15.02.2017, 18:58
Оқылды: 94

Хамза Есенжановтың есімі берілді

Батыс Қазақстан облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет белгісі» және Еңбек Қызыл ту ордендерінің кавалері, жазушы Хамза Есенжановтың есімі ресми берілді.

Салтанатты жиынға өңіріміздің ақын-жазушылары, мәдениет және өнер қайраткерлері, кітапхана оқырмандары қатысты.

- Бүгінгі күн кітапсүйер қауымның мерекесі. Кітапхана мен мешітте төр мен босаға болмайды. Мешітке жиылған жамағат иманына жүгінсе, кітапханаға келген жан арына жүгінеді. ҚР Үкіметінің №827 Қаулысына сәйкес  облыстық балалар және жасөспірімдер коммуналды мемлекеттік мекемесі Батыс Қазақстан облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы болып өзгертілді. Ақжайық ауданының Сарыөмір ауылында дүниеге келген  Хамза Ықсанұлы 1938 жылы халық жауы деп темір торға тоғытылған болатын. Содан 1956  жылы ғана толық ақталып елге оралды. Туған ауылына оралған  соң өнімді шығармашылық еңбек жолын бастаған болатын. «Ақ Жайық» трилогиясы мен «Көп жыл өткен соң» роман-дилогиясы бес кітаптан тұратын тұтас эпопея іспеттес еді. Жазушы очерк, әдеби сын мақалалар жазумен қатар, аударма саласына да өнімді үлес қосты. Бұл кеш туған елін шексіз сүйген  ұлды ұлықтауға арналып отыр,- деді шарада облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының  басшысы Дәулеткерей Құсайынов.

Салтанатты шара М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері «Ақ Жайық» трилогиясынан дайындаған қойылыммен жалғасып, мектеп оқушыларының әуезді әуендерімен аяқталды.

                                                                  Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале