жобалар іске асатын болса, өңірде 1144 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.

Кеңес мүшелерінің назарына алдымен Тасқала ауданындағы «Taskala-Et BKO» ЖШС директоры Нұртай Жұмашев 5120 бас ірі қара малын бордақылау алаңының құрылысымен таныстырды. Бірлік ауылынада салу жоспарланған жобаның құны 1,3 млрд. теңгені құрайды.

IMG-20190531-WA0081

Кәсіпкердің қаражатына салынатын жоба 48 жұмыс орнын ашуға мүмкідік береді. Нұртай Сапиұлының сөзінше, жобалау-сметалық құжаттар дайындалуда. Басты мәселе бордақылау алаңы мен азықтық дақылдар егетін жерлерді анықтау болып отыр. Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне келетін болсақ, аудандағы мал шаруашылығын дамытып қана қоймай, Ресейге де ет өнімдерін экспорттауға мүмкіндік береді.  Кеңес мүшелері толықтай қолдаған жобаны облыс басшысы да мақұлдап, оған мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау көрсетілетінін айтты. Келесі кезекте отырысқа қатысушылар назарына 240 сауын сиырына арналған сүт-тауарлық фермасының құрылысы ұсынылды. Сырым ауданының Тоғанас ауылында жоспарланған жобамен «West Agro Milk» ЖШС директоры Мирлан Аюпов таныстырды. Оның сөзінше, қыркүйек айынан бастап жоба бойынша   құрылысқа арналған жер телімін дайындау және мал азығын егу жұмыстары жүргізілмек. Қазір жобалау-сметалық құжаттары жасақталуда. Құны кәсіпкердің және қарыз ақшадан құралған 1,5 млрд теңге болатын аталмыш фермада ең алдымен сүт және ет пен ірімшік түрлері өндірілмек. Ферманың жұмысын 2021 жылы бастау жоспарланған.

- Өңірде сүт импортталып жатқан соң, бұл жобаның маңызы зор. Сүт өңдейтін жоба керек. Енді тек сіздердің бұл кәсіпке қаншалықты дайын екендіктеріңіз маңызды. Атқарылатын  жұмыстар жан-жақты зерделенген жөн. Уақыт өте келе ескерілмей қалған дүниелер шығып, айналым қаражаты жетпей қалып, жоба тоқтап қалуы мүмкін. Ал бұған жол беруге болмайды.  Бұл жоба кеңес отырысында сүт-тауар өндірісі бойынша қаралып отырған үшінші жоба. Біріншісі, Бөрлі ауданындағы «Аманат» ШҚ-ы құрылысын аяқтауға жақындады. Екінші, Теректі ауданындағы "Ringo-Milk" ЖШС-ның 1000 басқа аралған бордақылау алаңы бар және  мал азығын да егіп қойды. Сүт-тауарлық фермасының да өңіріміз үшін маңызы бар. Бірақ жобаны әлі де егжей-тегжей зерттеу үшін екі апта уақыт береміз, - деген өңір бсшысының сөзіне кеңес мүшелері де қолдау білдірді.

Кеңес отырысында назарға ұсынылған  үшінші жоба Тасқала ауданында құс фермасының зауытын салу болды. Жобамен таныстырған «Кенжалиев» ЖК басшысы Ізбасар Кенжалиевтің сөзінше, жоба құны - 500 млн. теңге.  Несие қаражатына салу жоспарланған жоба іске қосылғанда 50 адамды жұмыспен қамтымақ. Сондай-ақ бұл жоба аудан мен облыстағы құс санын арттыруға мүмкіндік береді. Кеңеске қатысушылар бұл жобаны да мақұлдап, алдағы уақытта қажетті  қолдау көрсетілетін болды.

Кеңес отырысында сонымен қатар «Орал» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ  басқармасының төрағасы Дияс Жәнібеков инвесторлардың аймақтық қызмет көрсету орталығының  тұжырымдамасымен таныстырды. Ал «Қазақ Инвест» ҰК» АҚ БҚО бойынша аймақтық директоры Нұрлан Каирши инвестиция тарту жұмыстары жөнінде баяндады. «Бюро Веритас Казахстан Индастриал Сервисез» ЖШС-ның Атырау облыстық филиалының директоры Сибу Наир аталмыш компанияның қызметі жөнінде баян етті. 140 елде қызмет көрсететін компания әр саладағы түйінді мәселелерді шешуге көмектеседі. Сонымен қатар Теректі ауданынынң әкімі Әділ Жоламанов ауданның инвестициялық әлеуеті жөнінде сөз алды.

Кеңестің бұл отырысында жалпы құны 3,3 млрд. теңге болатын үш жоба қаралып,  мақұлданды. Олар жүзеге асқанда агроөнеркәсіп кешенінің дамуына үлес қосып, негізгі капиталдағы инвестиция көлемін артыратын болады. Өңір басшысы баяндамашыларға оң бағасын беріп, атқарылып жатқан жұмыстардың жалғасын табуын тіледі. Сонымен қатар облыс әкімі Алтай Көлгінов пен «Бюро Веритас Казахстан Индастриал Сервисез» ЖШС-ның өкілі Сибу Наир облыстағы мемлекеттік-жекеше әріптестік жобасы мен инвестициялық жобаларға  инвестиция тарту салаларындағы өзара түсіністік жөнінде меморандумға қол қойды.

Ясипа Рабаева, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале