21.11.2018, 16:39
Оқылды: 84

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Елбасы мақаласы талқыланды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын батысқазақстандықтар да қызу талқылауда. Жарты ғасырдан астам тарихы бар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің оқытушы-ғалымдары мен білім алушылары Мемлекет басшысының жаңа мақаласын ұлы даладағы ұлттық идеологияға пара-пар іргелі тұғырнама ретінде қабылдап отыр.

бкату (2)

Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қисынды жалғасы екенін атап өткен университет ректорының бірінші орынбасары – стратегиялық даму және қаржы жөніндегі проректор Өтеген Таубаев ұлттық болмысымызды сақтап, тарихымызды жаңғырту жайлы сөз болғанда, алдымен жас буынды ұлттық тәрбиемен сусындатуға ерекше көңіл бөлудің мән-маңызына кеңірек тоқталып өтті.

-Ұлы даламыздың жеті қырын айшықтап, олардың әрқайсысына қысқаша түсінік берген Елбасы тарихи сананы жаңғырту үдерісін бірнеше жобалар арқылы бастауды ұсынды. Олардың қатарында «Архив-2025», Ұлы даланың ұлы есімдері, Түркі әлемінің генезисі, Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі, Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, Тарихтың кион өнері мен телевизиядағы көрінісі атты жобалар бар. Біз де осы аталған жобаларды бұдан бұрын қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы ретінде қарастырып, жүзеге асыру шараларының жоспарына қажетті толықтырулар жасап, төл тарихын білетін және оны мақтан тұтып, бағалай алатын жас ұрпақты тәрбиелеуге күш салуымыз керек,-деді Өтеген Байырғалиұлы.

«Рухани жаңғыру орталығы, Қазақстан тарихы және әлеуметтік пәндер» кафедрасының профессоры, философия ғылымдарының докторы Тілекжан Рысқалиевтің пайымдауынша, бұрын кеңістік пен уақыт философиялық категорияларын тек материямен ғана байланыстырып келсек, Елбасы мақаласында бұл ұғымдар кең мағынада, қоғамның, адамның өмір сүру, өсіп-жетілу кеңістігі және уақыты ретінде қарастырылады.

-Конфуцийдің «Адам басынан аяғына дейін өлшенбейді. Басынан бастап аспанға дейін өлшенеді» деген тәмсілі бар. Яғни, адамның да, қоғамның да өсіп-өркендеуіне ешқандай шек қойылмайды. Елбасының былтыр жарық көрген «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты дүниетанымдық мақаласы шын мәнісінде санамызға зор ықпал етті. Өзімізге де, өткенімізге де басқаша қарауға мүмкіндік алдық. «Қазақстанды алға жылжытатын шетелдік инвестициялар емес, өсіп-жетілуге қажетті нәрселердің бәрі өзімізде бар екен. Тек оларды іске қосу үшін жаңа көзқарас, рух, намыс, жігер керек» деген түсінік пайда болды. Қазір жастарымыз рух, руханилық, рухани жаңғыру туралы көп ойланып, өздеріне осы тұрғыдан қарай бастады. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы болып табылады. Автордың өзі атап өткендей, мақаладағы мәселелер терең ой елегінен өткізіп, зерттеп, зерделеуді талап етеді.

Елбасы Ұлы даланың жеті қырын атап көрсетіп, тыңғылықты талдайды. Оларды екі тең тақырып аясында қарастырады. Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас қажет екенін айтады. Қазақ тарихын біз әдетте XV ғасырдан, Керей-Жәнібек заманынан бастап, таратып жүр едік. Нұрсұлтан Әбішұлы біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайтын деректерді атап көрсетеді. Нақты ғылыми негіздемеге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді байыппен әрі дұрыс пайымдауға шақырады.

Жылқыны қолға үйрету осыдан төрт мың жарым жыл бұрын Башкирияда бастау алды деп есептеліп келген. Елбасы өз мақаласында жылқының тұңғыш рет қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілгенін «Ботай» қонысында жүргізілген қазба жұмыстары дәлелдейтінін алға тартады. Қызғалдақтың Отаны Нидерланды да, Түркия да емес, Қазақстан екен. Елбасы бүгінде жер жүзіне кең тараған 3 мыңнан астам түрі бар қызғалдақ гүлінің қазақ даласындағы қызғалдақтың «ұрпағы» екенін айтады.  Елбасы ұсынған «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» жобасы мен «Дала фольклорының антологиясын» жасау туралы тың бастамалардың рухани жаңғыру жолында нақты нәтижесін беретініне сенімім мол, -деді ғалым.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Гүлбарам Нұрғалиева Елбасы мақаласында жазылған әлемдегі алма атаулының атасы Сиверс алмасының  аязға, ыстыққа және құрғақшылыққа төзімді болып келетініне тоқталып, оны облыстың Бөрлі және Зеленов аудандары аумағында өсіру қолайлы екенін, клонды телісуші жаңа технологиясы бойынша өсіріліп жатқан  аласа бойлы алмалардың тамыр жүйесін сиверс алмасына телісуші ретінде пайдалануға болатынын атап өтті.

Басқосуда сөз алған магистранттар мен студенттер болашақтағы рухани толысуымыздың басты бағыттарын айқындаумен қатар, өткенін нақты біліп, бүгінін бағалайтын біртұтас ұлт болуға үндеген Елбасы мақаласының қоғамдық санаға серпіліс беріп, жастарды рухтандыратынын жарыса айтты. «Ұлы даланың жеті қырын» тануды өзімізден бастап, оны өзгелерге дәріптеу – ендігі басты міндет» десті жиынды түйіндеген жастар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

Zhaikpress.kz

бкату (1) бкату (3)

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале