12.04.2018, 18:12
Оқылды: 59

Халықаралық конференция өз жұмысын бастады

konferens 2Бүгін Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында облыс әкімдігі мен «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің ұйымдастыруымен «Еуразия өзенаралығы: білімнің салтанат құруы, прагматизм және бәсекеге қабілеттілік» атты VIII халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жұмысын бастады.  Екі күнге созылатын конференцияның басты мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарын жүзеге асыру, қоғамдық сананы жаңғырту және инновациялық технологияларды экономикаға кеңінен енгізу мәселелерін талқылау.

Конференцияға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының өкілдері, Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік ғалымдар, өңірдегі өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары қатысты.

-«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»бағдарламасы аясында облыста өткен жылы 250 мыңнан астам адамды қамтыған 150-ге жуық шара өткізілсе, ағымдағы жылы 414 шара өткізу жоспарланып отыр. Ұлттық дәстүрді сақтау, қайта жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Ұлтымыздың ұлы мұрасы домбыра үнін жастардың бойына сіңіру мақсатында облыстың барлық мектептерінде үзіліс кезінде қазақ композиторларының күйлерін ойнатуды қолға алдық. Мектептер жанынан өлкетану музейлері ашылуда. Оған қоса тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында елімізде алғашқы болып Рухани жаңғыру музейі ашылғаны белгілі. Бүгінгі күні он мыңға жуық адам келген. Оның ішінде алыс-жақын шетел мемлекеттірінің азаматтары да бар. Облыстан «Қасиетті орындар тізіміне» жеті ірі нысанның енгені де баршаңызға мәлім. Соның ішінде Бөкей ордасы тарихи-мұражай кешеніне елімізден және алыс-жақын шетелдерден келетін туристердің қызығушылығы айрықша.Тізімге енген ортағасырлық Жайық қалашығы да жұртшылықтың назарында. Көне шаһардың орнын аспан асты тарихи-мәдени табиғи ландшафтық мұражай-қорыққа айналдыруды жоспарлап отырмыз. Былтыр Сырым ауданында Алаш қозғалысының жүз жылдығы қарсаңында Алашорда музейіне күрнделі жөндеу жүргізіліп, экспозициялар жаңартылды. Осындай қарқынмен облысымызда бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар мақсатты түрде жалғасуда. Қазіргі жаһандану дәуірінде алпауыт мемлекеттердің мәдениеті кішігірім басқа мемлекеттердің мәдениетін жойып кетуде. Сондықтан біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауымыз керек. Ұлттық мұрамыз – ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрімізді   келесі ұрпаққа аманат етіп жеткізу – біздің парызымыз,-деді шарада  сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов.

konferensМемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне бір жыл толғанын атап өткен ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Ләззат Нұрқатова бағдарламаның еліміздің барлық саласына жаңаша леп, соны ізденіс әкелгендігін және қазақ өркениетінің даму үрдісіне ауқымды үлес қосып отырғанына айрықша тоқталды.

-ҚСЗИ сарапшылары жүргізген сараптамалық талдаулар мен ивент-талдауларының нәтижесі көрсеткендей, Қазақстан халқы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының басым бағыттарымен жақсы таныс және оларды жүзеге асыруға белсенді атсалысуда. Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне ауыстыру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстанның қасиетті жерлері», «Қазақстаның жаңа 100 тұлғасы» жобалары жұртшылықтың үлкен қолдауына ие. Елбасының қоғамдық сананы жаңғыртуға қатысты ұсынған жобаларының маңыздылығын қазақстандықтар жақсы түсінеді,-дейді Ләззат Төлегенқызы.

Басқосуда сөз алған М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен Хьюстон университетінің профессоры, ресейлік ғалым Юрий Афониннің пайымдауынша, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы маңызды бағыттар екі ел әріптестігін одан әрі тереңдетуге үлкен мүмкіндік ашады.

ҚР Ұлттық инженерлік академиясының облыстық филиалының төрағасы, «ҚазИИТУ» ғылыми-білім кешенінің президенті Ақсерік Әйтімов елімізде Үкімет ұсынып отырған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына сәйкес алдыңғы қатарлы өндірістік бағыттарға ақпараттық технологияларды енгізу арқылы өнімді арттыру жолдары көзделіп отырғанына тоқталып, осы орайда Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университеті цифрлы экономикамен тығыз байланыста жаңа бизнес модельдерін табысты енгізіп, лайықты бәсекеге түсе алатын білікті мамандар даярлауды басты назарда ұстайтынын атап өтті.

Конференция барысында Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов пен Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетінің өкілі Ильдар Хасаншин әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

- Бүгінгі таңда ҚазИИТУ ғылыми-білім кешені 37 жоғары оқу орнымен әріптестік байланыс орнатқан. Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетімен бірге бәсекеге қабілетті маман даярлаумен қоса, жасанды интеллект, экономика саласындағы информатика, ІТ технология салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Бағдарламалық мақаладан туындайтын негізгі қағидаттар: бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, сананың ашықтығы, білімнің салтанат құруы сияқты үлкен мәселелерді жан-жақты талқылап, өз бағаларын берді. Ресей елінің онға жуық жоғары оқу орнының белгілі оқытушы-ғалымдары, магистранттары мен студенттері қатысуда,-дейді Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялар жүйесі университетінің ректоры Әліби Баяхов.

- Қос университеттің ғылыми мектептерін интеграциялау арқылы  жерді қашықтықтан зондтау, метоматериалдар, кездейсоқ антенналар және т.б. серпінді бағыттар бойынша ортақ ғылыми жобаларды қолға алмақпыз. Әріптестік аясында цифрлық қоғамды қалыптастыру және дамыту мәселелеріне баса мән бермекпіз. Өйткені Қазақстанда ақпараттық қоғам қалыптастыру бағытында қыруар іс атқарылды. Сондай ауқымды бағдарламалардың бірі – «Цифрлық Қазақстан» жобасы,-дейді Поволжье телекоммуникациялық және ақпараттық мемлекеттік университетінің сандық экономика кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Ильдар Хасаншин.

Секциялық отырыстарда «Сандық Қазақстан» жобасының аясында заманауи ақпараттық технологиялар және модельдеу әдістері, Адам капиталы – жаңғырту негізі, Қоршаған орта және азық-түлік қауіпсіздігі: мәселелері және даму келешегі, Ақылды қалалар, Туристік-рекреациялық бағыттар мен Қазақстанның көрікті жерлері, ресурстық және қуат үнемдейтін технологиялар: Қазақстанды жаңғыртудың рөлі және т.б. тақырыптар бойынша барлығы 120-ға жуық баяндама тыңдалып, талқыланды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале