23.04.2018, 16:20
Оқылды: 83

Жалпақтал халықтық театры 14 оғлан туралы қойылымды ұсынды

IMG_8076Өткен апта соңында қаладағы А.Островский атындағы драма театрында Қазталов ауданы М.Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық театры Мұнайдар Балмолданың «Он төрт (Жалпақталдағы жалын)» атты романы желісінде дайындалған қойылымды көрермен назарына ұсынды. 

Өңірге танымал ақын, журналист Мұнайдар Балмолданың бұл кітабының тұсаукесері өткен жылдың соңында «Жайық  Пресс» медиахолдингінде өтіп, артынан бірқатар аудан-ауылдарда таныстырылымы ұйымдастырылған болатын. Жалпақтал ауылында өткен кітаптың таныстырылымында қойылым көрермен назарына ұсынылған еді.

Бұл кітаптағы оқиға сонау 1940-1941 жылдары Жалпақтал ауылында құрылған «Қазақ халқының қорғаушылар одағы» мүшелерінің тағдырлары туралы өрбиді. Сол кездің өзінде Қазақстанның Кеңес өкіметінен бөлініп, өз алдына дербес ел болуы жолында күрес жүргізуге жұмылған өрімдей  жастардың әрекеттері әшкере болып, алды өлім жазасына кесіліп, кейбірі оққа ұшқан. Өлім жазасынан аман қалғандары жас өмірін абақтыда өткізгендігі туралы баяндалады.

Әр қилы оқиғаға толы романның желісінде өрбіген тарихи драманы жалпақталдықтар жиналған көрермендерге тамаша жеткізе білді. Әсіресе, басты рөлдерді сомдаған Нұрхат Жалмұханов, Мержан Дүйсенов, Анар Мусина, Нұрбек Мұқамбетқалиев, Азамат Дүйсеков, Талғат Неғметуллин, Айдар Боранғалиев, Раухат Чавкин, Шалқыма Мерқұлова сынды аталған театрдың жас актерлері өз кейіпкерлерінің келбетін шынайы жеткізді. Қосалқы рөлдердегі актерлер  жақсы  ойнады.

Айта кетейік, аталмыш театр тек облыс көлеміне ғана емес,  респубикаға танымал ұжым. Театрдың іргетасын 1950 жылдардың соңында өңірге танымал режисер Мұхамбетжан Ғұмаров қалаған. Туған халқы «көке» деп сыйлаған режиссер өз «таяғын» 1981 жылы талантты шәкірті Нұрлан Шақанаевқа тапсырған. Өткен жылы зейнеткер жасына жеткен Нұрлан ағамыз саналы ғұмырын арнаған өнерден бүгін де қол үзген емес.

- Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы Жалпақтал халықтық  театрының құрылғанына келер жылы 60 жыл толмақ. Жарты ғасырдан астам уақытта театр көп биіктерді бағындырып, көрермен көңілінен шығып жүр. Бүгінгі таңдағы театрдың режиссері жас әрі талантты да білімді Шалқыма Мерқұлова ұжымның жұмысын жемісті жалғап келеді. Бүгінгі қойылымның оралдық көрермен көңілінен шыққанына ризамыз. Біздің бастаған ісімізді жалғар жас таланттардың болуы көңіл қуантады, - дейді ҚР Мәдениет қайраткері, театр өнерінің ардагері, қойылымның режиссері  Нұрлан Шақанаев.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале