26.04.2018, 18:54
Оқылды: 25

Жемқорлықтың жоғары деңгейі құқық қорғау саласында

finpolБүгін өткен тағы бір баспасөз мәслихатына ҚР  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов, осы агенттіктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев жәнеҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының облыс бойынша филиалының директоры Жанболат Даухарин қатысты.

Алдымен Болат Әлмұқанұлы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамамен таныстырды. Бұл ұлттық баяндамада еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының даму кезеңдері, сыбайлас жемқорлықтың ұлттық және халықаралық деңгейлердегі жай-күйі мен таралу деңгейлері, жемқорлықтың алдын-алудағы шаралар мен оған қарсы күресудегі қоғамның рөлі, жең ұшынан жалғасқан бұл қылмысқа қарсы саясат пен заңнаманың даму мүмкіндіктері мен болашағы сипатталған. Баяндаманың  бес бөліміне жеке-жеке тоқталған Болат Әлмұқанұлының айтуынша, осы құжат шеңберінде мемлекеттік органдар және квазимемлекеттік секторларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге бағытталған ұсынымдар әзірленген.

Рустам Ақмырзаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыс бойынша департаментінің 3 ай жұмыс қорытындысы жөнінде мәлімет берді. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар бойынша 25 қылмыстық іс орын алып, оның 22-сін департамент қызметкерлері анықтаған. Өндірістегі қылмытық істердің 30 пайызынан көбі бюджет қаражатын ұрлау дерегі, ал жартысы пара алу бойынша тіркелген.

- Департамент ағымдағы жылдың 6 наурызында «БҚО бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті» РММ-ның бөлім басшысы Ермекқалиеваның «БҚО дін істері бойынша басқармасы» ММ қызметін аудиттеу барысында экстремистік дінге әне терроризмге қарсы тұруға мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын игеру бойынша оң нәтижелі акті үшін 200,0 мың теңге пара алу жайын анықтады. 13 сәуір күні Орал қалалық сотының үкімімен Ермекқалиева кінәлі болып танылды және мемлекеттік қызметте, жергілікті басқару органында лауазымды атқарудан өмір бойына айырылып, 12,0 млн теңге сомасында айыппұл түрінде жаза қолданылды. Сондай-ақ пара берудің бастамашысы болып «БҚО дін істері бойынша басқармасы» ММ басшысы Гизатов танылды. Оған да осындай айып тағылып, 6,0 млн теңге сомасында айыппұл түрінде жаза қолданылды, - деді Рустам Сапарбекұлы.

Өткен үш ай ішінде облыста 14 тұлға сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасаған күдіктілер болып танылған. Сыбайлас жемқорлық бойынша әкімият және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлеріне қатысты 9 қылмыстық іс (6 тұлға күдікті болып танылған) болса, ІІМ жүйесі қызметкерлеріне қатысты 5 қылмыстық іс (3 тұлға күдікті) анықталды. Квазимемлекеттік сектор кәсіпорнының 2 қызметкері екі қылмыс жасаған. Баяндамашы айтып өткендей, аймақтағы сыбайлас жемқорлықтың жоғары  деңгейі құқық қорғау органдарында сақталып отыр. Биылдыққа қылмыстық жауапкершілікке 6 ішкі істер органы қызметкері тартылған.

Баяндамашның айтуынша, сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтар туралы хабарлаған немесе өзге де жолмен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте жәрдем көрсеткен     қазақстандықтар біржолғы ақшалай жәрдемақы түрінде сыйақыға үміттене алады. Оның мөлшері 30-50 АЕК арасында. 2016 жылдан бері 24 тұлғаға  3,4 млн теңге төленген. Сонымен қатар пара беретіні туралы ерікті түрде хабарлаған тұлға қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясына 1 наурыздан бастап құжаттар қабылау басталған. Жанболат Даухарин академияда екі бағытта, яғни мемлекеттік қызметкерлерге  және ақылы оқуға мүмкіншілік бар екенін айтты. Онда төрт жаңа бағыт ашылған. Бір және екі жылдық магистратура, 4 бағыт бойынша оқытатын доктарантура бар. Онда оқуға түсу үшін міндетті түрде шетел тілін білу қажет. Бүгінде облыстағы мемлекеттік құрлымдарда осы академияның 17 түлегі қызмет етіп жүр.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале