1.03.2019, 17:22
Оқылды: 135

«Жайық таза қала» барлық қызметкерін қар аршуға жұмылдыруда (ВИДЕО)

Аталған мекеменің директоры Қуат Ерсайынның айтуынша, қазір облыс орталығында 750 адам қар тазалауға жұмылдырылған. Екі ауысымда тоқтаусыз жұмыс жасауда. Соның ішінде мекемедегі өзге де қызметкерлер – механиктер, темір шеберлері мен жүргізушілер де бүгіннен бастап қар тазалауға шығарылған.

Бұған келіспеушілік білдірген «Жайық таза қала» ЖШС-ның қызметкерлері жұмысқа шығудан бас тартып, ғимарат алдына жиналып жергілікті БАҚ-ты шақырған. Біз барғанда жұмысшыларға мекеме басшылығы орын алған жағдайдың мән-жайын түсіндіруде.

дэп

-Біздің арамызда 15 жыл механик болғандар бар. Қалай күрек ұстатып қар күреуге жібереді? -дейді жиналғандардың бірі.

«Жайық таза қалаға» Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев келіп, жұмысшылар және мекеме басшыларымен көзбе-көз отырып сөйлесті. Қазіргі қардың аса көп мөлшерін, су тасқынының алдын алу жұмыстарын, уақытша қиындықтар мен еңбек жағдайын түсіндірді.

-Бұл қыс мезгілінде Орал қаласынан бұрын-соңды болмаған мөлшерде – 800 000 текше метр қар шығарылды. Қала сыртындағы қар төгетін 5 карьердің 3-еуі толды. Қала аумағы бұрынғыдан үлкейді. Барлық көше қардан толып тұр. 35 аймақтың әрқайсысынан қар шығарылуда. Суға кету қаупі бар аймақтар бар. Оған мамандар сараптама жасайды.

Жұмыс күші жетпегендіктен, мекемедегі барлық жұмысшыларды – механиктер, темір шеберлері мен жүргізушілерді де мекенжайы бойынша уақытша қар тазалау жұмысына жұмылдырып жатырмыз. Өзінің үйіне жақын бригадаға қосылады. Жалақылары бұрынғы күйінде қалады. Қосымша 10 пайыз сыйақы төлейміз.

Қаладағы арықтардың 45 пайызы қардан тазаланды. Күн жылынып кетті. Қалғанын тазалап үлгермейміз деген қауіппен басқа жұмысшыларды жұмылдыруға шешім қабылдадық. Өзімнен бастап бұл жұмысқа атсалысып, сенбілік те ұйымдастырып жатырмыз. Студенттер, сарбаздар жәрдем береді. Бұрын қала бойынша 30-40 техника қар аршумен айналысса, қазір екі ауысымдағы қосқанда 300-ге жуық техника жүр,-деді «Жайық таза қала» ЖШС-ның директоры Қуат Ерсайынұлы (видеода).

-Бізге қар аршуға шығасыңдар дегенде бұл өзгерістің сенбілік пе, қызметіміздің төмендетілгені ме, не жұмыстан шығарайын деп жатқаны ма деп түсінбедік. Қала әкімі келіп кездесті. Жұмыс орнымыз сақталады. Қаладағы су тасқынының қаупі сейілгенше қар аршуға шығуға келістік, - дейді мекеменің көлік жүргізушісі Анатолий Юлаев.

Мекеме басшысы Қуат Ерсайынның айтуынша, «Жайық таза қала» тағы 200 адамды жұмысқа алуды жоспарлаған.

Нұрлыбек Рахманов,

фото және видеоға түсірген Динара Киндербаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале