20.09.2019, 13:42
Оқылды: 267

Юбилейныйда таза ауыз су құбыры іске қосылды

Теректі ауданына барған облыс әкімі Ғали Есқалиев Юбилейный ауылында болып, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында салынған орталықтандырылған ауыз су құбырын салтанатты жағдайда іске қосты.

terekti su (4)

Ел дамуының басты көрсеткіштерінің бірі - халықтың әлеуметтік жағдайы. Соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын, білімі мен денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар мақсатты бағдарлама қабылданып, жүзеге асырылып келеді. Елбасының Жарлығымен бекітілген «Ақбұлақ» бағыты шеңберінде соңғы жылдары ауыз су мәселесі оң шешімін тауып келеді.

terekti su (5)

Бүгінде Теректі ауданы бойынша ауыз су құбырлар желілері құрылысына жалпы 1 564 млн. 650 мың теңге бөлінген. Соның ішінде Юбилейный ауылына 197 млн. теңге жұмсалған. Барлығы 101 тұрғын үйге су құбыры тартылып, іске қосылған.

-Биыл облыста тұрғын саны 6 мыңнан асатын 6 ауылдық елді мекендегі сумен жабдықтау нысандарының құрылысы мен қайта жаңартуға 1271,0 млн.теңге (126,077 км) бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Жыл соңына дейін 4 нысанды пайдалануға беру жоспарда.

terekti su (1)

2020 жылы Богдановка және Приречное ауылдарының су құбыры құрылысын аяқтау, Подстепное (850 млн. теңге), Пойма (350 млн. теңге), Социализм (200 млн. теңге), Үлкен Еңбек (200 млн. теңге) ауылдарына су құбырын тарту жоспарланып отыр. Сапалы су - сапалы өмір кепілі. Енді сапалы су сіздерге де жетті. Әр үйге кіргізілген «Ақбұлақ» игілігіңізге жарасын,-деді ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтаған облыс басшысы.

Ғали Есқалиев аталмыш жоба құрылысын сапалы әрі уақтылы жүргізген «KSG» ЖШС-ға ризашылығын білдірді.

Бұдан соң облыс әкімі алғашқылардың қатарында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған ауыл тұрғыны, зейнеткер Махамбет Мақсоттың шаңырағында болды. Ақсақал ауылдастарының ұзақ жыл сапалы ауыз суға зәру болғанын, құдықтағы ащы суды тұтынып келгенін, кейбірі тіпті қаладан тасып ішкенін айтып, игілікті істің басы-қасында болған азаматтарға жерлестерінің  ризашылығын жеткізді.

Динара Жұмабекқызы

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале