4.08.2020, 10:36
Оқылды: 77

Жарты жылда 550 жаңа техника алынған

Батысқазақстандық шаруалар жаңартылған мемлекеттік бағдарлама көмегімен етті мал сатып алумен қатар қолданыстағы техниканы да жаңартуға мүмкіндік алуда. Бұл туралы «ҚазАгроҚаржы» АҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалының мамандары мәлімдеп отыр.

88DE997E-CE34-4A5F-A5A1-FFB81EDF3083

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалы арқылы 100-ге жуық шаруа қожалығы қаржыландырылған. Көп жағдайда табиғи өнімге сұраныс мол болғандықтан және қыстың қамын жаз ойлайтын шаруалар акционерлік қоғам арқылы қысқы мал азығын да молынан жинап алу үшін техниканы сайлап алған.

Осы орайда «ҚазАгроҚаржы» АҚ   директоры Мұрат Ихсанов ауыл шаруашылығы саласын дамытуға атсалысамын деген еңбек адамдарына мемлекет қолдау көрсетуге әр кез дайын екендігін айтады.

Мәселен, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 550-ден  астам ауыл шаруашылығы және арнайы техниканың жекелеген түрі лизинг бойынша қаржыландырылған.

– Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне 4 160,0 млн. теңгеден астам қаражатқа 440-тан астам лизинг шарттары жасалды.  Мысалы, шаруа қожалықтары  биыл 147 трактор, егіске қажетті түрлі төрт техника, топырақ өңдеуге арналған 30 құрал, суару жүйесіне қажетті екі құрал, 12 комбайн, 327 дана мал азығын дайындау техникасы, 19  дана ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауға арналған аутокөлік алынды, – дейді Мұрат Әнуарұлы.  

Сонымен қатар облыстың агроөнеркәсіп кешеніндегі машина-трактор паркінің барлық техникалары қайта жаңартылған. Өңірде «ҚазАгроҚаржы» АҚ филиалы жұмысын бастағалы 21 инвестициялық жоба арқылы 20 млрд. теңгеден астам қаржыға 4000-нан астам ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Мәселен, мемлекеттік жеңілдікке ие болғандардың бірі теректілік шаруа – Талғат Дәкешов. Ол басқаратын «Төлеңгіт» шаруа қожалығында  бүгінде асыл тұқымды етті, сүтті  ірі қара мал басы көбейтілуде. Аталған шаруашылықта күніне 40-қа жуық сиыр сауылып, жиналған өнім жергілікті сүт фермаларына жөнелтіледі. Артылып жатса, қаладағы дүкендерге таратылады. Шаруа бүгінде 12 адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, қолданыстағы барлық техникаларын жаңартыпты. Мал басын сақтап қалудың барлық  тетіктерін пайдаланып отырған шаруа мемлекеттің қолдауына дән риза. Қазіргі уақытта «ҚазАгроҚаржы» АҚ лизингке техниканы қаржыландырудың әртүрлі бағдарламаларын пайдалана отырып, екі бағыт бойынша жұмыс істейді.

Олардың бірі – ҚР Ауыл шаруашылығы техникасының, яғни жылдық 6% мөлшерлемемен отандық өндірісте құралған лизинг техникасы.

Екіншісі 17% жылдық сыйақы мөлшерлемесімен жақын және алыс шетелдердің ауыл шаруашылығы техникасының лизингі, оның 10%-ы мемлекет тарапынан пайыздық мөлшерлеме бойынша субсидия түрінде өтеледі.

Лизингке қаржыландырудың өзге шарттары бұрынғысынша  5 жылдан 10 жылға дейін өзгеріссіз қалған. Аванстық төлем (бастапқы жарна) сатып алынатын техника құнының 10%-ынан және одан да көп пайызынан басталады. Негізгі борышты өтеу жылына бір мәрте болса, сыйақыны өтеу – тоқсанына бір рет. Шаруаларға  несие кепілдіксіз берілетінін де айта кеткен жөн.

Нұрбек Оразаев,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале