27.05.2020, 15:47
Оқылды: 900

Жайсаң жанмен жүздескен жарқын сәттер...

Кайыржан ага фото 3

(Журналист, өлкетанушы, ақын Қайыржан Хасанов туралы бір үзік сыр)

 Сәуле... Жаратушының жазуымен миллиондаған шақырымдарды секундтарда жүріп өтіп, жұмыр жерге тіршілік нәрін сыйлайды ол. Еркіндікті сүйеді, адамзатты сүйеді. Адамзат та оған ұмтылады. Маған азаматтық та, ұстаздық та  сол аппақ сәуледей көрінеді. Қазақтың ең қымбатын «шырағым» дейтіні, «Шырағың сөнбесін!» деген тілек тілейтіні бекер болмаса керек-ті.  Сырттай қарағанға бір-ақ түс. Ал біле білсек, оның бойында қаншама ғажайып бояу бар. Көк те, қызыл да, сары да. Жазушылық та, ұстаздық та, азаматтық та – ардың ісі. Ол да сол сәуледей бір өзіне қаншама бақыт, қуаныш, үміт, арман, ізгілік құндақтаған.

Осы бір жарқырайтын сәуле қымбат таста да бар. Ол – гауһар. Гауһар тастың қыры көп болған сайын, жан-жаққа шашатын сәулесі де, жарқырайтын қасиеті де арта түседі. «Сегіз қырлы, бір сырлы» деген ұғым да бар. Бұл кез-келген адамға айтылмайтын, телінбейтін баға. Нағыз гауһар тас жан-жағына жарқыратып сәулесін шашып, нұрын сыйлайды. Нағыз азамат та – айналасындағыларға жарық сәуленің шырақшысы бола білген жан. Ақыл, білім, білік, парасат, көркем мінез иесі бола білген ардақты адамды халқымыз қашанда  кемел тұлғаға балаған.

«Ұстаз... жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, бұлардың ешнәрсесін ұмытпайтын... алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі..., мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ..., жұрттың бәріне... жақсылық пен ізгілік көрсетіп... қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек жан» деп шығыс ғұламасы әл-Фараби айтқан екен. Шығыс данасының осы сөзін жадына сақтаған әр адам ұстаздық қасиеттің ауыр жүгін сезінуге тиіс. Ал ұстаздық тек мектептен не балабақшадан басталмайды. Әр салада жүрген маманның да мықты ұздаздық қасиеті байқалатыны айқын. Жақсы адам жақсы сөзі арқылы, ізгі әңгімесі арқылы да ұстаз бола алады кейінгі жасқа.

Қайыржан ағамыз бүгінде аудан, облыс, республика аумағына танымал айтыскер және жазба ақындардың шығармашылығын шыңдауға қолдау білдіріп, жанашырлық танытса, өлке тарихын зерделеу мақсатын алға қойған өлкетанушы, журналист шәкірттер тәрбиелеуде де үлкен еңбек сіңірген ұстаз бола білді. Қолына қалам алған талай маманды журналистік бағытқа баулып, сан шәкіртті де тәрбиелеп, сол шәкірттердің ыстық ықыласына бөлену де бір бақыт... Сондай жайсаң жандардың бірі де бірегейі бола білген Хасанов Қайыржан ағамыз еді.

Ағай туралы бұрыннан біраз білетінмін. Өзін көрмегенмен, еңбектерімен, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларымен де таныспын. 2009 жылы кандидаттық диссертациямды қорғап, Алматыдан Оралға келген кезім. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде алғашқы оқу жылын бастап, әріптестеріммен жақын араласа бастаған кез. Оралдық болғандықтан, барлығын танимын, араласып та жүрген адамдар. Әріптес аға ретінде, жолдасы рулас апам ретінде жақын араласқан шаңырақ Ғабит Қайыржанұлының үйі еді. Ағайымыздың үйіндегі қонақтықтардың бірінде Қайыржан Хасанұлын алғаш көруім. Жұмысқа алғаш кіріскенде жұмысты көп жасау, көп жазу деген қалыпты жағдай ғой. Өңірлік, республикалық басылым беттерінде көп жазуға, жариялауға тырысатынбыз. Қайыржан ағамыз соның бәрінен хабардар боп шықты. Мамандығы мен кәісібі журналист болғандықтан, материалдарды жібермей оқиды екен ғой деген ой келген басында. Ағамыз тек оған байланысты емес, жазумен айналысқан кейінгі жасқа құрметпен қарайтыны, қуанатынын кейін ұғындым. Өз әкем көзілдірікті жан болғасын ба, көзілдірік таққан үлкен кісілердің көбі қатал көрінетін маған. Ағайды да солай қабылдаған екем. Дастархан басында қонақтармен таныстырып, менің де қазақ филологиясы кафедрасына жаңадан кеп жатқанымды айтып жатқанда, Қайыржан ағамыз бірден «Рита Сұлтанғалиева деген әдебиетші ғалымды көргім кеп жүрген, маған «ғалиы» бар тектің бәрі үлкен, бітімі ірі адамдарды көз алдыма әкелетін еді, сенің жазғандарың ірі, өзіңді мынадай кішкентай деп ойламаппын» дегенде, бір күліп алғанбыз. Кейінгі кездесулерде де байқағаным, ағайдың ешқандай зілі жоқ, юморға толы әңгімелеріне куә боп жүрдік. Жасы кішілерге де өз деңгейіндей құрметпен қарап, әр жетістігіңді сырттан естіп отырып қуанатынын да білетінбіз.

Кайыржан ага фото 5

Қайыржан ағамызбен жақын араласқан кездер ол уақытша көрші боп тұрған кезең еді. Күз айында кеп, қыста өз шаңырағына көшкенге дейін, тек жарқын сәттердің куәсі болдық. Тұрған пәтеріміз де бір бөлмеден екінші бөлмеге кіргендей-ақ  бір қабатта жақын орналасқан. Сенбі, жексенбі анам тұратын үлкен үйде болатынмын көбіне. Жексенбі кеште «қош келдіңіз» айтып кіріп шықтым. Екі-үш күн өткесін, шақыра алмай жүргеніме ыңғайсызданып, кешкіге қонаққа шақырып келдім.  Ағамыздың тағы да өзіне тән юморымен келістіріп жауап бергені әлі есімде. «Қазір барайық па?» деп қалды да, «Рита қашан шақырар екен деп күтіп жүр едім» деп бір ұялтқан. Қайыржан ағамызбен қай отырыс та, қандай да бір әңгіме де көңілді еді. Көңілі баладай таза, даладай кеңдігі сезілетін. Бір кештің өзі ұзақ әңгімелесуге ұласатын. Жас болсақ та, тыңдар құлаққа келелі әңгімелер айтылатын. Одан кейін де жұмыс уақыты болғасын, көп уақыт бола бермейтін. Ертең демалыс дейтіндей, жұма күндері үнемі көрісіп тұратынбыз. Сондай отырыстың бірінде екі-үш кітабын сыйға тартты. Парақтап қарасам, өлкетану бағытындағы журналистік ізденіс қана емес, толымды зерттеу еңбегіндей. Дерек, дәйек хоронологиялық тізбектеу емес, ғылыми зерттеу еңбегіндей  тұжырым да айқын, кестелі сөз, орамды ойлар әдемі тізбектелген. Журналистік бағыттағы зерттеулерінен де, мақалаларынан да ағайдың жазушылық қыры анық байқалып тұратын.

Ағаймен араласқан кезде Қайыржан ағамыз зейнет жасында еді. Бір ойланып қарасаң, зейнет жасындағы үлкендеріміз құрметті демалысына жетіп, өзіне демалыс жарияласа, Қайыржан ағамыз қашан көрсең де, жұмыс үстелінде отыратын. Түске дейін де, түстен кейін де тапжылмай жазу үстінде отырып, кітаптарын да бастырып, мақалаларын да баспасөз беттеріне үздіксіз жариялап жататын. Шаршадым деген сөзді естімеген екем... Қолында қалам ұстаған жанның жазғаны кітапқа түссе, тарихта қатталатыны айқын. Бұл кейінгі ұрпаққа қазыналы мұра екенін дәлелдеп кеткен жандардың бірі болды.

Ағайдың бойындағы тағы бір ерекшелігі, жақсының жақсылығын жария ету еді. Яғни көбіне өзі емес, өзге туралы көп жазуында. Жалт еткен жаңалықты жария қылу да көп адамның қолынан келе бермейтіні айқын. Ағай бір әңгіме үстінде Байбақты руының батырлары туралы жазып жатқанын айтты. Өзім Байбақты руынан болғандықтан, батыр бабаларымыз туралы айта бастадым. Тікелей ұрпағы болғандықтан Шолан, Ерсары батыр және Тайлақ батыр туралы мәліметтермен таныс екенімді жеткізіп отырғанымда, Тайлақ батыр туралы мақалалар жазған Бекжан Сұлтанғалиев туралы естігенін айтты. Ол кісінің менің әкем боп шыққанын «Байбақты руының батырлары» деген кітабында жазған болатын:

«Байбақты руының батырлары жайлы кітап жазу барысында Тайлақ батыр жайлы мақалалар жариялаған Бекжан Сұлтанғалиев деген кісінің есімін таптым. Ол 1937 жылы Қособа жерінде туған. Бекжан Ақшаұлы алғашқы еңбек жолын Жосалыда бастаған. Сосын туған жерінде жалғастырған. Жымпитылықтар оның көне әңгімелерді, халық ауыз әдебиетін жақсы білетіндігін ұмытпайды. Бұлан орта мектебінің ұлағатты ұстазы, басшысы болған. 45 жыл ұстаздық қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан. Мен ел аузындағы әңгімелерді көп білетін осы Бекжан ағамен сөйлесейін деп сұрастырғанымда, оның 2016 жылы қайтыс болғандығын білдім.  Өзі өмірден өтсе де, артында қалған оның жазған мақалалары, фотосуреттері кімнің қолында екен?

Іздегенім алдымнан шықты. Ол – Бекжан Сұлтанғалиев жайлы жазылып, «DANAqaz» журналының № 5 (35) 2017 жылғы санының 22-25 беттерінде жарияланған «Асқар таумен теңескен асқаралы биіктік!» деген тақырыппен суреттермен берілген көлемді мақала.

Мақала авторы – М. Өтемісов атындағы БҚМУ қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Рита Сұлтанғалиева. Рита мен іздеп жүрген Бекжан Ақшаұлы Сұлтанғалиевтің кенже қызы екен...» (100-б.).

Тайлақ батыр туралы жазған әкем туралы осы кітабында кеңінен тоқталады. Ағайдың жазғыштығы таң қалдыратын. Осы материалдарды сұраған уақытында, дәл уақытында бере алмағаным есімде. Бір күні ағай «кітап бітіп тұр, сенің беретін материалың ұстап тұр» дегенде, сол күні жеткіздім суреттерімен. Бір күннен кейін телефон соғып, өзімнің суреттерімді сұрады. «Менікі не үшін екен?» деген оймен, менікі қажет болмас деп жаймен айтып түсіндіргем. Ренжігендей көңілін байқадым да, бір суретімді жібергем. Кейін кітап шықты баспадан. Біреуін өзіме сыйлады. Әкем туралы жазбасынан кейін мен туралы да көлдей ғып материал бергеніне таң қалғам. «Сен туралы Түркиядан түрік тіліндегі кітабың шыққанда сол туралы жазылған «Ана тілі» газетіндегі мақаладан, ал кейбір суреттеріңді фейсбуктен алдым ғой» деп күлді.

Осындайда кейде өзің ұялады екенсің... Бар нәрсені қорытып береміз ғой шама келгенше. Жоқ нәрсені іздеп тауып жариялайтын адамдар сирек. Қайыржан ағамыз да кәсіби журналист маман ретінде таң қалдырып жүретін осындай жандардың бірі болды.

Қайыржан Хасановтың журналистік саладағы ерекше қыры – ол ақпаратты жай жеткізуші ғана емес, журналистік зерттеуге жанын салған, сол зерттеулердің нәтижесі қаламының ұшында әдемі кестеленіп, қағазда емес, қат-қабат тарих беттерінде қатталады.

Алаш аманатын арқалаған жанның адал еңбегін кейінгі ұрпаққа аманаттау парызын өтеуді өмірлік мақсат-мұратына айналдырған абзал жан өзінің ұшқыр қаламынан Алаш қайраткерлері Төлеген Иманғазиев, Бижан Жанқадамов, Молданияз Бекімов, Ғұбайдулла Әлібековтер туралы сүбелі зерттеу еңбектері мен ерен естеліктер қалдырған тұлға.

Журналист Қайыржан Хасановтың рухани мұраны жаңғыртудағы өлшеусіз үлесінің  тағы бір саласы жәдігер іздеуші жидашылық қызметін ерекше атауға тұрарлық.

Қайыржан Хасанов зейнеткерлікке шықса да, өлкетану тарихын зерттеп жазудан жалықпаған жан. Оның қаламынан туған, өңірдің тарихын түгендеп, ақын, жыршы, батыр, шешендері, әулиелері, 1937-38 жылғы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар тағдыры, тарихи шежіресінен сыр шерткізген, ақтаңдақтар туралы қалам тербеткен, рухани мұраны жаңғыртқан, журналистік зерттеудің жемісті нәтижесін көрсеткен құнды еңбектерінің қатарын «Қаратөбе қазынасы», «Құныскерей», «Қаратөбе. Алашорда сиезі – Алаштың айтылмаған азаматтары», «Байбақты Сүгір шежіресі», «Ұзақ күйші және оның ұрпақтары», «Байтоқ жырау. Халық жыршылары мен ақындары», «Сартай ақын», «Аққұм, Аңыз. Ақиқат», «Төлеген Иманғазиев», «Отан үшін от кешкен қаратөбеліктер», «Қаратау би және ұрпақтары», «Дәуқара батыр», «Қази ақын. Халық ақындары мен сазгерлері», «Күйшілер», «Құныскерей Қожахметов», «Құлпытастар құпиясы», «Алашорда. Атылған арыстар», «Саяси қуғындар тағдырлары» мен т.б. өзге еңбектерімен  қоса 130-дан аса кітаптың авторы.

Осынау кітап боп қатталған мол мұра болашақ ұрпақ қамы жасалған өлшеусіз де игілісті істің айқын дәлелі болары анық.

Қайыржан ағамызға 2017 жылы өзі білім алған қара шаңырақ Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Құрметті профессоры атағы берілгенде ерекше қуанды. Лайықты атақ, еленген еңбек. Сол қуанышының куәсі де болдық.

Қанша жақын араласқаныммен, ағайдың ақындығынан хабардар болмаппын. Күні кеше ағайдың қайтқанына екі жыл толуы қарсаңында кенже ұлы Нұржан Қайыржан ағамыздың бұрынғы өлең жинақтарында жарияланған және қойын дәптеріндегі өлеңдерін қайта жинақтап, жаздырту ісін қолға алғанда біраз өлеңдерімен таныстым.

Жүректі жарып шыққан сырым – дастан,

Сан ойлар тар кеудемде жүр ымдасқан.

Самал жел сырбазданса ырғақ болып,

Секілді жыр күмбезі бүгінгі аспан, - деген екен бір өлеңінде.

Қай өлеңін оқысаңыз да өлең өрнегіндегі сыршыл лиризм айқын білінеді. Көңіл керуеніндегі нәзік сыр ақын шабытымен өлең боп өрілген. Өмірге ғашық көзбен қарап, әр атқан таңына риза болған ақындық «менді» анық көресіз, соған куә боласыз. Осы орайда отбасының ұйытқысы бола білген жарға деген шынайы сезімі мен құрметін  айтпай өту қиын секілді. Ағамыз бір әңгімесінде апаймен қалай танысқандығын ерекше естелік қып айтатын.

Ағаймен жай әңгімелесіп отыру деген болмайтын, есте қалған ерекше әңгімелердің барлығы апай жайған ақ дастарханда жалғасатын. Ұстаз деген ұлы мамандықты меңгерген, шәкірт тәрбиелеп, еңбегі еленген, ұл өсіріп, немере сүйген, бағым деп бағалап, бақыт тілеп отырған от анасы, осы әулеттің шаңырағын берік нығайтып, биік белеске шығаруда Рысты Кәкімқызының қосқан үлесі зор дер едік. Әйел затының бойына дарыған абзал қасиеттер Рысты Кәкімқызын сүйікті жар, ардақты ана, абзал әже сынды биік тұғырға қондыруға жол ашты. Ғұмырында апайымызға бақыт биігіндегі мерейлі жылдарды сыйлағаны бүгінде Рысты апамыздың сөзінен де, нұрлы жүзінен де айқын аңғарылғандай.

Өңір тарихын түгендеген дала тарихының жанашыры, ел игілігі, келешек ұрпақ қамы үшін  мол рухани қазына саналар кітаптар қалдырған көсемсөзші, жазушы, ақын Қайыржан ағамыз туралы енді естеліктер мен ол туралы жазылар кітаптар сөйлейді. Бәйтерек тамырымен тереңге жайылса, Қайыржан ағамыз да артында қалдырған мол мұрасымен, сол қазыналы мұраны түгендеп, бабалар тарихына құрметпен қарап, әке аманатын арқалаған ұрпағы бар да Қайыржан Хасановтың есімі мәңгі жасары айқын. Оған дәлел ағамыздың өзі туған жері Қаратөбе өңірінде ұлдары Ержан, Нұржан Хасановтардың бастамасымен негізі қаланып салынып жатқан Алаш және Қайыржан Хасановтың тарихи-өлкетану музей кешенінің бой көтеретін күні де алыс емес.

Ағаймен әңгіме үстінде отырып, кейде жазуға қол тие бермейтінін айтып қалсаң, «жазуды тоқтатпа, уақытты бағындыру өз қолыңда» деп көп айтатын. Қайыржан ағамыз 2018 жылдың  мамыр айында дүниеден озды. Сол жылдың қысында көп сөйлескенбіз. Өзі туралы суреттерімен қоса біраз материалдар берген. Ағамыз айтқандай, уақыт бағынбай кеткен кез болды ма, ойда жүргенмен, хатқа түсіре алмаған сол жазбаларды бүгінде естелік қып жазуды парыз санадым.  «Сен жазсаң, мөлдіретіп жазасың ғой» деп әр сөзінде айтып жүретін Қайыржан ағамыз туралы жазбамды ағай айтқандай мөлдіретіп жаза алдым ба, жаза алмадым ба, оны білмедім. Естелікке толы жайсаң жанмен жүздескен жарқын сәттердің сыры осындай болды...

Рита Сұлтанғалиева,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан

мемлекеттік универсиетінің қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале