19.10.2019, 20:57
Оқылды: 60

Жаңа нысанның құрылысы қоғамдық тыңдауда талқыланды

Бүгін Орал қаласының әкімдігі №35 мектеп-лицейінде қала тұрғындарымен кездесу ұйымдастырып, Шаған өзені арқылы өтетін жаңа автомобиль көпірінің құрылысы мәселесін талқылады.

IMG-20191019-WA0040-800x600

Қала тұрғындары жаңа көпірдің оралдықтардың ең сүйікті орны - қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағында салынуына наразылық танытты.
Кездесуде қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоқжанов шаһар тұрғындарының саны жыл санап артып отырғанын, сондықтан тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында жаңа «Ақжайық» шағын ауданының бой көтеретінін айта келе, қазіргі таңда қажетті инженерлік желілерді тарту жұмыстарының аяқталғанын жеткізді. Болашақта 70 мыңнан астам адам мекен ететін жаңа шағынауданда тұрғын үйлердің құрылысы келер жылы басталмақ. Бекжан Тоқжанов салынатын жолды тек Ақжайық шағынауданының тұрғындары ғана емес, Деркөл, Зашаған кенттері мен ПДП тұрғындары да пайдаланатынын, ал бұл өз кезегінде Жәңгір хан көшесіндегі қазіргі автокөлік нөпірін бәсеңдетуге ықпал ететінін айтты.

IMG-20191019-WA0039-800x600
Қалалық сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы Темірболат Шәкіржановтың мәлімдеуінше, «Ақжайық» шағынауданының бас құрылыс жобасы бекітіліп қойған. Ал жаңа көпір құрылысының жобасы әлі жасақталуда. Сондықтан бұл кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ортақ мәмілеге келу үшін ұйымдастырылып отыр.
-«Ақжайық» шағынауданы деп аталғанымен, бірқатар әлеуметтік нысан, әкімшілік ғимараттары, көп қабатты тұрғын үйлері бар шағын қалашыққа айналмақ. Жаңа шағынауданның құрылысы туралы бұған дейін облыс және қала әкімдерінің жұртшылықпен есептік кездесулерінде бірнеше мәрте айтылды. Жаңа шағынауданды орталықпен, жалпы қаламен байланыстыратын автомобиль жолының құрылысын жобалау барысында негізгі көлік магистралдарының орналасу бағыты ескеріліп отыр, - деді ол.
Алайда жиында қала тұрғындары Шаған өзені арқылы көпір салуға қарсы екендерін айтты. Көпшілік айтқандай, жалпы көпір құрылысына жұртшылық қарсы емес, бірақ олар қалалық мәдениет және демалыс саябағы аумағы арқылы салынуына және құрылыс барысында саябақтағы 1500-дан астам тал-теректің кесілуіне үзілді-кесілді қарсы. Өйткені бұл шаһардағы табиғат аязында таза ауамен тыныстап, отбасылық демалыс ұйымдастыруға болатын жалғыз орын.

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале