9.12.2019, 11:00
Оқылды: 52

Жаңа көпір жобасы назарда

Оралдағы жоғары аграрлық-техникалық колледжде Сыдықов көшесінен «Ақжайық» шағынауданына дейін көпір арқылы өтетін автокөлік жолы құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын талқылаған қоғамдық тыңдау өтті.

IMG_20191206_174742

Осымен үшінші рет көпшіліктің назарына ұсынылған жоба бойынша тұрғындардың пікірі тағы да екіге жарылды. Олардың бір тобы қала орталығына жету үшін көпірдің маңызы зор дейді. Тұрғындардың сөзінше, көпір күн санап өсіп келе жатқан Зашаған кентінің тұрғындары үшін ғана емес, облыс орталығының көркеюіне үлес қосу үшін де қажет. Ал  оралдықтардың кейбірінің пікірінше, бұл көпір орталықтағы шағын көшелерде қозғалысты одан сайын қиындатып қоймай, қалалық парктегі жасыл желекті жояды.

Жиында кезек-кезек сөз алған тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бірі қаладағы жолдарды кеңейту керек десе, бірі айналма жолдар салған жөн дейді. Ал екінші жақ жыл санап қаладағы халық санымен қоса, көлік те артып келе жатқандықтан, жаңа көпір салу керек деген пікірде. Қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаевтың сөзінше, қаланың орталық бөлігінде тұратын кейбір тұрғындар ғана көпірдің құрылысына қарсылық білдірген. Зашаған және Деркөл кенттерінің тұрғындары айтып өткендей, таңғы және кешкі мезгілде көлік кептелісі болмас үшін жаңа көпірдің болғаны маңызды.

Орал қаласының бас жоспарында тұрған бұл көпірдің жобасын «Алматыдорпроект» ЖШС жоспарлауда. Бас жобалаушы ұйымның өкілі Захар Павлушиннің сөзінше, бұл жобаға тұрындардың алғашқы тыңдалымдарда айтқан пікір-ұсыныстары ескеріліп, түзетілген. Ең алдымен, ешбір тұрғын үй мен саяжайларды бұзудың қажеті болмайды. Көпір құрылысы қалалық мәдениет және демалыс саябағынан қашық орналасқан. Көпірде көлік шуын азайтатын құралдар қою қарастырылған. Сонымен қатар алғаш айтылғандай мың жарым емес, 600-ден астам тал-терек кесіледі. Есесіне 3000 терек отырғызу жоспарланған. Жаңа көпір жобасының құны шамамен 11 млрд. теңге.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале