26.06.2020, 14:46
Оқылды: 362

Жақыным - "Жайық таңы"

Бауырымдай болған төл газетім - "Жайық таңы"  менің апта сайын күтіп жүретін сырласым. Бұл бала кезімнен қалыптасқан əдет. Әкеміз газет-журналдардың түр-түріне үзбей жазылатын. Сол игі іс отбасылық үрдіске айналып, əлі жалғасып келеді. Жасыратыны жоқ, немерелер интернет арқылы керегін іздеп тауып отырады, бірақ, мен оларға аудандық газеттің маңызын ұғындырып, тəрбиеге, білімге байланысты кейбір мақалаларды оқытамын. Кейде өздері де іздеп, қажетті мақалаларды тауып, бәйек болып жатады.

DSC_0303

Иә, бүгінде ерке  Жайықты жағалай мекендеген аудан халқының, ауылдардың жағдайын осыдан 10-15 жыл бұрынғымен салыстыруға әсте келмейді. Ауылдарға түгелге жуық газ, су, тіпті соңғы кездері интернет желілері тартылуда. Басты тауқымет – жол еді. Ол да ебін тауып, шешіліп келеді. Бірінші қадам жасалды да, Жайықтың арғы бетіне қалқымалы көпір тартылды. Естуімізше Индер-Барбастау жолына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Ал енді соңғы жылдары ел азаматтарының, түлектердің туған жерге бет бұрып, елді мекендерді көркейтіп жатқаны көпке мәлім. Осының бəрі газет беттерінде жарияланып келеді, жақсы іске  марқаясың. Сондай-ақ, кəсіпкерлер мен құрылысшылардың, жастар мен əлеуметтік қызметкерлердің, халықты табиғи өніммен қамтып отырған ауыл шаруашылығы мамандарының  елеулі еңбегін осы басылымнан  оқып, біліп отырамыз. Анада аудандық газетте "Ағылған халық, құныққан таксиге тосқауыл керек" деген  құнды мақала шығып, оны жұртшылық жабыла қолдады. Уақытша қиындықты пайдаланып, бұқараның қалтасын қаққысы келген пайдакүнемдерге дер кезінде тосқауыл қойылды. "Жүйкені жұқартқан 4 - тоқсан" атты өзекті тақырып та ұстаз бен ата-ананың екі ай көрген қиындығын зерделеп берді. Қашықтан оқу тиімді болды деп жоғарғы жақтағылар сендіргісі келгенімен, халық көзі көргенін айтты. Əсіресе, ауыл балалары мен студенттерінің азабы əнге де, мазаққа да айналды. Қалтаға салмақ болған гигабайт мәселесі де қалтасы жұқарған халықты біраз әбігерге салғаны рас.

Биылғы жыл мерейтойларға толы жыл. Біздің аудан үшін ұлттың мақтанышы, асқақ рухтың иесі, халқымыздың қаһарман ұлы, ақын Ж. Молдағалиевтың 100 жылдығы барысында аудан кітапханалары мен мектептердің еңбегін жариялауда да газеттің еңбегі зор. Әрі басылым беттерінен өзіме ыстық қарымды қаламгерлер Болат Қосжанұлы, Сая Каримуллина, Дәулетжан Абдрахманұлы, Тілес Жазықбай және ақындар Мəлік пен Сағынтайдың қолтаңбаларын оқып, өткен жылдарға деген сағынышымды сеземін.

Жалпы, "Жайық таңының" аудан өміріне қатысты өзекті мəселелерді дер кезінде қозғап, халықтың мұңы мен өтінішін билікке жеткізіп, оның оң шешімін табуына ықпал етуге талпынысы қуантады. Сондықтан да мен өз басылымымды  асыға күтіп, оны  ерекше құрмет тұтамын.

Қысқасы, Шерағаң айтпақшы, «арқалағаны алтын, жегені жантақ» болса да,  еш мойымай, төл басылымымыздың жалауын жықпай жүрген аудан журналистеріне шалқар шабыт, еселі еңбек тілеймін! Қаламдарың мұқалмасын!

                                                    Үзілдік ЕЛЕУБАЙҚЫЗЫ,

ақын, ардагер-ұстаз, жұбантанушы.

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале