28.11.2017, 12:29
Оқылды: 60

«Жайық Пресс» сайты мобильді қосымшасын іске қосты

Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде мобильді қосымшаның таныстырылымы өтті. Оған «Орал өңірі», «Приуралье» газеттерінің тілшілері, облыстық мекеме-ұйымдардың баспасөз хатшылары қатысты. Шарада сонымен қатар баспасөз хатшыларымен тиімді байланыс, жедел ақпарат тарату мәселелері қозғалды.

«Жайық Пресс» медиахолдингі директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, аталған қосымша -  аудандық газеттерді қамтыған тұңғыш қосымша. Өйткені, республика бойынша еш ауданда дербес мобильді қосымша жоқ.

Яғни, қосымша арқылы облыстық «Орал өңірі» және «Приуралье», 12 аудандық («Жайық таңы», «Орда жұлдызы», «Бөрлі жаршысы», «Жаңарған өңір», «Шұғыла», «Ауыл тынысы», «Ауыл айнасы», «Қаратөбе өңірі», «Сырым елі», «Екпін», «Теректі жаңалығы», «Серпін») газеттерінің жаңалықтарын бір жерден оқуға болады. Қосымша әзірге Android жүйесінде жұмыс істейді.

Аталған қосымшаның тағы бір ерекшелігі, оқырман өзі қалаған өңірдің ғана жаңалығымен таныс бола алады. Мәселен, сырымдықтар тек өз ауылдарына қатысты жаңалықтарды оқығысы келсе, қосымшаның оң жақ жақтауындағы «Сырым елі» шаршысына белгі қоюы қажет. Сол кезде экран бетіне Орал қаласы және 11 ауданның жаңалықтары шықпайды.

- Облыстық «Орал өңірі» газеті бала тәрбиесі, жат діни ағымдардан сақтану, мемлекеттік бағдарламалардың жай-жапсарын халыққа түсіндіру бағытында жұмыстануда. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы тек қана материалдық көмек көрсетуге бағытталған жоба емес. Бұл -  көмекке мұқтаж отбасында мал қарауға қабілеті жететін бір адам болса, соған берілетін көмек. Аз қамтылған отбасы сол қаражатқа мал алып, кедейліктен құтылудың амалын қарастырады. Шаруасын дөңгелетеді. Жоба Ақжайық ауданында пилоттық негізде қолға алынды. Соның нәтижесінде аталған аудандағы біраз әлеуметтік мәселе шешілді. Осындай игілігі мол, халыққа пайдалы мемлекеттік бағдарламаларды қарапайым тұрғындар білмей жатады. Міне, мобильді қосымша осындай халыққа қажет ақпараттарды жеткізуге таптырмас құрал. Өйткені, қазір ұялы телефон барлық адамда бар. Яғни, газет тілшілері зерттеген тақырыпты қосымша арқылы халыққа таратқымыз келеді. Оқырманның сауаты артады. Мәселесі шешіледі.  Меніңше, халыққа біреудің өз-өзін өлтіргені емес, одан сақтану жолдарын білу пайдалырақ, - деді «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин.

- Мәселен, Ақсай қаласы жұмысшылар көп, әлеуеті зор өңір. Алайда жергілікті халық мемлекеттің не жасап жатқанын білмейді. Халықты да түсінуге болады. Өйткені, оларға қазір «атып кетті», «өлтіріп кетті» деген мазмұндағы ақпараттар қолжетімді. Былайша айтқанда, халықтың бүкіл дүниетанымы сол деңгейде қалыптасып жатыр. Облыс ауылдарының тұрғындары өздері үшін жасалып жатқан мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз. Азаматтардың ойында бағдарламаға белгілі бір адамдардың ғана қолы жетеді деген жалған ұғым қалыптасқан. Біздің мақсатымыз - интернет күшін пайдаланып, ақпараттық-танымдық, рухани дүниені оқырманға жеткізу, сауаттандыру, - деді медиахолдинг директоры Жантас Сафуллин.

Жантас Набиоллаұлының айтуынша, қосымшаға қатысты сұрақтар не ұсыныстар болса, 8-707-808-48-55 WhatsApp телефон нөміріне хат жолдауға болады. Алдағы уақытта оқырманның талап-тілегі ескеріліп, мобильді қосымша жаңартылып отырады.

Қосымшаны жүктеу үшін Play Market (Google Play) арқылы «Жайық Пресс» сөзін енгізесіз. Сонымен қатар қосымшаны мына сілтеме арқылы орната аласыз.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале