15.12.2016, 9:19
Оқылды: 39

«ЖайықЖылуҚуат» пен «Орал темір жолының» бұрынғы басшыларына қатысты қылмыстық істер сотқа жолданды

sud_01«ЖайықЖылуҚуат» АҚ бұрынғы бас директоры Нұрлыбек Кирееев пен «Қазақстан Темір Жолы» ҰК»-«Орал темір жолы» АҚ филиалының директоры Құрманғазы Қажиденовке қатысты сотқа дейінгі тергеу ісі аяқталып, Орал қалалық сотына жолданды. Бұл жөнінде тергеу басқармасының басшысы БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюро (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) департаменті тергеу басқармасының басшысы Ахмед Абакаров мәлімдеді.


 

Оның сөзінше, «ЖайықЖылуҚуат» АҚ бұрынғы бас директоры Нұрлыбек Кирееев мемлекеттік сатып алу бөлімінің бастығы Б.Каримовпен алдына ала сөз байласып, құны 689 000 000 теңге немесе 2014 жылғы курс бойынша 4 млн. АҚШ долларына бағаланған жапондық «Hitachi» моделді H-25 газтурбиналық қондырғының қосымша бөлігіне мемлекеттік сатып алуды заңсыз ұйымдастырған. Осы конкурс қорытындысы бойынша, Н.Киреев пен Б.Каримовтың ортақ танысы, «Турбопромсервис» ШСҚ өкілі Р.Плешаков жеңімпаз боп танылған. Өзіне сеніп тапсырылған акционерлік қоғамның мүлкін аса үлкен көлемде ұрлау мақсатында Н.Киреев «Турбопромсервис» ШСҚ-ның мекенжайына шарттың жалпы сомасынан 50 пайыз мөлшерінде, яғни 349 000 000 теңгені алдын ала төлеген. Сөйтіп, аталған қылмыстық топ құрамы «ЖайықЖылуҚуат» АҚ-на залал келтірген. Бұл іске қудалау органы қызметкерлерінің араласуы нәтижесінде қаражаттың қалған бөлігі (349 000 000 теңге) «Турбопромсервис» ШСҚ-ның есепшотына аударылмай қалды. Аталған жағдаяттар бойынша тексеріс жүргізіліп, Н.Киреевтің әрекетіндегі ҚР ҚК-нің 176-бабының 4-бөлімі б-тармағы (ҚР ҚК-нің 1997 жылғы редакциясы бойынша) көрсетілген қылмыс белгілері анықталып, оның ісі ҚР ҚІЖК-нің 302-бабы бойынша Орал қалалық соты на қарау үшін жолданды.
Бұған дейін Н.Киреев тергеу барысында қашып кеткен болатын. Осыған орай ағымдағы жылдың 21 маусымында оған халықаралық іздеу жарияланды. Осы жылдың 17 қарашасында Н.Киреев Ресейдің Самара қаласынан табылып, ұсталды және тергеу изоляторына қамалды. Ал Н.Каримовке ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінде Орал қалалық сотының қаулысымен жеті жылға бас бостандығынан айыру жөнінде және жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтеуге үкім шығарылған болатын.
Сондай-ақ «Қазақстан Темір Жолы» ҰК»-«Орал темір жолы» АҚ филиалының директоры Құрманғазы Қажиденовтің де іс-әрекетінде ҚР ҚК 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағына сәйкес қылмыстық белгілер анықталған. Ахмед Магомедұлының айтуынша, Құрманғазы Қажиденов лауазымдық өкілеттігін артық пайдаланып, Орал станциясындағы 10 вагонды ақысыз күтіп, сақтау үшін «PATRIOT-TRANS» ЖШС-на тиесілі жеке кіру жолына беруге келіскен. Соның кесірінен бұл вагондар талан-таражға салынып, ақырында металлоломға тапсырылған. Сөйтіп, мемлекетке, яғни «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-на жалпы сомасы 13 721 760 теңге мөлшерінде материалдық залал келген. Бұдан басқа Қ.Қажиденов «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ филиалындағы өзіне бағынышты қызметкерлерден лауазымды бір тұлғаның туған күніне сыйлық жасау үшін 135 000 теңге көлемінде ақшалай қаражат жинаған. Соның 55 000 теңгесіне картина алынған, ал қалған 80 000 теңгені өзі иемденіп, жеке мақсатына пайдаланған. Осыған орай ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында айыпталушы Қ.Қажиденовтің ісі ҚР ҚІЖҚ 302-бабы бойынша Орал қалалық сотына жолданды.
Аталмыш департаментке қарасты тергеу басқармасының бақылау-әдістемелік бөлімінің басшысы Нұркен Нәбиев ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы №1131 қаулысына сәйкес «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы жәйтті хабарлаған немесе басқалай сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет еткен тұлғаларды марапаттау туралы» Ереженің күшіне енгенін хабарлады. Ережеге сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар туралы хабарлаған және оны нақты дәлелдей алған тұлғаларға көтермелеу мақсатында 60 000 – 210 000 теңге аралығында бір реттік ақшалай сыйлық беріледі. Департамент жыл басынан бері осындай нақты ақпарат берген тоғыз тұлғаны жалпы сомасы 1 млн. 200 мың теңгеге марапаттаған. Осы жерде жалған ақпарат таратқандардың жауапкершілікке тартылатыны да ескертілді.
Ол сондай-ақ сыбайлас жемқорлық бағытындағы құқық бұзушылық анықталған жағдайда 98-47-20 нөмірлі телефонға немесе Call-орталығы арқылы 1424 нөміріне хабарласу керектігін айтты.

Департамент қызметкерлерінің айтуынша, аталған департамент пен Бөрлі ауданаралық басқармасының әкімшілік ғимаратында тұрғындардан арыз бен өтініштерді қабылдайтын арнайы жәшік орнатылған. Және департамент басшысы алдын ала жазылған азаматтарды күнделікті қабылдайды.

Айша ӨТЕБӘЛІ

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале