16.08.2019, 17:30
Оқылды: 297

Володарлықтарды ауыл ішіндегі шұңқырлар алаңдатады

Аудан әкімі Асхат Шахаров ағымдағы жылы халықпен болған есептік кездесуінде Трекин ауылдық округіне қарасты Володар елді мекеніне таза ауыз су құбыры тартылатындығын мәлімдеген болатын. Бүгінде ауылдағы екі көшенің құбыры біте келген. Енді үш көшеге құбыр тарту жұмыстары жүріп жатыр. Жүріп жатыр дегеннен гөрі әзірге тоқтап тұр деген дұрыс болар, сірә?! Қазылған шұңқыр екендігін көрсетер белгі қойылмаған. Лента тіптен тартылмаған. Ал ауыл тұрғындары болса, «балаларымыз жазатайым шұңқырға түсіп, мерт бола ма?..» деп алаңдаулы.

 володар 1

Володар ауылы тұрғындары редакциямызға хабарласып, базыналарын айтты. Ауылға кіре берістен бізді жергілікті тұрғын Петр Колузанов қарсылап алып, амандық-саулықтан соң шұңқырға қатысты әңгіме тиегін ағытты.

- Өзім эксковаторшы болып жұмыс істеймін. Мен жасайтын мекеме шұңқырды қазып, құбырды орнатып, екі-үш айда ауыл тұрғындарына таза ауыз су беретін. Ал біздің ауылдағы су тарту жұмыстарының басталғанына екі жылдан асты. Бірақ мандып алға басқан шаруаны көрмедім. Мен су арнасында жұмыс жасағандықтан су құбырларын қалай тарту қажеттігін де жетік білемін. Ал, бұрын жасалынған жұмыстарды көз алдау десек те болады. Шұңқырды қазды, құбырды да тастамаған болар. Өткен жылдан бері тұрған, содан бері шынайы қимылдап жасалып жатқан жұмысты көрмедім, - дейді Петр Григорьевич (суретте).

володар 3

- Біз басқасын былай қоғанда, балаларымыз қазған шұңқырларға түсіп кетіп, жазатайым оқиға орын ала ма деп қорқамыз. Мердігерлер сондай оқиға орын алған кезде қимылдайтынын да көріп жүрміз ғой. Бұрын ауыл іші жаңбыр жауған кездері жаңбыр суы құмға сіңіп жоқ болатын. Қазір жердің астын үстіне шығарғалы бері нөсер жауса, ми батпаққа айналады. Оның өзі адамға едәуір кеселін келтіреді. Өткен жолы менің дүкеніме келген көлік жүргізушісі шұңқырға түсіп кетуге сәл-ақ қалды. Мен қазіргі мердігер компанияға ризамын. Шама келгенше жеделдетіп жұмыс жасауда. Бұрынғы мердігер барлығын қазып, өз жөніне кете барды. Енді тездетіп құбырларды тартып, шұңқырларды бітеп берсе, біз разы болар ек. Өйткені бұл шұңқырлардың қазылғанына үш жылдай болып қалды, - дейді ауыл тұрғыны Александра Хасанова.

Ауыл тұрғындары жұмысты атқарып жатқан қандай мердігер компания екендігінен бейхабар болған соң біз Трекин ауылдық округінің әкімдігіне бас тіредік. Ондағы мақсат ауылдық округ әкімінен мердігердің кім екендігін анықтау болатын. Алайда әкім аудан орталығына жол жүріп кеткендіктен телефон арқылы тілдесуге тура келді.

- Мен Володар ауылына барып, жағдайды көріп тұрамын. Бұрынғы мердігер кетіп, қазір бұл іспен басқа мердігер айналысуда. Телефон номерін берейін, сол кісімен тілдесіп көр, - деді округ әкімі Сәбит Сатқанов.

володар

Володар ауылына су құбырын тартып жатқан мердігер компания –«Сервис Партнер» ЖШС. Амангелді Берікқалиев жетекшілік ететін аталмыш компания бүгінде 23 құдықты толықтай бітірген.

- Бізден бұрын ауылға су құбырын тартумен «Алатау Айдана Агро» ЖШС айналысқан. Олар құбырларды нақ құдықтың ішіне емес, жанына әкеп тастаған соң біз оларды қайта түзетуге мәжбүр болдық. Бұрын дұрыс атқарылған жұмыс болса, біз бұл істі баяғыда-ақ бітірген болар едік.

Жалпы, қаржының дер кезінде бөлінбеуі де біздің жұмыстың жүруіне кедергі келтіруде. Мәселен, 2 шақырым 400 метрдей жерге өз қалтамнан 10 милионнан астам қаражат жұмсадым. Енді он екі құдықты қалпына келтіріп, жұмысты толық аяқтауға «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы» ЖШС-нан 20 пайыз қаражатын төлеп, қалғанын қарызға құбырлар алудамын. Жасалған келісімшарт бойынша әр үйдің ауласына жеткізе құбыр шығарып кету міндетін де атқарып келеміз. Сондай-ақ кейбір адамдардың үй ауласының ішіне өздерінің сұраныстары бойынша кіргізіп беріп те жатырмыз. Жалпы бұл шартта көрсетілмеген. Мен кейде осы іске бекер кірістім бе деп те ойлаймын. Бірақ мойынға алған соң тұрғындар үшін барымды салып жатырмын, - дейді Амангелді Жүсіпқалиұлы.

Ауыл тұрғыны Петр Колузанов шұңқырларды тездетіп жауып тастауын өтінеді. Айтпақшы Володардан Трекинге келгенде де дәл осындай көрініс алдымыздан шыға келді. Қазылған шұңқыр, көмілмеген құдық. Бұл іс те бітер, алайда жазатайым оқиға орын алмаса игі...

Нұрлыбек МҰХАМБЕТИЯРОВ,

Зеленов ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале