9.11.2016, 10:31
Оқылды: 17

Жастарды жұмыспен қамту маңызды

%d0%b6%d0%b0%d1%81%d1%82%d0%b0%d1%80-1Облыс әкімдігінің кіші залында облыстағы мемлекеттік жастар саясатының жүзеге асырылуы және жастар арасындағы өзекті мәселелерді талқылаған селекторлық отырыс өтті. Жиынға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты.

-Мемлекет басшысы жастар саясатына көңіл бөліп, мән-маңыз береді. Жастардың жұмыссыздығы, олардың қазір немен айналысатындығы немесе жоспарлары қандай деген мәселелерді талқылайтын боламыз, -деген өңір басшысы Алтай Көлгінов облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының жаңадан тағайындалған басшысы Аян Сакошевті жиынға қатысушыларға таныстырды.

Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша аталмыш басқарманың басшысы Аян Сакошев баяндама жасады.  Оның айтуынша, аталмыш басқарма өңірдегі жастар саясаты бойынша арнайы сараптама жұмыстарын жүргізген. Облыста жастар саясатын қаржыландыруға 253 млн. теңге қаражат бөлінген және соның 48,9 млн. теңгесі әлеуметтік тапсырыстардың негізінде іске жаратылуда. Облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығына барлығы 28 млн. теңге бөлінсе, соның ішінде штат ұстауға 26,3 млн. теңге, ресурстық орталықтармен өткізілетін шараларға 1,7 млн. теңге бөлінді. Аудандардағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтарға 142 млн. теңге, оның ішінде орталықтардың штатын ұстауға 132 млн. теңге, ал қалған 10 млн. теңге орталықтармен ұйымдастырылатын шараларға бөлінеді. Мемлекеттік әлеуметттік тапсырыс аясында аудандарда  жастар саясатын жүзеге асыру үшін барлығы 28 млн. теңге бөлінген. «Барлық бөлінген қаржының  70 пайызынан астамы штат ұстауды қаржыландыруға, тек қалған 30 пайызы ғана жастардың негізгі мәселелерін шешуге арналған шараларды жүзеге асыруға бөлінеді», - деген  А.Сакошев БҚО-да жастар саясатының жүзеге асырылуын қаржыландыру басқа облыстармен салыстырғанда үздік ондықтың ішінде екендігін атап көрсетті.

Баяндамашы аудандардағы ресурстық орталықтардың ауыл жастарын өзге мемлекеттік органдар өткізетін шараларға, соның ішінде флеш-моб ұйымдастырып, өткізуге өткізуге тартатынын, мұның негізгі міндеттерімен айналысуға кедергі келтіретінін айтты.   Мемлекеттік жастар саясатын одан әрі дамыту мақсатында жүргізілген swot-сараптама өңірдегі жастар саясатын жүргізудегі бірқатар кемшіліктерді анықтаған. Олардың ішінде жастар саясаты саласындағы басым бағыттар толықтай айқындалмаған, жобалық қызметтерді іске асыруға қаржы шектеулі, аталмыш басқарманы флеш-моб ұйымдастыратын орган деген түсінік үстемдеу, жастар саясаты мәселелерін шешуге «қалдық» принципімен қараушылық басым. Осының барлығы мемлекетік органға деген сенімді азайтып, әлеуметтік шиеленіске соқтыруы ықтимал. Оның айтуынша, жұмыспен қамту органдарында 5900 адамның жұмыссыз деп ресми тіркелгенін, жастар жұмыссыздығы 4,1 пайызды құрайды. Сондықтан А.Сакошевтің айтуынша, меморгандардың және азаматтық қоғам институттарының өзара үйлесімді жұмыстары арқылы облыс жастарын дамытуға жағдай жасау маңызға ие. Соның ішінде жастар саясаты саласындағы барлық құрылымдардың атаулы және жобалық жұмыстарме айналысуы, жастар және оқушылардың сарайы базасында жастардың үкіметтік емес ұйымдар үшін Коворинг орталықтар ашу, ресурстық орталықтардың базасын күшейтіп, жобалық қызметтерге қаржы бөлу, «Жастардың дамуы үшін жағдай жасау жөніндегі жол картасы» аймақтық карта-жоспарын жасақтау жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды.

- Өңірде экономикалық белсенді жастар саны 8,5 мың шамасында. Өзгесі ше? Жұмыссыз жастар саны 5900, яғни 6 мыңдай, олар немен айналысуда? Жалпы, 145 мың жастың 3,5 пайызы ештеңемен айналыспайды. Міне, біз осы мәселені шешу үшін жұмыстануымыз керек, -деді облыс әкімі Алтай Көлгінов.

Облыстық білім басқармасының басшысының орынбасары Нұрлан Сабыровтың айтуынша, облыс әкімдігі жанында облыстағы кәсіптік білім беруді дамыту мәселелерімен айналысатын өңірлік кеңес жұмыс істейді. Сол кеңеске мүше саналатын әр басқарма өз саласына қандай мамандар қажеттігіне мониторинг жасап, жылдың аяғында ақпарат беруі тиіс. Арнайы комиссия осындай ұсыныстарды ескеріп, мамандар даярлау жөніндегі мемтапсырыстарды колледждерге орналастыруы керек. Өкінішке орай мұндай мониторинг жүргізілмей, бұл шаруаның ақсап отырған жайы бар.  БҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары Самат Хангереевтің де пікірі соған сайды.

Бірқатар аудан басшыларының айтуынша, ауыл-аймақтарда негізінен малшы, механизатор, токарь, бухгалтер мамандары жетіспейді. Орал қаласының әкімі Нарман Төреғалиев  ауылдардағы шаруашылықтарда жұмыс істейтін жұмысшылардың саны ақпараттарда толдық көрсетілмейтінін, сондықтан шаруа қожалықтарын мал санына, жер көлеміне қарай адамдарды жұмыспен қамту нормативін заңдастыру қажеттігін айтты. Жиынға қатысушылардың пікірінше, ауылдарда мал бағушыларға жалақы дұрыс төленбейді, кейбір шаруашылықтар жұмысшыларға зейнетақы төлемдерін аудармайды. Бүл мәселеге салық органдарының жіті қарағандары жөн.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Алтай Көлгінов жастар саясатын жұзеге асыруда меморгандардың бірлесіп жұмыстану керектігін еске салып, сала басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА

«Орал өңірі»

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале