1.02.2017, 10:59
Оқылды: 48

«Жайықжылуқуат» АҚ-ның бұрынғы басшысы 7 жылға сотталды

Jayikteplo  Орал қалалық сотының 30 қаңтардағы үкімімен «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бұрынғы бас директоры Нұрлыбек Киреев 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлігі «б» тармағына сәйкес (қызмет бабын пайдаланып, топ болып алдын ала келісу арқылы аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемдену) айыпты деп танылып, мүлкін тәркілеумен бірге 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын жалпы тәртіптегі түзету колониясында өтеуге сотталды.


  Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, ол сондай-ақ 5 жылға мемлекеттік мекемелерде лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды.

  Оған қоса Н.Киреев бұрын сотталған осы кәсіпорынның мемлекеттік сатып алу бөлімінің бұрынғы бастығы Бакар Кәрімовпен бірге «Жайықжылуқуат» АҚ-ға келтірілген 349 млн. астам теңге залалды өтеуі тиіс. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Еске сала кетейік, Б.Кәрімов Орал қалалық сотының 2016 жылғы 7 қыркүйектегі үкімімен дәл сондай баппен айыпты деп танылып, 7 жылға сотталған болатын. Ол қазір жазасын өтеуде.

  Сот талқысында белгілі болғанындай, екеуі алдын ала сөз байласып, Орал жылу-қуат орталығындағы жапондық «Hitachi» газтурбиналық қондырғысына қосалқы бөлшектер әкелу жөнінде заңсыз мемлекеттік сатып алу конкурсын ұйымдастырған.

  Соның нәтижесінде Ресейдің Калуга қаласындағы «Турбопромсервис» компаниясы жеңімпаз атанған. Содан кейін келісімшартқа сәйкес «Жайықжылуқуат» АҚ-дан аталған компанияға қаржының тең жартысы, яғни 349 млн. теңге аударылған. Бұл қаржыны ұйымдасқан қылмыстық топ жымқырып, «Жайықжылуқуат» АҚ-ға осыншама көлемде залал келтірген.

 

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале