15.04.2019, 19:26
Оқылды: 65

Жастарға дәріс оқылып, спорттық жарыс өткізілді

Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық мешітінің ұйымдастыруымен «Жастар және жастардың рухани келбеті» тақырыбында жастармен кездесу өтті.

meshit (1)

Қазақстанның зайырлылық қағидасына сай дін таңдау – әр адамның өз еркінде. Осы еркіндікті дұрыс түсінбейтін жастардың теріс ағымдардың ықпалына түсіп жатқанын айтпай кетуге болмайды. Діни білімі таяз жастар діннің не екенін, оның мақсатының қандай екенін жете түсінбегендіктен де осындай қателіктерге ұрынуда. Әлі оң мен солын танымаған, жақсылық мен жамандықты ажырата алмайтын жастарды теріс ағым өкілдері арам пиғылдарына пайдалануда. Мемлекеттің келешегі жастарға байланысты, сондықтан бұл құбылыс мемлекетке қауіп төндіреді. Аталған кездесу осындай олқылықтардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.

Кездесуге Тәжиден Батырұлы атындағы қалалық мешіттің наиб имамдары  Н.Убаев және М.Мұханғалиев қатысып, ашық сұхбат алаңын құрды. Кездесу барысында қазіргі таңдағы жастардың рухани келбеті, тәрбиенің маңыздылығы мен имандылық, жалған діни ағымдар тақырыптары кеңінен қозғалды.

meshit (2)

Сондай-ақ түсінік жұмыстарынан өзге жастарды ортақ мақсатқа жұмылдыру, татулықты насихаттау, бірлік пен бауырластықты күшейту жолында спорттық шаралар да өткізілуде. Мешіт имамы М.Әбдірахмановтың ұйымдастыруымен сауат ашу курсында дәріс алып жүрген шәкірттер арасында шағын футболдан жарыс өтті.

-Жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық шараларға белсенді қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Күнделікті өмірде де спортпен айналысып жүрген жастар қатары көбеюде. Бұл – болашақта ұрпақтың сау әрі белсенді болатынының айғағы, - дейді ұйымдастырушылар.

Айта кету керек, қос шара да Жастар жылы аясында өткізілді.

Тәжиден Батырұлы атындағы

Орал қалалық мешітінің баспасөз қызметі

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале