16.10.2020, 12:40
Оқылды: 2218

Волонтер болу – жүректің батырлығы

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

«Қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде  атсалысатын адамдардың саны тұрақты артып келе жатқанын көріп отырмыз. Қызметкерлердің волонтерлік жұмысын еңбек кітапшасына міндетті түрде тіркеу туралы шешім қабылданды. Бұдан бөлек волонтерлікпен айналысқан жастарға университетке, колледжге түсу кезінде бірқатар басымдық беріледі».

Volonter (1)

Коронавирус індеті салдарынан ел күтпеген карантин жарияланып, қатынас үзіліп, қалалар құрсауға алынғандай күй кешті. Наурыз-сәуір айларында жарияланған екі айлық төтенше режім одан кейін карантин шектеулерінің бірнеше мәрте күшейтілуі, ауруханаларда жаппай орын тапшылығының туындауы, қысқа уақыттағы қарбалас оқиғалар көпшілік үшін аумалы-төкпелі кезең болды. Тарыққанға дем, қиналғанға жәрдем бергендердің қатарында еріктілердің еңбегі ерен екенін ешкім жоққа шығармас. ҚР Президенті Жарлығымен биыл Волонтер жылы деп жарияланды. Үміт пен күдік, қуаныш пен қайғы араласқан кезеңге көз сүзіп, ой шолатын уақыт та таяды. Себебі жылдың соңы – желтоқсан айы да менмұндалап тұр.

– Төтенше жағдай жарияланғаннан кейін басты бағыт-бағдарымызды айқындап алу оңайға түспеді. Адамдар қатерлі дертке шалдығып, айлық табысынан айырылып, жұмыссыз қалғандар көбейді. Елде дәрі-дәрмек тапшылығы пайда болды. Осы кезеңде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының бастамасымен «Birgemiz» волонтерлік штабы құрылды. Басты міндет волонтерлік қозғалысты бір арнаға бағыттау, еріктілер ұйымдары мен топтарының басын қосу болды. Штаб жанынан қауырт желі іске қосылды. Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлері, жалғызбасты зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар қоңырау шалып, көмек сұрай бастады. Көптеген бизнес-нысан жұмысы тоқтап, шығынға батып жатса да, кәсіпкерлер қол қусырып қарап отырмай, «Қандай көмек керек?» деп белсенділік танытқаны мәрттік болды. Солардың арқасында әлеуметтік қоржын жинақталып, волонтерлар азық-түлік, дәрі-дәрмек, тұмшалар таратуға кірісіп кетті, – деді облыстық «Birgemiz» волонтерлік штабының жетекшісі Аслан Тапишев.

Volonter (7)

Орал қаласында 20 округ бойынша еріктілердің белсенді қозғалысы басталды. Волонтерлар әр округ демеушілерімен бірге жұмыстанып, қауырт шақта тізе қоса қимылдады. Облыстық ассамблея жанынан мұқтаж отбасыларға «Қайырымдылық керуені» арқылы азық-түлік себетін беру бірнеше мәрте ұйымдастырылды. Спортшы волонтерлар провизорлық орталықтар мен тұрғындарға Ресейден вирусқа қарсы дәрі-дәрмек жеткізіп отырды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған «Ақжайық волонтерлары» корпусының қимылы да ерен болды. Меценаттар және демеушілер көмегімен ауруханаларға келген жүк көліктеріндегі медициналық құрал-жабдықты, өкпені жасанды желдету құрылғылары мен дәрі-дәрмек қораптарын жастар топ болып аулаға түсіріп, ауруханалардағы кабинеттерге орналастыруға қолғабыс жасады.

Volonter (8)

Көзге көрінбейтін майданның алғы шебінде жүрген дәрігерлерге уақытпен санаспай, тәулік бойы көмектесуге жігері от, жаны ізгі жас еріктілер тәуекел етті. Науқастың төсек орын жабдығын дайындау, жатын бөлмеге кереуеттерді орналастыру, оттегі баллондарын тасымалдау – әр қимыл есептеулі кезеңде еріктілер өз мойнына алған жауапты міндетке айналды. М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Мәдениет және өнер» факультетінің 4-курс студенті Серік Мұқашев шілде айында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында санитар қызметін атқаруға өтініш білдірген. Көп ұзамай студент өтініші қабылданып, медицина қызметкерлерінің қол баласындай болып кетті.

Volonter (9)

– «COVID-19»-дың қатерлі вирус екенін ойлаған сайын көкейіме сан алуан сұрақ оралып, санамды сан мың күдік шырмаса да, қанша мәрте ойланып-толғансам да, тәуекел етуге шешім қабылдадым. Маған, алдымен, эпидемиолог маман коронавирустан сақтану тәртібін тәптіштеп айтып, санитарлық талапты қатаң сақтаудың маңызын ұзақ түсіндірді. Алғашқы күні обаға қарсы киетін саңылаусыз костюмнен тұла бойым зіл тартып, жедел қимылдамақ түгілі, тыныс алудың өзі қиындап, көзілдірігім буланып,  қара терге шомдым. Сол кезде талдырмаш денелі медбикелер зыр жүгіріп, науқастарды сүйемелдеп, ем қабылдайтын бөлмелерге емін-еркін алып бара жатқаны қайран қалдырды. Бір ай бойы аурухана ұжымының жанкешті тірлігіне куә болдым. Науқас бөлмесін тазалау, оттегі баллондарын бөлу, медициналық құрамның құрал-жабдығын жедел жеткізу міндетін  санитарлар қалтқысыз қызмет атқарып жатты. «Қауіпті аймақта» жүргенде өкпені жасанды желдету құрылғысынан ажырап, қимылсыз қалған науқастарды көргенде жаным түршігетін, – деді Серік Мұқашев (суретте).

«Birgemiz» волонтерлік штабының жетекшісі Аслан Тапишев төтенше жағдай мен одан кейінгі қатаң карантин кезінде аудандармен байланыс үзілмегенін айтты. Әр ауданда жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың жанынан құрылған волонтерлік корпус орталық штабпен ұдайы хабарласып, қалыптасқан ахуалға байланысты қандай көмек керектігін тамыршыдай тап басып мә-лімдеп отырды. Алғашында облыс орталығында 450 еріктінің еркін жүріп-тұруы үшін рұқсат қағазы берілді. Ел-жұртты жаппай әбігерге салған кеселдің күшейіп кетуіне байланысты штаб мүшелері сақтық шараларына ден қойып, қаладағы еріктілер саны 45-ке дейін қысқарды. Карантин талабы бойынша еріктілердің жас ерекшелігі және оларды дәрі-дәрмек қорымен, қорғаныс киімімен қамтамасыз ету мүмкіндігі ескерілді. Волонтерлық штабқа облыс және қала әкімдігі қолдау білдірді, еріктілер төтенше жағдай қызметі және құқық қорғау құ-рылымдарымен, санитар және денсаулық сақтау ұйымдарымен бірлесіп жұмыс істеді.

Volonter (11)

– Карантин кезіндегі қарбалас волонтерларды шыңдап, ерікті-лердің іс-қимылына ерекше серпіліс берді. Еріктілер ұйымдары ортақ мақсат үшін жұмыла кірісті. ҚР «Қызыл Жарты Ай» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиал жетекшісі Светлана Тенишева қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі үйретіп, көпшілігі абдырап жатқанда, алғаш бағыт-бағдар бергендердің бірі болды. Соның арқасында сақтық шараларын мұқият ойластырып, қайы-рымдылық көмек жасауға жедел кірісіп кеттік. Карантин кезінде жалғызбасты жандардың қиын жағдайда қалғанын көрдік. Олар әлі күнге хабарласып, таза су, дәрі-дәрмек жеткізіп беруді сұрайды. Өкпені жасанды желдету құрылғысын орнатуға барған жастардың жан-дәрмен қиналып жатқан науқастарды көріп, ауруханадан көз-дері мөлтілдеп шыққанын талай мәрте көрдім. Облыс және қала басшылығы штаб қызметінің жандануына ұдайы қолдау білдіріп, бағыт-бағдарымызды сұрап отырады. Қазіргі уақытта волонтерлік штаб қарамағына үш аутобус бекітіп берді. Қайырымды адамдар қай кезде де табылады. Штабты іздеп келіп көмек қолын ұсынғандар көп болды. Бірі аутокөлігімен жүк тасымалдаса, бірі сұрағанымызды шама-шарқынша тауып беріп жатты. Өз қаражатына азық-түлік алып, қайырымдылық істің бас-аяғына дейін жүрген волонтер-кәсіпкерлердің демеуі зор болды. Біздің қатарымыздағы ең кіші волонтердің жасы 13-те. Ата-анасымен штаб ғимаратына бірге келіп, хат бүктеу, қойма ішін реттеуге көмектеседі, – деді Аслан Тапишев.

75CD139A-AE40-43D7-A07C-1165048B28F8

Волонтерлік қызметті жан-тәнімен сүйетін Самал Ғабдуллина жасы 25-те. Өзінің айтуынша, мектепте оқыған кезінен ерікті ретінде қоғамдық шараларға белсенді араласу, көмекке мұқтаж адамдар-ға қолұшын созу оған ұнайды. Ерікті ретінде қызмет етуді өмірлік ұстанымына айналдырғанына сенімді. Волонтерлер жылына байланысты бекітілген жеті бағыттың ішінен «Birgemiz: Sabaqtastyq», «Birhgemiz: Taza Qazaqstan», «Birgemiz: Qamqor», «Birgemiz: Umit» жобаларына қатысуды басты мақсат тұтқан. Самал Зейінқызы – «Birgemiz» волонтерлік штабы, «Орал қаласының студенттер альянсы» корпоративті қоры, «Жас Отан» жастар қанаты, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының волонтері мен «Жеңіс» республикалық жобасын жүзеге асырушы ретінде белсенді еріктілер ұйымдарында қызмет етеді.

– Карантин жариялаған кезде «Birgemiz» штабында қызмет етіп, телефон арқылы тапсырыс қабыл-дап, қала ішінде белгіленген мекенжайлар бойынша азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткіздік. Денсаулық сақтау мекемелері де көмекке мұқтаж екенін айтты. Провизорлық орталықтардың науқастарды қабылдап алуға дайындалуына үлес қостық. Жазғы уақытта аптап ыстық болуына байланысты үйден шыға алмаған тұрғындарға бес литрлік құтымен таза ауыз су тасыдық. Қазіргі уақытта еңбек ардагерлері мен жалғыз-басты қариялар баспанасына барып, үй іші мен ауласын тазалаймыз. Бау-бақшасын суарып, арамшөптерін жұламыз. Үйінің қабыр-ғасын әктеп, есік-терезесін сырлап, қолымыздан келген жұмыстың барлығын шынайы пейілмен атқарамыз, – деді Самал Ғабдуллина.

Ол көмекке мұқтаж адамдардың қол баласындай болып кеткен волонтерлердің жігерін жанып, дем беріп, қоғам болып қолдау білдірудің маңызы зор екенін айтты.

Шынайы жанашырлықпен көмектесуге бел байлаған соң, еріктілер ешкімнен алғыс дәметпейді. Бірақ еріктілердің еңбегі зая емес екенін айғақтау үшін қолдарына сертификат беріп, белсенді қызмет еткендерін мемлекеттік құрылымдар дипломдармен марапаттап отырса, нұр үстіне нұр болмақ. Сонда олардың ата-анасы мен туысқан-дары да еріктілер қызметі еш болмағанына көз жеткізеді. Еріктілер қызметіне ақы сұрамайтыны айдан анық. Десек те, волонтерлер көмегіне тапсырыс берген мекеме көлікпен діттеген жеріне алып баруды мойнына алғаны жөн. Мәселен, қала маңында сенбілік жұ-мыстары ұйымдастырылған жерлерге қоғамдық көліктер бармауы мүмкін. Сонымен қатар тапсырыс беруші ұйым еріктілердің күн ұзақ ашқұрсақ жүріп қалмауын, уақты-лы ыстық тамақпен қамтылуын қадағалауы керек.

– Мамыр айында еңбек ардагерлерін ұлықтаған соң, көпшілігі оларға қамқорлық  танытуды ұмыт қалдырады. Ал қарияларға жыл бойы күтім жасау ауадай қажет қой.

Волонтерлер жылы деп жарияланған соң ғана еріктілер ұйымдарына жаппай назар аударыла бастады. Одан кейін де волонтерлік қозғалысты қағыс қалдырмай, ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Волонтерлерге  жалдамалы жұмысшы ретінде атүсті қарайтындар бар. «Бір-екі сағатта тәмамдалатын шаруа» деп барған еріктілер қыруар істі атқаруына тура келеді. Сондықтан волонтер құқығын заң тұр-ғысынан қорғауды ширату керек. Айта кетейін, Нұр-Сұлтан, Алматы, Павлодар қалаларында еріктілерді қолдау жүйесі ерекше. Мысалы, жыл сайын волонтерлерге арнап лагерь ұйымдастырады. Көлікпен табиғат аясына алып барып, белсенділерін марапаттайды, қоғамға үлгі ретінде еңбегін атап өтіп, емен-жарқын кездесулер өткізеді, – деді волонтер қыз.

Самалдың сөзін «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының кеңесшісі, Орал қаласының «Үздік волонтері» аталымын иеленген  Ерлік Шамғали да қостайды. Оның айтуынша, «Жастар – біздің болашағымыз» деп дәріптегенімен, билік буыны кейде жастар саясатын жандандыруға ықылас таныта бермейді. «Мәселен, тоғыз ай бойы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы басшысының тағайындалмай келе жатқаны – осының бір айғағы. Облыстағы 128 мың жастың ішінен бір көшбасшының табылмауы мүмкін емес. Волонтерлер жылында жастар саясатына ерекше серпін беру қажет еді. Басқа өңір жастарымен тұрақты байланыстамыз. Мәселен, Шымкент, Өскемен, Ақтөбе қалаларында студенттердің қоғамдық көлік жолақысын төлеуге 50 пайыз жеңілдік жасалған. Ең болмаса, волонтерлерге осындай қолдау білдірсе, еріктілер қатары көбейе түсер еді. «Nur Otan» партиясы атынан 1500 отбасына азық-түлік таратқан кезде, басқарма басшыларынан волонтерлерімізді көлікпен қамтамасыз етуді сұраған кезімізде, олардың көбі қолдау білдіруден бас тартып жатты. Содан еріктілер өз қалтасынан ақша шығарып, такси жалдауына тура келді. Әрине, қала әкімдігінің қол-дау білдіріп отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен волонтерлерді жүйелі қолдау, үздік деп танылған еріктілерге бір жылдық болса да, оқу грантын тағайындау, университеттердің ақылы бөліміндегі студенттердің оқу төлеміне жеңілдік жасау секілді ынталандыру тетіктері билік тарапынан қолға алынса, құба-құп болар еді. Праймериз үміткері ретінде де осы мәселелерді анық көтердім», – дейді Ерлік Шамғали.

P.S. Ерікті болу, әрине, жас талғамайды. Бағыты да сан алуан. Бірақ жігерлі де жас жанашырлардың саны басым екені анық. Биыл облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйытқы болуымен volunteer07.kz сайты іске қосылды. Облыс бойынша 10 мыңнан  астам адам волонтер ретінде тіркелді. Оның ішінде 8 волонтер – «алтын» (64 жастан асқандар), 34 волонтер – «күміс» (50 жастан асқандар) болып саналады, қалғандары – жастар. Сайттың дәнекер болуы арқасында волонтерлік бағытта 18 155 іс-шара өткізілген. Аталған басқарма 2021 жылы волонтерлік қызметті қолдауды жалғастырмақ. «Волонтерлік корпусты дамыту бойынша іс-шаралар өткізу» жобасы аясында 6 млн қаражат бөлуді жоспарлап отыр. Ақын Ғафу Қайырбековтың өлең жолын сәл өңдесек, «Волонтер болу – жүректің батырлығы» екеніне ешкім дау айтпас. Іске сәт, еріктілер!

 

Нұртай  Текебай,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Еріктілер еңбегі:

  1. Волонтерлер күшімен облыс бойынша 13 343 отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізіліп, басқа бағыт бойынша атаулы көмек көрсетті. Аудандарда 685 волонтер 5123 атаулы көмек ұсынды.
  2. Орал қаласы және аудандарда волонтерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірлесіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 1206 рейд жүргізді.
  3. Облыс бойынша волонтерлер 350 мың масканы (80 мың маска қолдан тігілді, 270 мың масканы демеушілер алып берді) тегін таратты.
  4. Жыл басынан бері облыстық волонтерлік штаб волонтерлері «Birgemiz: taza-alem» жалпыұлттық жобасы аясында 18 акция ұйымдастырып, 62,2 тонна қоқыс шығарды.
  5. Індет күшейгенде адам өмірін сақтап қалу үшін күрескен, коронавирус індетіне шалдыққан 409 медицина қызметкеріне волонтерлер су, дәрі-дәрмек, басқа да тұрмыстық қажет заттарды жеткізіп, үнемі бақылауда ұстады.
  6. Ұлы Отан соғысы қатысушылары мен тыл еңбеккерлеріне және сала ардагерлеріне (324 адам) волонтерлер 10 күн сайын қоңырау шалып, қамқорлық көрсетуде.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале