7.05.2020, 20:03
Оқылды: 389

Жамал апайды тыңдасақ...

Жамал апай 1

Қазақ филология ғылымына өлшеусіз үлес қосқан ғалымдардың қатарында өзіміздің жерлесіміз, Шыңғырлау топырағында дүниеге келген Жамал Айтқалиқызы Манкеева мен атыраулық Зейнолғабиден Бисенғалиевті мақтанышпен атаймыз. Апамыздың әкесі сонау қан майданнан аман келіп, тынымсыз еңбек еткен қарапайым жан болды. Бала сүйді, бәрін аяғынан тұрғызды. Бір тоқ етері, апамыздың ғылым биігіне шыққанын көріп кетті.

Қиындығы мол ғылымға еңбекқор екі жас қол ұстасып қатар басты. Содан бері түбі жоқ ғылым айдынында қос аққудай қатар жүзіп келеді. Қос алып ғалым, академик Зейнолла Қабдолов және академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдаридың шәкірттері өз ұстаздарынан толық адам атануға тиіс барлық қасиеттерді бойларына сіңірді.

Жамал Манкеева қазақ тіл білімінде тіл тарихындағы көне түбірлерді зерттеп қана қоймай, академик Ә.Т. Қайдари бастаған этнолингвистика ғылымын дамытып, лингвомәдениеттану ғылымы мен когнитивті тіл білімі деп аталатын ғылымдардың негізін салушы ғалым деп толық айта аламыз. Апамыз жарыққа шығарған 300-ден астам ғылыми мақала, жиырмадан астам қомақты ғылыми зерттеулер, отыздан астам ғылымға жолын ашқан шәкірттері аз еңбек емес. Жүздері бал-бұл жанған шәкірттері қорғаудан соң бетінен шөп-шөп еткізіп сүйіп жатқаны аппақ қанат періште құстардың қанат қаққаны емес пе?

Есімі түркі дүниесіне таныс, дарынды ғалым Ж.А. Манкеева мектебінің түлектері еліміздің ғылымының дамуына өз үлестерін қосып жүр. Ал Зейнол ағамыз жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін шегіне шығарып зерттеп, өзіндік әдебиет мектебін қалыптастырған. Онымен қоса, жиырмасыншы ғасырдың алтын әдебиетін зерттеп, қаншама шәкірттерін ғылым көгіне ұшырды. Әдебиет пен қазақ тіліне байланысты қаншама халықаралық симпозиумдар мен конференцияларда қашанда өзекті мәселелерді қозғайтын Зейнол ағамыз бен Жамал апамыз екенін айтуымыз керек. Оралда Жұбан ақынды еске алып конференция ұйымдастырылып, Жұбан паркі ашылып, бюст қойылғанда ағамыз бен апамыз тағылымды баяндама жасап, ақын шығармашылығын кеңінен талдады. Профессор З. Бисенғали мен профессор Ж.А. Манкеева елге келгенде Махамбет атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің басшылығының ұйымдастыруымен студенттерге қызықты дәрістерін оқып, ғылымдағы жаңаша көзқарас, бағыттармен таныстырады. Жалпы, Жамал апамызды тәуелсіз еліміздің ірі лингвист ғалымы деп танимыз. Ал өмірде өте қарапайым, биязы жан. Өмірдегі барлық қиындықты жеңіп келе жатқан қайсар адам десек артық болмас. «Болат иіледі, сынбайды» демекші, қайғы-қасіретке иілгенімен, сынбаған тұлға.

Ал ағамыз ше? «Жаныңда жүр адам» дегендей Зейнол ағамыз өте қарапайым жан. Тұла бойын тазалықта ұстайтын адам дегеніміз осы ағамыз дәл келетіндей, себебі нағыз қажы адам осындай болса керек. Бірде ағамыздың ұялы телефонын апамыз кір жуатын мәшинеге киімінде ұмыт қалдырып салып жіберген ғой. Ағамыздың сонда айтқаны: «Анау айналған сайын телефон сарт-сарт соғылады-ай, кеп!».

-Сосын, - деймін ғой.

-Жаңасын алуға тура келді. Жайбарақат айтты қойды. Ал біз болсақ ше, күйіп-пісіп қаламыз ғой, қандай сабырлықдесеңші!

Сабыр мен иман егіз емес пе? Қашанда оразасын тұтқан ағамыздың өз ішінде көптен көкейде жүрген бір борыш басты мақсатқа айнала бастады. «Иманды адамға қажылық парыз» деген бар ғой, ақыры, ағамыз қажылыққа баруға бел буды. Жоғары қан қысымымен дәрігерлік есепте тұрған ағамызға бұл сапар, әрине, оңай болмасы айдан анық еді. Дегенмен «айтылған сөз – атылған оқ». Ағамыз бұл сапарға ұзақ дайындалды. Оған әсер еткен өзі зерттеген ғұламалар мен ақындардың жүріп өткен сара жолы шығар деп топшылаймыз. Иманын байытты, көп оқыды, ілім жинады. Алланың қалауымен аман-сау барып келді.Қажы көп қой, бірақ соған лайық болғанға не жетсін! Берікбай ағай, Зейнолғабиден ағайлар осы есімге лайық тұлғалар ғой.

Ағамыз бен апамыздың тағы бір қыры – елін қадірлеу, отанын сүю. Бұл бір ұлы сезім ағамыз бен апамызға атаның құтымен, ананың сүтімен берілген десек артық болмас.

Жамал апай 2

Басқалар шетелге шауып жатса ағамыз бен апамыз елдің тарихи, қасиетті жерлерін өз көзімен көруге, бағамдауға құмар. Бірде, қателеспесем, Сарайшық сапарынан кейін қасиетті Хан Ордасы мұражай кешеніне бару үшін Оралға келіпті. Зейнол ағамызбен ағалы-інілідей сыйласып өткен Отарәлі ағайдың досы Өтеген ағай көмектесіп, профессор, кезінде ҚазҰУ-дегі ағайдың шәкірті, Мұрат Сабыр гид болып, Оралдан 500 шақырым шалғайда жатқан Бөкей Ордасы ауданына барып, тәнті болып қайтты. Жәңгірхан салдырған «Казначейство», оған сол кезде шетелде жасалып, жәрмеңкенің айналым ақшасын сақтау үшін әкелінген, сиқырлы кілті үш адамда болатын, тұтас жарға қаланған сейф немесе өз жанын құрбан етсе де қалың қазақты обадан сақтап қалған, дәрігерлік антына берік болған дәрігердің бола алмай кеткен жарының сонау Петербургтен пойызбен Астраханьға, одан түйе арба жалдап, сонау Астраханнан Ордаға жеткізген, 25 жасында өмірден өткен орыстың жалынды ақыны Надсонның өлеңінің бір шумағы жазылған құлпытасы ше? Осыны көрмей-ақ, осы Оралдың өзінде қаншама адам жүр десеңші?

Баяғыда ҚазҰУ-де оқып жүргенде ағайды сыртынан көріп, қатал адам деп шамалайтынмын, алайда қатаң дегендердің жүрегі жылы екенін аз болса да өмір тәжірибемнен білетінмін. Академик Мырзатай Серғалиев, Талғат Сайрамбаев, Айтбай Айғабылұлы, Рақыш Сәтұлы Әміров, Хасан Кәрімов, Сапархан Мырзабековтер жан жүрегі жылуын жан-жаққа шашып жүретіндер ұстаздар болатын. Ал өз ұстазым Берікбай ағайдың шәкірттеріне деген мейірімі шексіз. Талап мен мейірім қатар жүретін осы ұстаздарымның ішінде профессор Зейнолғабиден Бисенғалиев те бар. Ағайдың шәкірті Өтеген Жақыпов менің студенттік өмірден бірге келе жатқан досым. Ендеше, оның ұстазы – менің де ұстазым, оның үстіне, Жамал апай тілші ретінде менің рухани ұстазым. Өз басым заты әйел ғылымдағы ұстаздарым Рабиға апамыз бен Жамал апайдың тағылымды әңгімелерін мен ақыл-кеңесін тыңдаумен келемін.

 

Жамал апайды тыңдасақ, баяғы жар көңілін хаттай таныр апамызды көресің. Өнеге, тағылым, тәрбие, қадір, сыйластық, насихат, қазақы әйелге тән биязылық – бәрі де апамыздан табылады. Апамызда селқостық қасиет мүлдем жоқ, керісінше, қанша дарынсыз болса да, адалдығы сезіліп тұрған адамға шабатын ат беретін қасиетке ие, яғни барын сала көмектесу парыз болып кеткендей. Оларға деген шәкірттерінің құрметі ерекше болатын, себебі олар жас шәкірттерінің бар арман-мұңын, ішкі ойын біліп, қашанда сезіп отыратын. Ақ жүректі адамға жастар да үйір, содан шығар ағамыздың үйі ғылымға қанат қаққан жас дарындарға толы болатын. Апайдың аппақ бауырсағы, мол мүшелі етіп, тартылған табағы, ағайдың таңғажайып, әсерлі әңгімесі ешкімнің есінен кетер емес деп ойлаймын. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген шәкірттері осы тәрбиенің жемісі екенінде дау жоқ. Алдымен Отан ағамыздың қолдауы, сосын Жамал апайдың шапағаты мен ағамыздың насихаты Мэлс Қосымбаев, Азамат Мамыров, Өтеген Жақыпов, Асан Қайыров, Ербол Дәулетов сияқты шәкірттердің ғылымға деген жолын ашты.

index

Ағамыз мен апамыз тәуелсіз Қазақ елінің төл перзенті ретінде өз еліне, қазақ тілі мен әдебиеті сияқты қос ғылымға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Еліміздің оқу-ағарту жүйесіне сан мыңдаған шәкірттер дайындап, олардың алғысына бөленді. Жетпістің асуына шыққан ағамыз бен апамызға қандай алғыс айтып, құрметке бөлесең де артық болмайды деп ойлаймыз.

Ғ.Қ.Хасанов

М. Өтемісов атындағы

Батыс Қазақстан мемлекеттік

университетінің профессоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале