18.02.2020, 19:00
Оқылды: 133

Волонтерлық қызмет жас таңдамайды

Бүгін мүмкіндігі шектеулі жандардың «Арба» қоғамдық бірлестігінің бастамасымен «Волонтерлар мен еріктілер. Қазақстанның болашағы қайырымды істерде. Волонтерлық істі әлеуметтік-әлжуаз топтардың арасында дамыту мәселесі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

1 (19)

Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Егізбаев, "Nur Otan" партиясы БҚО филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Мұқаев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Н.Ораш, «Бәйтерек» қоғамдық бірлестігінің төрайымы М.Санкаева, корей этномәдени бірлестігінің төрағасы В.Ан және бірқатар ерікті жастар қатысты.

Галстуксыз ұйымдастырылған ашық диалог Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қолға алынған. Мұнда Еріктілер жылында қимыл-қозғалысы шектеулі, мүгедек жандардың  волонтерлік іспен айналысуына мүмкіндік жасау, оларды оқыту, қолайлы орта туғызу, сонымен қатар волонтерлық қызметке мұқтаж жандарға көмек көрсету мәселелері талқыланды. Жиын барысында «Арба» қоғамдық бірлестігінің атқарып жатқан істерімен таныстырған Гүлмира Батпақұлова бірқатар ұсыныстарды алға тартты.

1 (10)

- Еріктілер жылында біздерге өзінің білімі мен тәжірибесін бөлісуге даяр, мүгедектермен жұмыс жасауға ынталы, олардың қоғамда өз орындарын табуға қол ұшын соза алатын волонтерларды іздейміз. Біздің қоғам мүгедектермен тікелей бетпе-бет жұмыс жасауға психологиялық, моральдық тұрғыдан дайын емес. Ал адамдардың көмегіне бірден-бір мұқтаж жандар – мүгедектер. Сондықтан өзіне сенімді нағыз волонтерлармен тығыз жұмыс жасауға дайынбыз, - дейді «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова.

Одан әрі облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев волонтерлық қозғалыстың облыстағы жай-күйіне тоқталды.

- Биылғы жарияланған Волонтерлар жылы аясында игі істерді жандандыруға мол мүмкіндіктер бар. Бір жобамен шектелуге болмайды. Волонтерлық жұмыс жаспен шектелмеу керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қайырымды іс жасау жас талғамайды. Ең алдымен істеген ісің, жасаған қайырымдылығың шын ниетпен, жүрекпен жасалуы керек» деген болатын. Сондықтан, еріктілер қатарына қосылам деген кез-келген адамды қолдауға дайынбыз. Жақында облысымызда волонтерлық қозғалысты қолдау мақсатында арнайы сайт ашылды. Сайтқа облыс әкімі Ғали Нәжімединұлы алғашқылардың бірі болып тіркеліп, қайырымдылық шарасын бастап кетті. Әрі қарай эстафетаны мемлекеттік қызметтегі барлық әріптестеріне жалғады. Бұл бастама қоғамда үлкен қолдауға ие болады деп сенеміз. Бүгінгі дөңгелек үстел аясында нақты үш-төрт жобаны талқылап, оны іске асыру тетігін тапсақ, кездесуіміздің оң нәтижесі деп білемін,- деді Серік Рахметоллаұлы.

Жиын соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.

Ләззат Шағатай

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале