27.02.2017, 14:33
Оқылды: 46

"Ата-аналар жеке балабақшалардың төлемақысына наразы" 

 

        Бұл жайлы Орал қалалық білім беру басшысы Жансұлу Төремұратова Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің құқын қорғау бойынша өткен кеңес отырысында айтты.

Жиынды жүргізген кеңес төрағасы Хайдар Қапанов өткен жылы атқарған жұмыстары жөнінде баяндап, жеке балабақшаларды дамыту бағытындағы өз ойын ортаға салды.

Бұдан кейін сөйлеген Орал қалалық білім беру басшысы Жансұлу Төремұратова жеке балабақшалардың дамуы бағытындағы түйткілді мәселелерге тоқталды.

-Мемлекеттік пен жеке балабақшалардағы төлемақының екі түрлі екені белгілі. Мысалы, мемлекеттік балабақшада әр балаға ай сайын 10 000 -12 000 теңгеден төлесе, жеке балабақшаларда 23 000-25 000 теңгеден келеді. Мемлекеттік мекемелерде баланың балабақшаға келмеген күндері ай сайынғы төлемақыдан шегеріледі. Ал жеке балабақшада бала келсе де, келмесе де бір айға 23 000-25 000 теңгесі толық төленеді. Ата-аналар осыған наразы. Жалпы, бізде жеке балабақшаға деген теріс көзқарас қалыптасқан. Кейбір ата-аналар жеке балабақшаға балаларын апаруға келіскендерімен, әдетте «Бізді кезектен шығармаңыздар, кезегіміз келсе, мемлекеттік балабақшаға барамыз» деп өтініштерін айтады. Осы себепті электронды кезекте жеке балабақшаға барып жүрген бүлдіршіндер әлі күнге дейін тұр. Бұған күнделікті дүниеге келіп жатқан жас нәрестелерді қосыңыз. Сонда балабақша кезегінде тұрғандар көп болып көрінеді. Қазіргі таңда балабақша кезегінде 15 000-дай сәби бар. Мұны айтып тұрған себебім, сайт арқылы бала кезегін қарап жүргендер осыны ескерсе деймін, әйтпесе, жұрт кезек неге жылжымайды деп ренжіп жүрер. Іс жүзінде біздің облыс бүлдіршіндерді балабақшамен қамту бойынша (99,7 пайыз) республикада екінші орында тұр, -деген Жансұлу Меңешқызы жеке балабақша қызметкерлеріне әдістемелік көмек көрсетілетінін және оларға көмек ретінде арнайы семинарлардың жиі ұйымдастырылатынын айтты.

Бұдан соң сөйлеген «Жаңа толқын» ЖШС директоры Борис Лаврентьев жеке балабақшаларға қатысты түйткілді мәселелер жөнінде баяндады.

-Мен мемлекеттік-жеке серіктестік тәсілінің аясында жеке кәсібімді бастап, облыс көлемінде мектепке дейінгі ұйым жүйесін аштым. Мемлекеттік тапсырыс нәтижесінде балаларды мектепке дейін тәрбиелеу және оқыту мекемелерінде біз төлемақы бағасын азайтуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда қалада жеке 22 мектепке дейінгі ұйым бар, мұнда 1600 бала тәрбиеленуде. Бұдан бірнеше жыл бұрын облыста небәрі үш мектепке дейінгі мекеме жұмыс істеген, бұларда 400 бала тәрбиеленген еді. Қазіргі таңда тағы бес мектепке дейінгі ұйымды ашу көзделуде. Жеке балабақшалар мемлекеттік балабақшалармен теңбе-тең жағдайда қызмет етуі керек. Бірақ, қазіргі уақытта жеке балабақшаларда медициналық қызметті ұйымдастыру бізге қиын болып отыр. Қаладағы кейбір емханалар жеке балабақшаларда медициналық қызмет көрсетуден қашқақтайды. №1, №5 және №6 емханалар сондайлардың қатарында. Ал, №2, №3 және №4 емханалар жеке балабақшалармен келісімшарт жасады, - деген Борис Лаврентьев қайсыбір емханалардың барлық балабақшалармен бірдей бірігіп жұмыстануға ықылас танытпай отырғанын айтты. Ол сондай-ақ Зеленов ауданының Трекин ауылында тағы бір жеке балабақша құрылысының жоспарланғанын және бұған тиісті қаражат бөлінбей отырғанын жеткізді.

Жиын барысында аталмыш мәселеге қатысты тағы басқа да мамандар сөйлеп, жоғарыда айтылған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатуға тырысты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале