23.06.2017, 16:35
Оқылды: 20

Жалақы бойынша берешек азайып келеді

marat 21jpg2015 жылы облыс әкімдігі жанынан дағдарысқа қарсы штаб құрылған еді. Осы уақыт аралығында штабтың 7 отырысы өтті. Осы уақыт ішінде 647 мекеме-кәсіпорындағы 807,1 млн. теңге көлеміндегі еңбекақы бойынша берешек өтеліп, 7114 қызметкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы кезінде айтылды.


-Біз комиссия отырысында мекемелердегі қызметкерлерге еңбекақының уақтылы төленбеуі  және міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдарды мерзімінде аударылмауы мәсеселерін қарастыратынымыз белгілі. Бүгін де осы жайттарға тоқталатын боламыз. Ақпарат үшін айта кетейін, жыл басында 200 млн. теңгедей еңбекақы бойынша берешек болса, қазір ол 53 млн. теңгеге дейін түсті. Ол мемлекеттік, құқық қорғау құрылымдарының, жергілікті атқарушы билік өкілдерінің бірлесіп атқарған жұмыстарының нәтижесі. Бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай да өз жалғасын табуы керек. Орын алған жайттардың уақтылы шешілуіне ұйытқы болу комиссияның міндеті,-деді жиынды ашқан Марат Лұқпанұлы.marat.j4pg

Комиссия отырысында азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау, жалақы бойынша берешекті өндіріп алу жұмыстары турасында баяндама жасаған облыстық еңбек инспекциясы бойынша басқармасының басшысы Азамат Айуевтың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда еңбекақы бойынша берешегі бар кәсіпорынның бірі – «Омега» прибор құру зауыты» АҚ. Биылғы наурыз айында 9 млн. теңгеден астам соманы құраған берешектің қазір жартысы өтелді. Комиссия отырысына келген аталмыш кәсіпорын бас директорының міндетін атқарушы Алмас Әуелбеков орын алған жағдайға байланысты түсінік берді. Оның айтуынша, 2013 жылы техникалық қателікке орай салық жөнді төленбей қалған. Осы олқылықты анықтаған Орал қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы ағымдағы жылдың 7 наурызында кәсіпорынның есеп-шотын жауып, бір-екі айдың ішінде салықтық берешек бойынша жиналып қалған 22 млн. теңгені төлеуге міндеттеді. Содан жалақы бойынша берешек пайда болды. Салықты төлеп, есеп-шот ашылған соң, берешектің жартысы өтелді, көп кешікпей қалғаны да төленеді.

marat.j3pg«Бұл жерде кірістер басқармасының бірден кәсіпорынның есеп-шотын жауып тастауы сынды жедел түрде шара алуы дұрыс емес деп ойлаймын,-деді Марат Тоқжанов.-Осындай жиындарда біз салық құрылымдарына еңбекақы және зейнетақы жарналары, әлеуметтік төлемдер бойынша берешегі бар, ешкімге пысқырып қарамай отырған мекеме-кәсіпорындарға қатаң шара қолдану туралы ұсыныс айтамыз. Көп жағдайда ол орындалмай жатады. Ал қалыпты жұмыс жасап, қызметкерлерінің еңбекақысын, өзге де төлемдерді уақтылы төлеп тұрған кәсіпорынға келгенде осындай шара қолданады. Сөйтіп «Омегада» қиын жағдай орнады. Қанша адам уақтылы еңбекақысын ала алмады. Олардың артында отбасылары тұр. Егер есеп-шотты жаппастан бұрын оның арты неге апарып соғуы мүмкін екенін қарап, талдау жасап, басқа бір жеңілдеу шаралар қолданса, мұндай жағдай орын алмас еді».

Өз кезегінде сөз алған БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Еспол Әміров мұндай жайттар алдағы уақытта ескерілетін жеткізіп, міндетті зейнетақы жарналары, әлеуметтік аударымдары бойынша баяндады. Оның айтуынша, 16 маусымдағы жағдай бойынша міндетті зейнетақы жарналарына байланысты 114,7 млн. теңге, әлеуметтік аударымдары бойынша 22,3 млн. теңге берешек бар. «Қара тізімге» іліктендердің басында «Кроун Батыс», «Тінәлі», «БГС-Ақсай», «Азия Болашақ Батыс», «Батыс Марқа Ламб» сынды серіктестіктер тұр. Мемлекеттік кірістер құрылымдары қолданған мәжібірлеу шараларына қарамастан олар әлі күнге дейін берешегінен құтылмай отыр.marat

Жиын барысында сөз сөйлеген БҚО жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Жандос Саматовтың мәлімдеуінше, жыл басында жалақы берешегі бойынша оларда 40 өндіріс болды. Оның жартысының берешегі өтелді, 12-сі кері қайтарылды, ал 6 өндіріс бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде.

Жиын соңында аталған мәселелерді шешу жолдары турасында тиісті тапсырмалар берілді.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале