1.04.2020, 20:04
Оқылды: 151

«Халықтың қолдауы - төтенше жағдай талаптарын бұлжытпай орындауы»

Елімізде коронавирустың таралуына байланысты төтенше жағдай жарияланып, халқымыздың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті шаралар қолға алынуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әлеуметтік жағдайды тұрақтандыру бағытында атқарылатын жұмыстарды нақтылады. Күні кеше еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты мәлімдеме жасаған болатын.

Бүгінде мемлекет  тарапынан қажетті шаралар дер кезінде қолға алынуда. Зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы мен атау­лы әлеуметтік көмек мөлшері 10 пайызға өсетін болды. Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөл­шерінде қолдау көрсетіледі. Тегін берілетін тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың да алатынына қауаныштымыз. Бұлардың бәрі елімізді, тіпті әлемді алаңдатқан қиын шақта халыққа көрсетілген қолдау деп білемін. Алайда жан-жақты көмек көрсетіп жатқан мемлекетке де халықтың өзі қолдау көрсету керек. Біз, қарапайым халық, төтенше жағдай режімінің талаптарын бұлжытпай орындап, санитарлық-залалсыздандыру шараларын мұқият қолға алуымыз керек. Күндіз-түні қызметте жүрген дәрігерлерге, полиция қызметкерлеріне және басқа да құзырлы мекеме қызметкерлеріне қолдау көрсеткеніміз жөн. Күрделі кезеңде сабырлылық пен шыдамдылық танытқанымыз абзал. Біздің, әрқайсымыздың жауапкершілігіміз – тек бір адамның емес, айналадағы барша жанның өмірі үшін маңызды. Сондықтан  елдегі талап-ережелерді бір кісідей орындап, түсіністік танытайық. Біз сонда ғана қиындықты жеңіп, қуанышты күндерде жолығамыз.

Рада Хайрушева

«Аялаған алақан» қоғамдық қайырымдылық қорының басшысы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале