16.03.2018, 11:20
Оқылды: 30

Жастардың бастамасы қолдауға лайық  

zhardem aksiasy 5Көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына облыс жастары да белсенді үлес қосуда. «Жәрдем» көпшілік акциясы аясына біріккен Ақ Жайық жастары Орал қаласы мен аудан-ауылдардағы су басу қаупі бар аумақтарды қардан тазалауда.

Акция шеңберіндегі алғашқы шара 15 наурыз күні Зашаған кентінде өтті. Жастар ұйымдарының мүшелерінен, университеттер мен колледждердің студенттерінен құралған 200 ерікті бас-аяғы бірнеше сағаттың ішінде №6 емхана, №47 орта мектебі айналасын және көшелер бойындағы арықтарды мұнтаздай қылып тазалап шықты.

–  «Жәрдем» көпшілік қар тазалау акциясының басты мақсаты – жастар арасынан еріктілер тарту арқылы жалғызбасты қарияларға, халықтың әлеуметтік осал топтарына ауласындағы қарды шығаруға көмектесу және қала көшелеріндегі су ағатын арықтарды тазалау. Бұл бір жағынан көктемгі су тасқынының алдын алуға қосқан үлес болса, екінші жағынан жастардың бойына патриотизм, ұлтжандылық қасиеттерін сіңіріп, қамқорлық пен жанашырлыққа тәрбиелеуге ықпал етеді, – дейді облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Мержан Әбілқас.

zhardem aksiasy 4Республикалық жоғары техникалық колледжінің 1-курс студенті Аңсар Асқаров (суретте) еріктілер қатарына қуана қосылғанын айтады.

– Облыста биыл қардың мол жауғанын, көктемде су тасқынының қаупі бар екенін білемін. Еліміздің шығысында су тасқынынан халықтың зардап шегіп жатқанынан да хабардармын. Осындай жағдай біздің өңірімізде де орын алмауы үшін үлкен-кіші жұмыла күш қосуы керек, – дейді белсенді жас.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын көктем мезгілінде №6 емхана маңы аяқ алып жүргісіз балшық болып жататын еді. Су ағатын арықтар салынғасын жағдай жақсарды. Ендігі міндет қар ерігенше арықтарды қардан, басқа да қалдықтардан тазалап алу. Әрбір жас туған жерге жәрдемін тигізуден  аянып қалмайды деп ойлаймын, – дейді «Мақсат» медициналық колледжінің 1-курс студенті Алпамыс Жұмажанов (суретте).

«Жас келсе, іске» демекші,  «Жәрдем» акциясы аясында еріктілер қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алынған тізім бойынша жалғызбасты қариялардың аулаларын да қардан тазартпақ. Жастардан үлгі алып, әркім өз ауласы мен үйінің айналасындағы қарды шығарса, су тасқыны қиындық тудырмасы анық.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Фото: Темірболат Тоқмамбет

zhardem aksiasy 3 zhardem aksiasy

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале