24.02.2017, 17:01
Оқылды: 241

Жанғали Нәбиуллин атындағы оқырман бөлмесі ашылды

Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында ақын Жанғали Нәбиуллин атындағы оқырман бөлмесі мен мүмкіндігі шектеулі зағип жандарға арналған кітап бұрышы  ашылып, ақынның құрметіне әдеби кеш өтті.

Салтанатты шараның тұсау кесер рәсімін ақынның жары Ағиба Нәбиуллина мен Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ғайсағали Сейтақ атқарды.

Айта кетер болса, Жанғали Нәбиуллин  Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылында 1936 жылы дүниеге келген. Ұялы жетіжылдық, С.Киров атындағы орта мектептерде білім алып, 1954 жылы Фурманов орта мектебін тәмамдаған. 1960 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих-филология факультетін бітіргеннен кейін қырық үш жыл бойы аудандық, облыстық және республикалық басылымдарда еңбек етті. Әсіресе, өмірінің көп жылын облыстық «Орал өңірі» газетіне арнаған болатын. Ақынның алғашқы өлеңдері 1961 жылы Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасынан шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта жарияланды. Оның тырнақалды жырларын Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дүлдүл ақыны жоғары бағалап, ақ батасын берді. Оның әр жылдары орталық баспалардан «Ақ жаңбыр», «Таныс әуендер», «Ақ сөйле, жүрегім», «Жырлайды жылдар», «Жетінші перне», «Жоғарғы кернеу» секілді ұзын саны 14 кітабы жарық көрді. Ал ең таңдаулы өлеңдері 1977 жылы «Қазақ совет поэзиясының антологиясына» енген болатын. Жанғали Набиуллин  1969 жылдан бері КСРО және Қазақстан Жазушылар одақтарының мүшесі, Жаңақала, Бөкей ордасы аудандары және Орал қаласының құрметті азаматы атанып,  Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Құрмет грамотасымен марапатталған болатын.

-Өмірде Қадыр Мырза Әлі мен Жанғали Набиуллин сыйлас, сырлас болған жандар. Бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы  мәдениет пен өнер орталығында Жанғали ағаның рухы қайта жаңғырып жатыр деп есептейміз. Өткен жылы ақынның 80 жылдығы  кемшін тойланып  еді. Бүгін сол олқылығымыздың орны толғандай. Жанғали ақынға арнаған оқырман бөлмесінде оның пайдаланған заттары, кітаптары қойылып отыр. Біз кітап жинауды сол кісіден үйрендік,- деп шарада сөз алған Ғайсағали Сейтақ Жанғали Нәбиуллинге арнаған өлеңін оқыды.

- Жәкең  кітапты көп жинайтын және қадірлейтін еді. Өмірінің соңғы жылдарында да ұлы Нұрланның оқуға алып кеткен 4-5 кітабының орнын көрсетіп, «кері әкеліп орнына қойсын» деді. Жәкең кітапты қадірлейтіні сондай, бетін де бүктемейтін. Кейін Жанғали ауыр дерттен қайтыс болды. Жылы өткен соң көзінің қарашығындай сақтаған кітаптары қолды болмасын деп Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиоллаға  келіп айттым. Ол ойымды құп алып, бүгін міне оқырман бөлмесі ашылып отыр.  Жас ұрпақ осы кітаптардан рухани нәр алса екен деп тілеймін,-деді ақынның жары Ағиба Нәбиуллина.

Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале