22.11.2017, 21:57
Оқылды: 70

Жапондықтар Оралда деректі фильм түсірмек

Жапон еліндегі «TOKYO VIDEO CENTER INC» компаниясының тілшілері шорт-трек спортының Қазақстан Республикасында дамуы туралы Жапонияның «NHK» Ұлттық телеарнасына деректі фильм түсіру үшін арнайы сапармен Орал қаласына келді.

Жапондықтар елімізге танымал спортшылар, шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев және шорт-тректен ұлттық құраманың бас бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков туралы деректі фильм түсіруде. Айта кетейік, жоғарыда аттары аталған екі спортшы келер жылдың ақпанында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өтетін ХХІІІ қысқы олимпиада ойындарында ел намысын қорғамақ.

Өңірімізге келген шетелдік меймандар Нұрберген мен Абзалдың туып, өскен қаласының әсем жерлері, тәрбие алған жанұясы және алғашқы білім алған, спортқа жаттыққан мектептері туралы бейнебаян түсірді.

– Әлем кубогі үшін болған жарыстарды тамашалаған кезде Қазақстан елінің намысын қорғауға бізге танымал спортшы, олимпиада чемпионы Денис Тен шығатын болар деп ойладық. Сөйтсек, бұл елдің атынан бізге есімдері беймәлім Нұрберген Жұмағазиев пен Абзал Әжіғалиев шыға келді. Кейін олар қатысып, жүлделі орындар алған жарыстардың бейнероликтерін іздеп жүріп тамашаладық. Содан кейін бізді қазақстандық жас спортшылардың өмірі қызықтыра бастады. Себебі, шағын ғана мемлекеттен келіп, әлемдік додалардан топ жару тек мықты спортшыларға тән екендігін жақсы білеміз. Әрі бұл елде спортшыларды баулу тегін екендігі бізді таң қалдырды. Жапонияда спорттың кез келген түрімен айналысу көп қаражатты қажет етеді. Сондықтан біз бұл спортшылардың туып өскен жері, отбасы, ортасы мен жаттыққан мектебі, жаттықтырған бапкері туралы деректі фильм түсіруді ұйғардық. Жалпы, Қазақстанның қандай ел екендігін өз көзімізбен көру үшін келдік. Бұл деректі фильмді түсіру - өзімнің жеке шешімім. Елдегі билікке өз жобам туралы түйіндемелер жолдап, Қазақстанға баруға рұқсат алдық. Негізі бұл деректі фильм жапондықтар үшін түсірілуде. Себебі біздің елде Қазақстан туралы деректер өте аз. Фильм көрсетілімге шыққасын қазақстандықтар да ғаламтор желілерінен көре алады деп ойлаймын, – дейді «TOKYO VIDEO CENTER INC» компаниясының тілшісі Чоичиро Унно.
Шетелдік меймандар сонымен қатар қазақ халқының кішіпейілдігіне, қонақжайлығына, ашық мінезіне тәнті болғандықтарын айтты.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале