19.04.2019, 11:46
Оқылды: 317

«Харекет» түбі – берекет немесе қор сыйлаған 87 үй

«Көп түкірсе көл» деген сөзді растап, айналамызда өзгенің қайғысы мен қиындығына бейжай қарамайтын қайырымды жандар бар екендігіне, сын сәтте қолтықтан демейтін атымтай жомарттар сіз бен біздің ортамызда жүргендігіне сендіріп үлгерген «Харекет» республикалық қайырымдылық қоры 2017 жылдың күзінде ресми түрде тіркелген. Аталмыш қор қазақ халқының ұмытыла бастаған жылу жинау дәстүрін қайта жаңғырта отырып, үздіксіз садақа беруді насихаттап, ел арасында қайырымдылыққа деген ынта-ықыласты арттыруды мақсат еткен. Қордың құрылуына оның негізін қалаушы әрі жетекшілерінің бірі Гүлмира Мұқанқызының әлеуметтік желідегі бір жігіттің «Менің парақшама жазылған әр адамнан 1000 теңгеден жинап, «черная касса» ойнайық!» деген ұсынысын байқап қалуы түрткі болады. Жарияланған жазбадан кейін ойға қалған Гүлмира ханым өз парақшасындағы оқырмандары ортасына «Жетімі мен жесірін жылатпаған халықтың ұрпағы ретінде әрқайсымыз 1000 теңгеден қайырымдылыққа жұмсасақ, осында отырған 5 мың адамнан 5 млн. теңге қаражат жиналады екен. Осы игі істі қолға алып, әр ай сайын мұқтаж жандарға баспана алып беруді дәстүрге айналдырайық!» деп ой тастайды. Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып, кең пейілді жандардың арқасында «Харекет» қайырымдылық қоры құрылады. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ұстаныммен Алғадай Әбілғазыұлы, Гүлмира Мұқанқызы, Ардақ Байғабыл, Азамат Елубайұлы, Қуат Қабдолда, Алмагүл Мұқанқызы секілді жанашыр жандар жетім-жесірге, мұқтаждарға жақсылық жасау жолында бас біріктіреді. Уақыт өте, қор «Өнер қырандары» театрымен бірігіп жұмыс жасауды бастайды. Мадияр Серікбаев бастаған ұжым бүгінде әлеуметтік желі арқылы белсенді жарнама жасап, қордың игі бастамасын өздерінің әрбір кезекті концерттерінде насихаттап, билет сатылымынан түскен қаражатты қордың есепшотына аударуды, Қазақстан қалаларындағы әр концерттік бағдарлама кезінде мұқтаж отбасыларға пәтер кілтін салтанатты жағдайда тапсыруды дәстүрге айналдырып жүр.

news_image_13305

Құрылған сәттен бастап еліміздің түкпір-түкпіріндегі біраз шаңырақты шаттыққа бөлеп, көптеген жанның жүрегіне үміт отын жаққан қайырымдылық қоры жалпы 87 отбасының, ал Батыс Қазақстан облысы бойынша төрт отбасының баспаналы болуына ұйытқы болды.

Қордың халық игілігі үшін жасаған ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Аз ғана уақыттың ішінде ауқымды іс атқарған «Харекет» қайырымдылық қорының ұжымы 2018 жылы «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында өткізілген «Алтын жүрек» ұлттық сыйлығына лайықты деп танылып, түрлі салада қайырымдылық жасап жүрген жеке тұлғалар мен ұйымдар арасынан оқ бойы озық шығып, «Жыл ұйымы» атанды.

«Жүректің кеңдігі қалтаның қалыңдығымен өлшенбейді...»

«Харекеттің» біздің өңіріміздегі қайырымдылық істерінің басы-қасында Айдана Меңжанова жетекшілік ететін «West Үміт» еріктілер тобы жүр. Облыстық орталық мешіт жанында орналасқан бұл ұйым құрамында шамамен жиырма шақты ерікті топтасқан.

– Мені бауырына басып, бар мейірім-махаббатын төгіп өсірген асыл әжем кішкене кезімнен «Адам өзінен артылған несібесін айналасындағылармен бөлісуі тиіс. Жүректің кеңдігі қалтаның қалыңдығымен өлшенбейді, ал өзіңнен жағдайы нашар жанға қолұшын созу үшін ниет, ықылас, шынайы жанашырлық жеткілікті» деп, құлағыма құйып отыратын. Есейе келе, жанды ауыртар біраз жайтты көзбен көргеннен кейін осы сөздердің парқын түсініп, қайырым-дылық шараларын ұйымдастыруды қолға алдым. Еріктілер тобына атау таңдау кезде көп ойланбадым, маған берген тәлім-тәрбиесінің тамшыдай ғана өтеуі болсын, әрі аруағы желеп-жебер деген ниетпен әжем Үміттің есімімен атауды жөн көрдім. «West Үміт» еріктілер тобының жұмысымен бірге «Харекет» республикалық қайырымдылық қорының облыс көлеміндегі іс-шараларына үлес қосып келеміз. Таудай іске тамшыдай үлес қосуды шын бақыт деп санаймын, – дейді Айдана бізбен әңгімесінде.

Айтуынша, еріктілер тобының осы кезге дейін атқарған шаруалары ұшан-теңіз. Мәселен, 2018 жылғы оқу жылына дайындық барысында облыстық орталық мешітпен бірлесіп, «Мектепке жол» акциясы аясында 225 баланы қажетті киім-кешекпен, оқу құралдарымен қамтыған. Сонымен қатар жергілікті жолаушы тасымалдаушы мекеме-кәсіпорындармен келісе отырып, қасиетті жұма күні жолаушыларды тегін тасымалдау, «Жұмадағы жақсылық» акциясы аясында тегін нан тарату шараларын ұйымдастырыпты. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған 50 және мүмкіндігі шектеулі 50 балаға арнап, «Ең керемет күн» акциясын қаламыздағы ірі мейрамханалардың бірі – «Гранд Зодиакта» өткізіп, бұл шараға көптеген демеуші жәрдем еткендігін, жергілікті кафе-мейрамханалардың тегін тағам мен тәттілер ұсынып, анима-торлардың балалар үшін тегін өнер көрсеткендігі жайында жанары оттай жанып баяндайды Айдана.

2018 жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік еріктілер тобы» деп танылған жастар ұйымы бұдан бөлек жергілікті шағын кәсіп иелерінің демеушілігімен әр ай сайын кемі жиырма отбасын азық-түлікпен, ет және жеміс-жидекпен қамтамасыз етуді игі дәстүрге айналдырған.

– «Харекет» қайырымдылық қоры арқылы баспана әлеуметтік аз қамтылған азаматтар санатына, атап айтқанда, көп балалы отбасы, жалғызбасты немесе мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, ата-ана қамқор-лығынсыз қалған балаларға беріледі. Өздері келіп жолыққан адамдар бар, одан бөлек облыстық мешіт пен жергілікті билік құрылымдары берген мәлімет негізінде баспанаға мұқтаж жандарды тізімдейміз. Жасақталған тізім бойынша олардың тұрмыстық жағдайларымен танысу, тұрып жатқан мекенжайлары бойынша рейдке шығып, нақты мұқтаждарды анықтау да біздің міндетіміз. Мән-жайға қаныққаннан кейін жағдайы мүшкіл отбасының қажетті құжаттарын жинақтап, қор басшылығына жолдаймыз. Ол жақта арнайы құрылған комиссия республиканың түкпір-түкпірінен біз секілді еріктілер тобынан түскен құжаттармен, бейнематериалдар арқылы отбасының тұрмыстық жағдайымен танысып, кезекті баспананы кімге беру қажеттігі туралы шешім шығарады. Ал отбасыға лайықты үй табу, оның сату-сатып алу құжаттарын рәсімдеуді біз орындаймыз, – дейді Айдана Серікқызы.

– Қазіргі кезде баспанаға мұқтаж жандар кезегінде 50-ден астам отбасы тұр. Олардың біразын тексеріп, алдағы уақытта облыс орталығымен шектелмей, 12 ауданға рейд ұйымдастыру арқылы көмекке зәру жандарды анықтауды мақсат етіп отырмыз.

Қор сыйлаған құтты қоныс

Біздің облыс бойынша қор сыйлаған құтты қоныстың алғашқысы 2018 жылдың наурыз айында бірнеше жыл бұрын өкпенің қатерлі дертіне шалдығып, жұмысқа жарамсыз болып қалған бес  баланың анасы Толқын Исатайқызына тапсырылды. Бұл құрылғанына алты ай ғана уақыт болған қайырымдылық қорының еліміз бойынша сыйға тартқан үшінші баспанасы болатын. Сол кездегі  Зеленов ауданына қарасты Озерный ауылынан сатып алынған үйдің кілтін иелеріне табыстау рәсіміне «Харекет» қайырымдылық қорының жетекшісі Алғадай Әбілғазыұлы арнайы келіп қатысты.

загружено

Ал республика бойынша қор тарту еткен 30-шы баспана Орал қаласының 2-саяжай ауданынан сатып алынып, бұл шаңыраққа Құлбековтер отбасы қоныстанды. «Біз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған жас отбасымыз. 2010 жылы ата-анам қайтыс болғаннан кейін інім, сіңлім үшеуміз жетім қалдық. Алғаш тұрмысқа шыққан кезде жұбайыммен бірге «Шаңырақ» орталығында тұрдық. Кейін балалы болғаннан кейін пәтер іздеуге тура келді. Осы сәтте жұбайыммен ақылдасып, інім мен сіңлімді қолымызға аламыз деп шештік. Інімнің денсаулығында кінәраты бар, мүмкіндігі шектеулі санатында. Жеті адам болып пәтерден-пәтерге көшумен қиналып, бір отбасының бар тауқыметі жұбайымның мойнына түсіп, жалғыз өзінің тапқан табысы керек-жарағымызға жетпей қалу жиілей бастаған сәтте «Харекет» қайырымдылық қорына хабарластым. Комиссия кезекті баспананы бізге беру туралы шешім қабылдады дегенде қуанғанымды көрсеңіздер! Темірлан есімді батырымыз дәл осы қуанышты кезеңде дүниеге келіп, бақытымызды еселей түскендей болды.

Қалаға жақын орналасқан 2-саяжай ауданындағы үйді іздеуге өзім атсалыстым. Төрт бөлмелі кең үйге газ-суы, жарығы жүргізілген, қазіргі кезде жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Біздің балаларымыздың болашағының жарқын болып, бақытты жандар қатарын толықтыруымызға септігін тигізген жандардың әрқайсысына шексіз алғысымды білдіремін», – дейді бұл отбасының отанасы Халима Құлбекова.

Ел аумағындағы 33-ші, Ақ Жайық өңіріндегі үшінші баспанаға ие болған Ерқосай және Жазира Рамазановтардың шаңырағында 9 бала өсіп келеді. «Үйіміз Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылында. Қаншама мұқтаж жанның арасынан бізге бұйырған бұл үйді балаларымның несібесі деп ойлаймын. Әлеуметтік жағдайы төмен жандарға жанашырлық танытып, отбасының басты қажеттілігін өтеп, баспана сыйлау арқылы әр шаңырақты шаттыққа бөлеп жүрген қор басшылығы мен еріктілеріне, қайырымдылықтан қалыс қалмайтын жалпы жұртшылыққа ризашылығым шексіз», – деп пікір білдірді «Алтын алқалы» ана Жазира Рамазанова.

– «Харекет» қорының тарихындағы 64-ші баспананы «Алтын алқа» иегері, 7 бала, оның ішінде екінші топтағы мүгедектігі бар бір қызды тәрбиелеп отырған Манар Бүркітоваға беру туралы шешім қабылданған еді. Бірақ жергілікті билік тарапынан ұйымдастырылған «Мейірімді көктем» акциясы аясында бұл отбасыға жергілікті кәсіпкер тарапынан 3 бөлмелі жаңа пәтер сыйға тартылуына байланысты олар біз ұсынған баспанадан бас тартты. Қазіргі таңда аталмыш үйді Ақсай қаласында тұратын, үлкені төрт жаста, одан кейінгі егіз балақайы бір жастан асқан жалғызбасты әкеге табыстау үшін құжаттарын рәсімдеудеміз, –  дейді Айдана Меңжанова.

«Жақсылықты ұқпайтын да жандар бар»

Айдананың айтуынша, жақсылыққа үлес қосатын жандардың бәрі бірдей бай-бақуатты емес. Мұқтаж жандарға өзінен артылғанын бөлісіп, ай сайынғы жалақысынан тиын-тебенін қайырымдылыққа арнайтындардың көпшілігі қарапайым жандар екен.

– Өзі отыз мың теңге жалақы алып, оның 20 мыңын пәтерге төлейтін, сөйте тұра, ай сайын бір отбасыға азық-түлік толы қоржын әкеліп беретін жігіт ағасының әрекеті мені қатты толқытты. Біз апарып берген астықтан тәттілер мен бәліш дайындап, басқа бір мұқтаж жанға қаражат жинау үшін ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкеге атсалысып жүрген қыз-келіншектерге қалайша риза болмайсың?! Десе де, өңірімізде ірі мекеме-кәсіпорындар, компаниялар тарапынан қайырымдылыққа үлес қосу мардымсыз. Жекелеген адамдардың азды-көпті ақшасына азғантай уақытта төрт бірдей отбасыға баспана сыйлап, ертеңгі күнге сенімін ояттық. Ал ірі мекемелер осындай игі іске үлес қосар болса, мейрам-мереке сайын тойланатын ұжымдық кештерге кететін қаражатты қорға аударса, бұдан біраз есе көп отбасын шаттыққа бөлер едік деп ойлаймын.

Қасиетті Құранда «Біреуге жақсылық жасап жатсаң, өзіңе жасап жатырсың, Біреуге жамандық жасасаң да, өзіңе жасап жатырсың» деген сөз бар. Жасалған жақсылықты түсініп, қанағат таныта білмейтін де жандар болады екен. Үнемі біреуден көмек күтіп, кез келген мәселені шешуде басқаларға арқа сүйеу масылдық психологияға ұрындырады деп ойлаймын. Ал көмек қолын созамын, мен де біреуге шаттық сыйлаймын деген жандардан талап етілетіні – шынайы ниет. Жағдайы жоқ екен деп, жетім-жесірге тозығы жеткен киім-кешек пен қолданысқа жарамсыз қалдық заттар беру қайырымдылыққа жатпайды. Болашақта біздің елімізде қайырымдылыққа жақсы бетбұрыс болып, «Харекет» секілді қорлардың, жанашыр жандардың арқасында барша қазақ отбасы баспаналы болады деп сенемін, – дейді арманы асқақ, жақсылыққа жаны құштар Айдана.

Айдананың арманы орындалып, әр бала өз шаңырағында еркелеп өссін, жетім мен жесір жыламасын десеңіздер, жақсылық жасап жарысайық! Әр ай сайын 1000 теңгені «Харекет» қайырымдылық қорының шотына аударып, кезекті бір отбасын қуанышқа кенелту, ең алдымен, қисапсыз сауап әрі нағыз бақыт емес пе?!

Аяужан Кереева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале