27.12.2017, 18:28
Оқылды: 56

Жас аналарға жан-жақты қолдау қажет

Жаңа жыл қарсаңында облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов Зеленов ауданы Мичурин ауылдық округіндегі «Ана үйінің»  қазіргі ахуалымен танысты. «Ана үйі» орталығына облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат  жөніндегі комиссияның мүшелері де барды.

Елімізде «Ана үйі» қоғамдық қорының жобасы 2013 жылы іске қосылған. Жоба мақсаты – тағдыр тауқыметін кешкен жас аналардың туған баласынан бас тартуына жол бермеу, сәбидің әкесімен жарасым табуына, туысқандарымен табыстырып, өмір жолында бірге ғұмыр кешуіне дәнекер болу. Еліміздің аймақтарында «Ана үйі» жобасы аясында 26 орталық құрылған. Қоғамдық қордың құрылуына белгілі кәсіпкер, «BI Group» компаниясының басшысы Айдын Рахымбаев бастама жасаған. Қазіргі уақытта Орал қаласындағы «Ана үйінде» сегіз ана баласымен тұрып жатыр. Үш жыл ішінде бүгінге дейін біздің облыста 120-дан астам ана орталыққа қабылданған. Осы мерзім ішінде 80-нен астам бала әкелерімен қауышқан, тума-туысқандарының қамқорлығына алған. Орталықта жас аналарға құқықтық, қаржылық, әлеуметтік, медициналық көмек көрсетілуде. Қоғамдық қор арқылы былтырдан бастап жаңа жоба қолға алынған. Яғни, қорға қарасты орталықтарда бала асырап алғысы келетін отбасыларға құқықтық кеңес беретін кабинеттер ашылған. Орталық мамандары жетімдер үйінен баланы қабылдап алуға дайындайды.

Қордың аймақтық өкілі Римма Көбейсінованың айтуынша, орталыққа қабылданғандардың «Ана үйінде» тұруына алты ай мерзім берілген. Жас аналарға азық-түлік, сәбилерге киім-кешек, жөргек, одан бөлек, орталық үшін үй ғимаратын жалға алу ақысын төлеу қор есебінен жүргізіледі. Қорды еліміздегі ірі меценаттар қаржыландырады. Орталықта тігін курсы ашылған. Курс арқылы іс мәшинелерін қолдануды арнайы мамандар үйретеді. «Ана үйіндегі» келіншектердің жұмысқа орналасуына жергілікті құрылымдар арқылы қолдау жасалуда. Дегенмен «Ана үйінің» өкілдері жас аналарды әлеуметтік тұрғыда көмектесуді күшейту қажеттігін айтты. Мәселен, баспана тауып беру мәселесін шешу қиын. Орталықтағы бір келіншектің тұрып жатқанына жылға жуық уақыт болған. Сонымен қатар, жас аналар арасында кәсіпкерлік негіздерін үйренгісі келетіндер бар. Оларға бизнес-жоспар жасап, қаржылық қолдау жасау жайы «Ана үйіндегі» кездесу барысында айтылды. Кейін облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов бастаған топ жас аналарды келе жатқан Жаңа жыл мейрамымен құттықтап, сый-сияпат тапсырды.

– «Ана үйі» орталығы сіздерді қамқорлап, тағдыр тауқыметін бөлісіп, қолдау білдіруде. Әлеуметтік жобаны жүзеге асырып жатқан қор меценаттарының жанашырлығына ризамыз. Ана мен бала құқын қорғау – еліміздің болашағы жарқын болуына кепіл. Өмір жолы күрделі. Еңселеріңіз түспесін. Қиындыққа мойымаңыздар. Сіздерді мейірім шуағы күтіп тұрғанына сенімдімін. Жаңа ғана орталық басшылығымен сөйлестік. Олар алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Бұл бағытта мемлекеттік органдар әрдайым қолдау білдіреді. Бизнес бастағысы келген жас аналарға Орал қаласында ашылған кәсіпкерлікті қолдау орталығының мамандары көмектесетін болады, – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Нұртай ТЕКЕБАЕВ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале