13.12.2016, 13:30
Оқылды: 21

«Жайық Пресс» медиахолдингінің Тәуелсіздік тойына тартуы

              15554846_10207961410885537_68307978_n
            Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016)» атты жаңа жинақ таныстырылды.

-«Жайық Пресс» ұжымының бірлігінің арқасында көптеген істер атқарылды. Тәуелсіздікті той тойлап та қарсы алуға немесе бірнеше жылдар бойы іспен дайындалып, маңызын арттыруға да болады. Мына кітаптардың барлығы ұжымның күш біріктіруінің арқасында жарық көрді. Көпшілігі соңғы бес жылда шықта. Мұның барлығы әлі зерттелмеген тың дүниелер. Тәуелсіздіктің қадірін ұғыну үшін ата-баба жүріп өткен жолды, тарихты жақсы білуіміз керек. Тұмшаланып келген тарихты қалпына келтіру үшін әлі де жұмыстануымыз қажет. Бұл бағытта «Жайық Пресстің» жасап жатқан жұмысы ұшан теңіз екенін білесіздер. Біз қолымыздан келгенше тарихи жинақтарды шығарудамыз, ары қарай талдау тарихшылардың еншісінде. Биылғы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына жаңа кітап – «Батыс Қазақстан облысы: өркендеу және өсу жылдары (1991-2016)» хронологиялық жинағын шығардық. Мұндай жинақ басқа өңірлерде жоқ деп толық сеніммен айта аламын. 1991 жылы тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бастап әр күні өңірде қандай оқиға болғаны толық қамтылды. Екі тілдегі жинақтың әрқайсысы мың бетке тарта. Жинақты құрастыру жұмысының негізгі қара жүгін артқан Қалиолла Қарағойшинге ерекше ризалығымды білдіремін,-деген «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин Қалиолла Шағиұлына облыс әкімінің және облыстық мәслихат хатшысының Құрмет грамотасын табыстады.

Жинақтың алғысөзінде облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Сіздердің назарларыңызға Тәуелсіздіктің 25 жылында біздің облыстың күннен күнге, жылдан жылға даму жолының негізгі кезеңдері хронологиялық түрде жазылған кітап ұсынылып отыр. Осы жылнамадан оқырман Ақжайық өңірінің өткен және жаңа тарихын, облыстың қоғамдық-саяси және мәдени өміріндегі маңызды оқиғаларды, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жетістіктерді біле алады. Осы кітапта жиналған ақпарат оқырманға біздің жүріп өткен жолымыздың қиындығы мен көлемі туралы мағлұмат беретініне және аймақтың одан әрі даму перспективасын бағалауға көмектесетініне сенімдімін» деген.

Хронологиялық ретпен Тәуелсіздігіміздің 25 жылында Батыс Қазақстан облысындағы елеулі оқиғалар баяндалған бұл жинақ тарихымызды зерттеушілерге таптырмас дереккөз болары сөзсіз.

Нұрлыбек Рахманов

«Жайық Пресс» ақпарат орталығы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале