9.10.2020, 12:42
Оқылды: 599

Жапониядағы жарқын күндер

Мен әл-Фараби атындағы Қазақтың ұлттық университетіне қарасты шығыстану факультетінің 4-курсында оқимын. Туған жерім Ақжайық ауданының Чапаев ауылы. Өткен жылы университеттің академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Жапонияға жолдама алып, бір жылдай Васеда университетінде білім алдым. Сол елден көрген-білгеніммен бөліссем деп едім.

Japonia

Бұл сапарыма кураторым әрі жапон тілінің оқытушысы Самал Боранқұлова мен Самал Кадикова, Ерлан Ахапов, Ниномия Такаши секілді оқытушыларым қолдау көрсеткен еді. Мен үшін 2019-2020 оқу жылы коронавирус пандемиясына қарамастан өте керемет өтті. Өйткені осы уақыт ішінде түрлі адамдармен танысып, Жапонияның көптеген жерлерін аралап, жапон тілін жоғары деңгейде меңгеруге мүмкіндік алдым.

Шетелде оқу – тек шет тілін үйрену емес, жаңа мәдениет, жаңа орта, жаңа әлемді тану. Мен білім алған жерде тек жапондықтар оқыған болатын. Алайда кәріс, қытай, итальян, үнді, американдық студенттермен де жақын араласып, бірге оқу мүмкіндігін алдым. Дәрістер негізінен жапон тілінде жүргенімен, ағылшын тілінде де оқытылды. Сол жерде Таиландтың астанасы Бангкокқа бір апталық бағдарламамен оқуға бардық.

Демалыс уақытында Жапонияның түрлі жерлерін аралап, дәмі тіл үйіретін жапон тағамдарынан дәм татып, көптеген мереке-мейрамдарын көрдім. Токиодан бөлек, батыстағы Осака, Киото, Нара, Кобе, шығыстағы Никко, Чичибу, Атами және т.б қалаларын араладым. Токионың өзі де шеті мен шегі жоқ мегаполис болғандықтан, аралайтын жерлері өте көп. Аталған қалаларда көк тіреген ғимараттар, көне храмдар, сакураның гүлдеуі, әдемі теңіз толқындары сияқты ғажайып көріністерді тамашаладым. Бұл жақтан өз бетінше өмір сүру мәдениетін үйрендім. Мені көп нәрсе таңғалдырған еді.

Біріншіден, жапон мәдениеті. Әрине, университетте жапон мәдениеті туралы оқып, оқытушыларымнан түрлі өмірлік мысалдарды естіген болатынмын. Алайда көзбен көрген мүлде бөлек. Жапондықтар шынымен де өте сыпайы, мәдениетті. Кез келген жапондық өзінің көңілі толмай тұрғанын сездірмейді, әрдайым сыпайы түрде жауап береді, дауыс көтермейді. Ең жоғары қызмет көрсету мәдениеті Жапонияда қалыптасқанына көзім жетті. Екіншіден, қоғамдық көліктері өте таза. Олар әрдайым кесте бойынша уақтылы жүреді. Кешігу тек ауа райы жағдайына байланысты кездерде ғана кездеседі. Онда да тек бірнеше минутқа ғана кешігуі мүмкін. Ал жолаушылар тәртіпті мықты сақтайды. Қоғамдық көліктің аялдамасында кезекке тұрады. Кезекті ешкім бұзбайды, қай ретпен тұр, сол ретпен мінеді. Сонымен қатар жолда ешкім ұялы телефон арқылы сөйлеспейді (дауысын өшіріп тастайды). Сондықтан көлік іші әрдайым тып-тыныш. Үшіншіден, тазалық. Көшелері мұнтаздай тап-таза. Қоқыс лақтыратын жәшіктері шектеулі жерлерде ғана орналасқан. Ал көшелерде қоқыс жәшіктерін мүлдем кезіктірмейсіз.

Жапонияны көру – әр жас буынның арманы болуы керек. Ал жапон тілі мен жапон мәдениетін оқып, біліміне сусындау өзіңнің алтын уақытыңды бөлуге әбден тұрарлық нәрсе деп айта аламын.

Гүлден Тапенова,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале