30.12.2017, 22:06
Оқылды: 194

Жансая Мусина республикалық айтыста бірінші орын алды

Бүгін Алматыда екі күнге жалғасқан «Тәуелсіздікке тарту» атты республикалық ақындар айтысы мәресіне жетті. Жыл бойы өткен айтыстардың жеңімпазы болған азулы, арқалы ақындар елдің әр шетінен жиылып, жылдың қорытынды айтысын жасады.


 

Облыс әкімі Алтай Көлгінов twitter-дегі өз парақшасында «Алматы шаһарында өткен «Тәуелсіздікке тарту» атты республикалық айтыста бірінші орын алған Ақжайықтың ақыны, мақтанышымыз Жансая Мусинаны жеңісімен құттықтаймын! Жақында "Ерен еңбегі үшін" марапат алған Жансаяның бұл жеңісі Жаңа жылға керемет сый болды!» деп құттықтады.
«Тәуелсіздікке тарту» атты республикалық айтыста бас жүлдені иеленген Айбек Қалиевке «Айтыс ақтаңгері» атағы көлік кілтімен қоса берілді. Айбек ақын «Алтын домбыраның» да иегері атанды. Төл өнеріміздің мәртебесін асқақтатып жүрген батысқазақстандық ақын Жансая Мусина бірінші орынды жеңіп алды (жүлдесі 1млн. теңге). Ал 2-орын Еркебұлан Қайназар, Мейірбек Сұлтанханға (жүлдесі 500 мыңнан), 3-орын Ершат Қайболдин, Тілеген Əділов, Халижан Білдəшқа бұйырды.

Батыс Қазақстанның мақтанышына айналған ақын қыз Қарағанды қаласында өткен  «Жас толқын» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін, 2005 жылы Сырым Датұлының 265 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында бас жүлдесін, 2007 жылы Талдықорған қаласында өткен Сүйінбай Аронұлының 190 жылдығына арналған халықаралық ақындар айтысында ақын Сара атындағы 2-жүлде, 2011 жылы Маңғыстау облысында өткен  Қашаған Күржіманұлының 170 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысында бас жүлде, 2013 жылы Шымкентте өткен Абылай ханның 300 жыл, Төле бидің 350 жылдығына арналған айтыста Абылай хан атындағы бас жүлдені,  2015 жылы Бөкей ордасы ауданының  Хан ордасы ауылында өткен «Тарихы терең қазақ елі» республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін, 2017 жылы Алашорданың 100 жылдығына арналған ақындар айтысының бас жүлдесін жеңіп алғанын айта кетейік. Жырларымен елдің рухын көтеріп жүретін ер мінезді ақын қызға деген жерлестерінің құрметі ерекше. Былтыр ақын туған жері «Бөкей ордасының құрметті азаматы» атанса, жуырда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Нұрлыбек РАХМАН
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале