13.12.2018, 12:10
Оқылды: 750

Жайық жұрты Тайыр Жароковты еске алды

Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар көрнекті ақын Тайыр Жароковтың туғанына 110 жыл толып отыр. Соған орай Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Тарлан талант» атты поэзия кеші өтті.

IMG_5752

         Кешке ақынның ұлдары Марат пен Бекет те қатысты. Шараның шымылдығын қарымды қалам иелері Ғайсағали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Талап Таймасұлы, Мұнайдар Балмолда Тайыр ақынның өлеңдерімен ашты.

         – Қайырлы кеш, таланттарын төрге оздырған Ақ Жайық жұрты. Бүгінде ұлтының мақтаны болған Тайыр ақынды еске алып отырмыз. Ол – өлеңді үлкен рухпен оқитын жан. Оған студент кезімде бірнеше рет куә болған едім. Залды жарып жіберердей жарқын дауысы адамның бойына патриоттық сезім ұялататын. Содан да болар, оны заманының дауылпаз ақыны деп атады. Талант уақытты таңдап тумайтыны белгілі. Ақын өмір сүрген  дәуіріне бағынышты. Жалпақ жұрт Тайыр ақынды «Қазақтың Маяковскийі» деп мақтайтын. Себебі орыс ұлтының патриот ақыны Владимир Маяковский секілді Тайыр Жароков та өмір сүрген заманының  жаңалығын жазды. Көзі тірісінде құрметмарапатқа ие болды. Жамбылдай жыр алыбының қасында жүріп, оған қызмет атқарды. Бақытты ақын дейтін себебім, Алматы қаласында тұрғындардың ең көп жүретін көшесі Тайыр Жароков атындағы көше. Ал елінде көп ақын-жазушылардан бұрын оның ескерткіші бой көтерген болатын, – деді мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева.

         Тайыр ақын – атақты шешен Малтақан бидің немересі. Нарын құмның етегіндегі Жетібай ауылында дүниеге келген. Кеш барысында Тайыр Жароковтың тектілігі туралы сөз қозғаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен оның поэзияға қосқан еңбегіне де тоқталып өтті.

         – Бүгінгі кеште туған жерінің мақтанышына айналған Тайыр  ақынның ұрпақтарын көргеніме қуаныштымын. Ақ Жайыққа қош келдіңіздер! Елбасы жуырда жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында қазақтың ұлы-ларын ұлықтап, тарихымызды жандандыру, оны болашақ ұрпаққа аманаттау мәселесіне ерекше тоқталды. Ақ Жайық өңіріндегі поэзия биігінің алдыңғы легінде Тайыр ағаның тұрғаны мәлім.

         Оның қазақ поэзиясына қосқан еңбегі ұшан-теңіз. Ұрпаққа өшпейтіндей асыл мұрасын, яғни өлеңдері мен поэмаларын қалдырды. Облыс бойынша бес миллионнан астам кітап қоры болса, оның 3500-ден астамы цифрландырылды. Соған орай электронды жүйе арқылы Нарыннан шыққан дауыл-паз ақынның өлеңдерін оқуға мүмкіндік тууда. Ұлы тұлғаларын ұлықтайтын ұрпақ өсе берсін, – деді Серік Кенжебекұлы.

Жыр кешінде өңір өнерпаздары Тайыр ақынның сөзіне жазыл-ған әндерді шырқап, кештің шырайын келтірді.

         Жиын соңында сөз алған ағалы-інілі Жароковтар шараны ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Жайық жұртына ақжарма тілегін арнады.

         Тайыр Жароковтың 110 жылдығына арналған шаралар легі «Тамаша талант туралы толғаныс» атауымен Ж. Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында жалғасты.

         Қазақ поэзиясын дамытуға ауқымды үлес қосқан ақынның отыздан астам жыр жинағы бар.

         Дөңгелек үстел барысында оның кітаптары мен мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары қойылған «Тасқын талант – тарлан жыр» атты көрме ұйымдастырылды. Әдебиетші-ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бас қосқан жиында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кең қаузалды.

         – Хамза Есенжановтың 110 жылдығына орай «Тағдырлары тоғысқан тарихи тұлғалар» атты мақала жазған едім. Яғни оқырманға Қажым Жұмалиев, Тайыр Жароков, Хамза Есенжановты бір-бірімен тоғыстыра отырып жеткіздім. Тайыр Жароков пен Хамза Есенжанов  дос болған. Тайыр аға мен Мүнира апа шаңырақ көтергенде тойларында  араласатын төрт отбасы ғана болған. Тайыр аға Ленинградқа оқуға түскенде жұбайын бірге алып кеткен. Қаланың шет жағында орналасқан орыстың жадаулау үйін жалдап тұрыпты. Сонда оқып жүрген Мұхамеджан Қаратаев, Белгібай Шалабаев, Мәулен Балақаевтар үшін ол үй хан сарайындай болған. Өйткені, ауылдың дәмін сағынса, Мүнира анамыздың қолынан қазақы асты, бауырсақты жеуге келетін көрінеді. Шәкіртақы алса, бірігіп ақша жинап, сол үйде кішігірім той тойлап, мейрам жасайды екен. Хамза Есенжанов 1938 жылы істі болып сот-талғанда да, ешкімнен қорықпай қолдау білдірген Тайыр ағаның отбасы болатын. Тайыр ақын туралы ғибратты әңгімелер көп. Халқын сүйген ақынның артында мәңгі өлмейтін  мол мұрасы қалды, – деді Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық академиясының аға оқытушысы, тарихшы Сайлау Сүлейменов.

         Сондай-ақ басқосуда ардагер-журналист Тихон Әліпқали, өлкетанушы Сара Танабаева, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетіндегі филология ғылымдарының кандидаты Азамат Мамыров, Ж. Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледждің  кафедра меңгерушісі Қырымжан  Жақыпова ақынның өмірі мен өнегесі, шығармашылығы хақында естеліктерімен бөлісті.

         – Қадірлі жерлестер, әкемді еске алу кешін  ұйымдастырғандарыңызға алғысымды айтамын. 1958 жылы әкем 50 жасқа толғанда Ақ Жайыққа келіп, ұлан-асыр тойдың куәсі болған едік. Жайық жұрты бізді өте жақсы қарсы алып келеді. Әкеміз Оралды ерекше жақсы көретін. «Көрдің бе Орал қырларын? Жері қандай жап-жазық! Бір жағында құм Нарын, Бір жағында Ақ Жайық» деп мақтанатын. Ақ Жайықтан поэзияға құштар өрендер өсіп-өркендей берсін, – деді ақынның ұлы Марат Жароков.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале